Accessibility links

Жалақыға қатысты уәденің орындалмағанын айтып, мұнайшылар тағы да ереуілге шықты


«Доссормұнайгаз» кәсіпорны операторы Ләззат Мырзабаева жұмысшылардың еңбекақы төлеміне қатысты талаптарын айтып тұр. Мақат ауданы, Атырау облысы, 1 шiлде 2010 жыл.
«Доссормұнайгаз» кәсіпорны операторы Ләззат Мырзабаева жұмысшылардың еңбекақы төлеміне қатысты талаптарын айтып тұр. Мақат ауданы, Атырау облысы, 1 шiлде 2010 жыл.

Атырау мен Жаңаөзендегі мұнайшылар тағы ереуілге шықты. Олар «Қазмұнайгаз» Барлау Өндіру компаниясы жалақыны өсіру туралы уәдесін орындамады деп шағым айтты. Ембілік мұнайшылар «Доссормұнайгаз» өндіріс филиалы директорының жұмыстан кетуін талап етіп отыр.


«ҰЯТЫҢЫЗ ҚАЙДА?»

Шілденің 1-і күні таңертеңгі сағат 9.30-да «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалы құрамындағы «Доссормұнайгаз» кәсіпорнына қарасты Шығыс Мақат, Жолдыбай, Ботақан, Қарсақ кен орындары мұнайшылары Мақат кентіндегі көлік гаражына жиналды. Мұнайшылар бұрынғы тарифтік жүйені сақтауды, аймақтық коэффициентті жалақыдан тыс енгізуді, сыйақы көлемін кемітпеуді талап етті.

Шығыс Мақат кен орнының 3-разрядты операторы Ләззат Мырзабаева басқарманың жоспарлау бөлімі дайындаған жаңа жүйеге жұмысшылардың талдау жасап көргенін айтты.

– Бізге қосымша келісімге қол қоюды ұсынады. Бірақ ол бізге тиімсіз. Өйткені, мен бұрынғы тарифтік жүйеге сәйкес аудандық
«Доссормұнайгаз» басқармасының бастығы Қадырқожа Қуанышов. Мақат ауданы, Атырау облысы, 1 шілде 2010 жыл.
коэффициентті қосқанда 268 мың теңге алсам, жаңа жүйе бойынша 140 мың теңге алатын боламын, – дейді ол.

Жиналғандардың арасындағы тағы бір оператор Бақытгүл Сегізәлиева өз шағымдарына екі айдан астам уақыт бойы жауап ала алмай жүргендерін айтады.

– «Доссормұнайгаздағы» барлық мұнайшыларды тізімдеп, кімде қанша несие бар екені сұрап, «қол қойсаңдар, несиелеріңді жауып береміз, разрядтарыңды өсіреміз» деген жалған уәде бере бастады. Ал бізді бүгін ереуілге шығуға итермелеген – «Доссормұнайгаз» өндіру басқармасы директоры Қыдырқожа Қуанышовтың «шілденің 1 күні сағат 10-ға дейін қосымша келісімге қол қоймағандар жұмыстан босайды» деген жарлығы болып отыр,– деді Бақытгүл Сегізәлиева.

Бірнеше сағаттан соң мұнайшылар жиналған жерге келген Қыдырқожа Қуанышов мұндай әңгіменің болмағанын айтып, ант-су ішті. Ол өзін айнала қаумалаған мұнайшылардың: «Мұныңыз не, ұятыңыз қайда?» деген сөзіне де мардымды жауап айта алған жоқ.

УӘДЕЛІ АҚШАНЫҢ ОРНЫНА СҮТ БЕРІЛЕДІ

Жиналған мұнайшылар Азаттық тілшісіне «Доссормұнайгазда» тамыр-таныстықтың салдарынан етек алып отырған бірнеше жағдайларды баян етті.

Оператор Мереке Болатов өткен айда мұнай қазандарын тазалағандарға 17 мың теңге беріледі деген соң бес адамның улы
«Доссормұнайгаз» кәсіпорнының операторы Мереке Болатов. Мақат ауданы, Атырау облысы, 1 шілде 2010 жыл.
қазандарды тазалағандарын айтады. Мұнайшылардың айтуынша әр қазанды тазалауға 8 миллион теңге ақша бөлінген.

– Мен бірінші болып кірдім қазанға. Бірақ осы күнге дейін бір тиын да төленген жоқ, – дейді Мереке Болатов.

Бұл туралы Азаттық тілшісінің сауалына «Доссормұнайгаз» бастығы Қадырқожа Қуанышов: «Қазанға бөлінген ақша жоқ, ал оның улылығы үшін сүт беріледі» деп жауап берді.

Ал Данияр Хайруллин есімді жас жігіт кәсіпорын өзін маусымның 7-і күні Атырауға білім көтеру оқуына іссапарға жібергенін, бірақ 5 күн бойы тиісті ақша аударылмағандықтан әрі қалада жататын орны, ішетін тамағы болмай кері қайтуға мәжбүр болғанын айтады. Оны «себепсіз жұмыстан қалды» деген негізбен жұмыстан босатқан.

Мұнайшылардың тағы бірі Елубай Төлендиев еңбек құқығының бұзылғанын айтады.

– 11 айдан соң не демалыс бермей, еңбек шартың бітті деп жұмыстан шығарып жіберді. Мен бір де бір рет жұмыстан қалған емеспін, – дейді Елубай Төлендиев.

Ал канализация қоқыстарын тасумен айналысатын жұмысшылар көлікке қажетті құрал-саймандарды өз ақшаларына сатып алып жүргендеріне шағымданады.

Бұл айтылған жайттарға қатысты Мақат ауданы прокуроры Хабиболла Дәуешов азаматтардың арыздары қабылданып, тиісті шешім шығаратынын айтты.


«КОЭФФИЦИЕНТКЕ ТЕК ПРЕЗИДЕНТТІҢ ӘЛІ КЕЛЕДІ»

Жұмысшылар наразылығын басуға Мақат ауданының прокуроры мен аудандық ішкі істер басқармасының бастығы, ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдері келді.

Прокурор Хабиболла Дәуешов жиналғандарға әрекеттерінің заңсыз екендігін ескерткенімен, мұнайшылар жамырай айқайлап, наразылықтарын күшейте түсті. Олар мамырдың соңынан бері жұмыстың тоқтатылатыны жайлы ескерту жасағандарын алға тартты.
«Доссормұнайгаз» кәсіпорны жұмысшылары еңбекақы төлеміне қатысты наразылық жиынында. Мақат ауданы, Атырау облысы, 1 шiлде 2010 жыл.
Тек оған маусымның 4-інде «Қазмұнайгаз» БӨ компаниясына келіп түскен жалақының 25 пайызға көбейтілетіні, салалық және аймақтық коэффициенттердің төленетіні жайлы ақпараттың тұсау болып келгенін мәлімдеді.

– Неге жаңаөзендіктер наразылық білдіргенде келісім комиссиясы құрылып, оларға салалық және аймақтық коэффициенттер төлене бастады? Сонда талап қоюға келгенде олардың құқы бар да, бізде болмағаны ма? Олар тіпті Бағытқали Бисекенді де орнынан алып тастаған жоқ па? Сонда біз өз талабымызды естірту үшін не істеуіміз керек? – дейді мұнайшылар.

Шығыс Мақат кенішінің жүргізушісі Ұзақбай Жұбанғалиев аймақтық коэффицентті алып тастауға тек Қазақстан президентінің ғана әлі келеді деп мәлімдеді.

– Біз «сендерге аймақтық коэффициент төлемейміз» деген Назарбаевтың бұйрығы болмаса басқа жарлықтарды тыңдамаймыз. Бізді осындай ереуілге итермелеп отырған – «Қазмұнайгаз» басшылары, – деді ол.

Мұнайшылар прокурорға үш күн бойына жұмысқа шықпайтындарын мәлімдеді. Ал аудан прокуроры Хабиболла Дәуешов олардың талаптарын үш күн ішінде қарап, шешім қабылдайтынын айтты.

ҮШ КҮНГЕ МҰРСАТ

Бейсенбі күні кешке Азаттық тілшісімен хабарласқан мақаттық мұнайшылар өздерінің бүгінгі шеруде айтылған талаптарын арнайы хаттамаға түсіріп, өз араларынан бірнеше белсендіні сайлағандарын жеткізді.

– Біз жалақының тарифтік жүйесіне тиіспеуді және «Ембімұнайгаз» өндірістік филалы басшысы Ізмұхан Баймұхановтың, «Доссормұнайгаз» басқармасының бастығы Қыдырқожа Қуанышовтың, компания кеңсесін отбасылық жүйеге айналдырған кадр бөлімі бастығы Сәуле Нұрсейітованың, жоспарлау және бюджеттік бөлім бастығы Света Нұрсейітованың, жер асты жөндеу учаскесі бастығы Марал Нұрсейітовтың жұмыстан кетуін талап етеміз, – деп хабарлады мұнайшылар Азаттық тілшісіне.

Мұнайшылар талаптарын орындауға үш күн уақыт бар. Егер мәселе тағы сөзбұйдаға салынса, ұңғымаларды тоқтатуға тура келеді деп мәлімдеді. Қазір мұнайшылар «Доссормұнайгаз» басқармасында жұмыстың ішінара тоқтағанын, әзірге мұнайды қыздырып айдайтын арнайы техникалардың жұмысқа шықпай отырғанын хабарлады.

Тағы бір айта кетерлік жайт, бейсенбі күні мұнайшылар жиынына Азаттық тілшісі мініп барған көлік жүргізушісін – вахталық демалыстағы оператор Думан Мадияровты қалалық ішкі істер бөліміне шақырып, «Азаттық тілшісі мұнайшылармен не жөнінде сөйлесті?» деп сұрақтың астына алғаны белгілі болды.

«ҚАЗМҰНАЙГАЗ» БАРЛАУ ӨНДІРУ» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ТҮСІНІКТЕМЕСІ

Бұған дейін «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы баспасөз қызметі «Өзенмұнайгаз» және «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалдары жұмысшыларының еңбекақысын ұлғайтуды көздейтін жаңа өзгерістер болатыны туралы хабарлаған еді.

«Өзгерістер осы жылдың 1 шілдесінен бастап жұмыскер өз еңбек шартына қосымша келісімге қол қойғаннан кейін ғана күшіне енеді. Егер жұмысшы болатын өзгерістермен келіспей, қосымша келісімге қол қоймаса, онда еңбекке ақы төлеу осы уақыттағы еңбек шартына сәйкес жүргізіледі. Бүгінгі күні ӨМГ ӨФ еңбек ұжымының 80%-ға жуығы және ЕМГ ӨФ жұмыскерлерінің 83%-ға жуығы қосымша келісімге қол қойды» делінген баспасөз мәлімдесінде.

Сонымен қатар «Қазмұнайгаз» компаниясы «қосымша келісімге қол қойылған жағдайда, филиалдардың өндірістік қызметкерлерінің еңбекақысын салалық 1,8 коэффициентімен есептеп өсіруге, сонымен бірге аумақтық (аудандық) 1,7 коэффициенті сақтауға» уәде берген еді.

ЖАҢӨЗЕНДІКТЕР ДЕ ЖҰМЫСҚА ШЫҚПАДЫ

Шілденің 1-і күні Атыраулық мұнайшылар ереуілдеп жатқанда жалақыға байланысты талаппен Жаңаөзенде де жұмысшылар автобус аялдамасына жиналды. Мұнайшылар бұл күні сағат 16.00-ға дейін жұмысқа шыққан жоқ.

– Біздердің басты талабымыз – қосымша келісімдегі жалақы жүйесін тарифтік жүйеге алмастыру еді. Ал түстен кейін талабымыз орындалатыны туралы уәде етілген соң жұмысқа шықтық, дегенмен күдігіміз сейілер емес, – деді оператор Естай Қарашаев Азаттық тілшісіне.
XS
SM
MD
LG