Accessibility links

Долинка түрмесіне қатысты дау адам құқын қорғаушыларды жанжалдастырып қойды


АК 159/6 түзеу мекемесі. Қарағанды облысы, Долинка елді мекені. 21 мамыр 2010 жыл.
АК 159/6 түзеу мекемесі. Қарағанды облысы, Долинка елді мекені. 21 мамыр 2010 жыл.

Интернетте қазақ түрмесінің қызметкері тұтқынды соққыға жықты деп сипатталған бейнетаспа жарияланды. Бұл сәтте адам құқығын қорғаушы Вадим Курамшин өзінің бірқатар әріптестерін түрмедегі зорлық-зомбылыққа әдейі назар салмай отыр деп айыптады.


КҮДІКТІ БЕЙНЕТАСПА

«Қызыл жастар авангарды» бейресми қозғалысының өкілі Андрей Цукановтың Азаттық тілшісіне хабарлауынша, әлемдік ғаламторда пайда болған бейнетаспаны оған Қарағанды облысындағы Долинка қыстағына жақын маңдағы түрмедегілер жолдаған. Ресми түрде түрме AK-159/6 мекемесі деп аталады. Ал, Долинкада кезінде Карлаг түрмесі орналасқаны белгілі.

Андрей Цуканов бейнетаспада әлдекімді жуан тоқпақпен сабап, тепкінің астына алып жатқан кісіні полиция қызметкері деп отыр. Шын мәнінде полиция қызметкерінің киіміндегі кісінің бейнетаспада бет-әлпеті анық көрінбейді. Бұған қоса таспаға қарап отырып бұл қай түрме екендігін айыру қиын болып отыр. Цуканов болса «бұл оқиға 2010 жылы 27 мамырда таңертең түсірілген» деп есептейді. Оның айтуынша, соққыға жығылған адам - AK-159/6 мекемесінде қамауда отырған Евгений Карауш.

Сөз болып отырған түрменің басшысы Қайрат Сарин, мамырдың 31-күні Азаттық радиосына берген сұхбатында, жанжал туғызған бейнетаспаны «жалған» деп атады.

– Мен ол бейнетаспаны көрген жоқпын, бірақ ол туралы естідім. Маған ондағы кісілердің түрі бұлыңғырланып кім екендерін тану мүмкін еместігін, бұған қоса оқиға біздің мекеменің аймағында түсірілмегендігін жеткізді. Менің ойымша, мұны тағы бір арандатушылыққа жатқызуға болады, – деді Қайрат Сарин.

Соңғы кездері AK-159/6 түрмесіне қатысты туындаған дау-жанжал басылар емес. Биылғы мамырдың 22-і күні адам құқын қорғаушы Вадим Курамшин осы мекемеге бір топ журналистерді ертіп әкеліп, түрмеде қамауда отырғандардың жаппай наразылығы туралы хабарлаған-ды. Алайда Қазақстандағы басқа да адам құқын қорғаушылар, түрмеде ондай оқиға болмағандығын мәлімдеп, Курамшиннің өзін жалған ақпар берді деп айыптады. Қазақстанда бұрын-соңды мұндай дау-дамай болмаған еді.

АШТЫҚ ТӨҢІРЕГІНДЕГІ АҚПАРАТТЫҚ МАЙДАН

Андрей Цукановтың айтуынша, Вадим Курамшин тұтқындарды аштықтан бас тартуға көндірген, мұның алдында ғана ол аштық туралы хат таратқан. Бұған қоса Цуканов түрме әкімшілігі аштық акциясын жасырып бағуға тырысқанымен, мекеменің бір қызметкері
Вадим Курамшин түрме есігінің алдында. Қарағанды облысы, Долинка елді мекені, 21 мамыр 2010 жыл.
журналистерге тұтқындар тамақтанудан жаппай бас тартып жатыр деп айтып қойған дейді.

Андрей Цуканов түрме басшылығы Вадим Курамшинді мекемеге жолатқысы келмейтіндігін, бірақ қарағандылық адам құқын қорғаушы Анатолий Киммен жұмыс істегенді жөн көретіндігін мәлімдеп отыр. Соңғысы ҚазТАГ агенттігіне түрмеде ешқандай аштық болмаған деген мәлімет таратқан еді. Курамшин болса Кимді және оның басқа да әріптестерін түрме басшылығының іс-әрекетін бүркемелеп келеді деп айыптады.

Осындай қарама-қайшы мәліметтерді берген адам құқын қорғаушылар ендігі жерде бірін-бірі айыптап, ақпараттық соғысты бастады. Адам құқын қорғау жөніндегі қазақстандық бюроның Қарағандыдағы бөлімшесіне Анар Ыбраева басшылық ететін Астана бөлімшесі қосылған.

Анар Ыбраеваның өзі Азаттық радиосына берген сұхбатында өздеріне Вадим Курамшиннің таққан айыптарының барлығын жоққа шығарды. Оның айтуынша, «бюроның Астанадағы филиалы түрлі мемлекеттік органдарға, бұған қоса сотқа Вадим Курамшинді уақытынан бұрын босатуды сұрап бірнеше мәрте өтініш берген».

Вадим Курамшинді қолдаушылар – «Қызыл жастар авангарды» бейресми қозғалысы және «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің өкілдері дүйсенбі күні түстен кейін Астанада баспасөз мәслихатын өткізді. Олар журналистерге интернетте жарияланған бейнетаспаны да көрсетіп берді. Бұған қоса, ұйым өкілдері түрмедегі жағдайға байланысты тәуелсіз тексеру жүргізіліуін сұрап отыр.
XS
SM
MD
LG