Accessibility links

Обама Таяу Шығысты бейбіт келіссөздерге шақырды


АҚШ президенті Барак Обама сейсенбі күні алдағы үш ай ішінде израилдіктер мен палестиналықтарды бейбіт келіссөздерді қайтадан бастауға шақырды.

Ақ үйде Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхуды қабылдағаннан кейін брифинг өткізген Обама Тель-Авив бұл келіссөздерге ерекше мән беріп отыр деп мәлімдеді. АҚШ президентінің пікірінше, екі жақты келіссөздер қыркүйек айына дейін басталуы керек. Обама бұған қоса Газа секторында қалыптасқан жағдайды «ілгері дамушылық» деп сипаттап, Израилдің тауар тасымалына рұқсат беруін жоғары бағалады.

Обама мен Нетаньяху екі мемлекет арасында келіспеушіліктер бар дегенді жоққа шығарды.

Кездесу барысында Нетаньяху Иран ядролық бағдарламасы Израилге қауіпті деп атап, АҚШ-тың Теһранға қарсы жаңа санкциялары үшін рақмет айтты, бұған қоса басқа да елдерді «аса қатаң» шаралар қолдануға шақырды. Обама Вашингтон Иранға қысым көрсетуін тоқтатпайды деп мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG