Accessibility links

«Нұр Отан» үшін отқа түс – күймейсің, суға түс – өлмейсің


"Нұр Отан" партиясының Астанадағы орталық кеңсесі.
"Нұр Отан" партиясының Астанадағы орталық кеңсесі.
Басқа жұртты қайдам, маған ауылдағы жергілікті билік өкілдері іші пысқанда тамның артындағы күлге күніне он рет аунап, сайдағы өзенге барып шөлін қандырып келуге ерініп жатқан құлағы ұзын жануарды елестетеді.

Ал орталықтан «Нұрлы партияның өкілдері жиналыс өткізбек екен» деген хабар жетсе, әлгі немқұрайлықтары құмға сіңген судай бір пәсте жоқ болып кетеді. Жалпы, күллі Қазақстанда осы партияға мүше емес әкімдер жоқ шығар. Біздің ауылдың әкімінің басы таз емес – сондықтан ол да осы партияның қатарында.

Мұның бәрін неге айтып жатыр дейсіздер ғой? Осыдан бірнеше жыл бұрын жұмыс бабымен ауылға барғанымда тұрғындар «Нұр Отан» партиясының жақында ғана өткен бір жиналысын әңгіме етіп жүр екен. Енді... басқаларға қарағанда бұл партияның қолы ұзын ғой – барамын деген жеріне барады, аламын дегенін алады. Алайда әңгіме мұнда емес.

«Нұр Отанның» жиналысына дайындық жүріп жатқан кезде Күләш Алтынбекова деген ауыл тұрғынының баласы соқырішегі түйіліп, өліп кете жаздапты. Осы жерде «Күләш апайыңның ауырып жатқан баласына «Нұр Отанның» қандай қатысы бар?» деп сұрауыңыз мүмкін. Қатысы бар! Бар болғанда қандай! Өйткені, бұл партияның белсенділері (облыстық па, әлде аудандық па – білмеймін) немесе белді мүшелері біздің ауылға келіп жиналыс өткізетінін тура 3 сағат қалғанда хабарлапты.

Бұл тым аз уақыт. Үш сағаттың ішінде жалғыз әкім неге үлгереді? Үш бөлмелі кішкентай ғана әкімшілік ғимаратын жөнге келтіре ме, әлде жиналысқа қатысатын ауыл тұрғындарын жинай ма? Одан бөлек орталықтан ат терлетіп келе жатқан сыйлы қонақтардың жағдайын жасау керек. Бір қой сойылып, дастарханға бас қойылмаса, несіне әкім болып жүр?

Сол күні қас қылғандай ауылдың таксистері де «клиент жоқ» деп аудан орталығынан қайтпай қалған. Ал әкімнің «Нивасы» күзден бері бұзылып тұр. Біздің ауылдың ақсақалдары да шетінен қырсық қой, әкімнің «әкімшілікке жиналыңдар» деген ауызша сәлеміне өліп кетсе де келмейді.

Ал дәл солай жасайтын болса:

– Атаңның аузын ұрайын, мен не ерігіп жатырмын ба? Әлде маған бірдемесін өткізіп қойып па? «Нұр Отан» дейді ғой! «Нұр Отан» болса – өзіне «Нұр Отан». Маған бұл партияның да, оның басшысының да жақсылығы өткен емес. Пенсияны немістермен соғысқаным үшін алып отырмын, – деген сөздер міндетті түрде айтылады. Ал ашуға мінгендері жиналысқа әдейі қатысып, әкімнің жүйкесін жұқартуы мүмкін.

Сондықтан, әкім мұндай күндері өзінің лауазымын, қызметін уақытша ұмытады. Ауылдағы әр ақсақалдың үйіне иіліп кіріп, әрқайсысына кемінде 5-10 минут уақыт бөлуі қажет. Шалдардың көңілін аулау үшін:

– Осы партия да бәле болды! Келеді, кетеді – бірақ ешқандай пайдасы жоқ. Енді ауданның әкімі айтып отырған соң біз қайда барамыз. Ақсақал, ауыз суды айтып неғыласыз? Олар бәрібір ештеңе шешпейді. Мен аудан басшысына айтып қойғанмын, ол облыс әкіміне айтса керек. Ендігі жылы ақша бөлінейін деп жатқан сияқты, – деген жылы сөздерді айтып қояды.

Ауылда осындай жанталас болып жатқан кезде Күләш апай қырға шығып (қырдың басына шыққанда ғана сотка ұстайды), таң атқалы оң жақ бүйірін ұстап бүктеліп жатқан баласына аудан орталығынан жедел жәрдем шақыртады. Орталықтан біздің ауылға дейін – тура 60 шақырым. Екі ортаның жолы совет үкіметі күйрегелі бері жөнделмеген. Әлгі «Скори» 3 сағаттың ішінде әрең жетеді.

«Жолы болар жігіттің жеңгесі шығар алдынан» деген сөз осындайда айтылатын шығар. Әкім ауылға кіріп келе жатқан жедел жәрдем көлігін тоқтатып, «екі сағаттан соң «Нұр Отанның» жиналысы болайын деп жатыр, тез арада ауыл тұрғындарын жинау керек» дейді ғой.

– Ойбай, ағай, біз мына жақта хәл үстінде жатқан адамды алып кетуге келгенбіз, – дейді медбике.

– Сендерді кім шақыртты?

– Алтынбекова Күләш.

– Оған не бәле көрініпті? Кеше ғана қақшаңдап жүр еді ғой.

– Білмеймін, ағай, баласы ауырып жатыр екен.

– Әй, қарындас, оның баласын сен де, мен де ауыртқан жоқпыз. Орталықтан сыйлы қонақтар келе жатыр. Қазір тез-тез тұрғындарды жинап болған соң барасыңдар, – дейді әкім.

Сөйтіп, ауданнан келген жедел жәрдем жиналысқа қатысатын адамдарды жинауға кіріседі. «Ақ халатты абзал жандардың басты міндеті – сырқат адамға тез арада көмек көрсету» дегенді бәріміз білеміз ғой. Бірақ әкімнің өзі айтып тұрса, одан соң «Нұр Отан» партиясының жиналысы өтейін деп жатса, Гиппократқа берген антты да уақытша ұмыта тұрса болады. Оған қоса Гиппократ – әкім емес, «Нұр Отан» емес. «Маған берген антыңды бұздың» деп ешкімді жазаламайды.

Содан не керек – әкім екі сағаттың ішінде әрең дегенде орталықтан келе жатқан сыйлы қонақтарға қыңыр сұрақ қоймайтын, олардың сөзін бел ортасынан бөліп, «ауылымызға су керек, телефон байланысы керек, ең құрығында – кішкентай медпункт салып беріңдерші» деп айтпайтын тұрғындарды таңдап жүріп жинайды.

Үш сағат жолда жүрген, әкімнің бұйрығымен екі сағат ауылда жүрген жедел жәрдем түс қайта Күләштің үйіне де жетеді. Ақ халаттылар баланы тексеріп:

– Мынау – соқырішектің белгісі. Тез арада ауруханаға жеткізу керек, – деп, науқасты өздерімен бірге алып кетеді.

Әлгі «Нұр Отанның» жиналысында не айтылғанын, қандай мәселе қозғалғанын білмеймін. Ал Күләш апайдың баласы ауруханаға аман-есен жетіпті. Расында да соқырішегі түйілген екен. Дәрігерлер дереу операция үстеліне жатқызыпты.

Бұл әңгімені Күләш Алтынбекованың өз аузынан естігілеріңіз келсе, мына видеоны көріңіздер.

boltaie@gmail.com
XS
SM
MD
LG