Accessibility links

Ауылдағы әңгіме


Еңбек және әлеуметтік қорғау министріне ұсыныстарын жазып жатқан тұрғындар. Талдықорған, 2010 жылдың шілдесі..
Еңбек және әлеуметтік қорғау министріне ұсыныстарын жазып жатқан тұрғындар. Талдықорған, 2010 жылдың шілдесі..
Бұл ауыл Алматыдан елу шақырым жерде ғана. Таяқ тастам, тиіп тұр.

Бірақ ауылда интернет түгілі, телефон автоматы да жоқ. Бір мектеп, төрт-бес дүкен бар. Айтпақшы, зейнетақы, балаларға жәрдемақы беретін пошта бар. Басқа мәдени-рухани ошақ дегендеріңіздің ізі де жоқ.

Ауыл тұрғындары нағыз ұлттар лабораториясы – қазақтар, күрдтер, түріктер, орыстар тағы да бар деймін... Бұл менің жездемнің ауылы. Әлбетте, барып тұрамыз.

Бір демалыста бара қалдық. Табиғи сүт қосқан шай ішіп отырмыз (қаладағы дүкеннің сүті немесе су қосқан сұйық сүт қой) Әңгіме қызды-қыздымен ауылдың мектебіне барды. Әпкем:

– Екінші ұл бастауышты бітірді деп алашапқын болдық. Бұған (сол шекесіндегі орайын сипап ыржиып тұрған шикі сары жиенді нұсқап) ақ костюм, ақ бәтіңке алып бердік. Кластастарымен бірге естелікке деп қатты қағазға жапсырған суретін шығарттық. Мұғаліміне алтынан жүзік, сырға салдық, дастархан жайдық. Сөйтіп, жиған-тергенімізді тағы шаштық, – деді.

Сол арада біздің үйдегі кісі әңгімеге кірісті:

– Мектеп бітіріп жатқан жоқ, титтей балаларға винетканың не керегі бар? Мұғалімге неге сыйлық бересіздер? Ол пара ғой.

Сол жерде апайым:

– Ойбу, қарғам, бұл бер жағы. Былтыры бір топ қатын облысқа арыз жазып, «мектептің ремонтына ақша жинайды, оны ата-аналарға жасатады» деп жүріп тоқтатып, көзіміз ашылды. Әйтпесе ала жаздай мектептен шықпаушы едік, – деді.

Біздің бәйбіше тағы сөзге араласты.

– Министрліктен мектептің ремонтын былай қойғанда, балаларға тегін берілетін әр тамақтың атына дейін тізіліп, бекітіліп, мектептің еден жуатын шүберегіне дейін ақша бөлінеді. Онда директор ақша жеп келген ғой. Сіздер мұны министрдің блогына жазсаңыздар бірден шешеді, – деп бір қайырды.

Әпкем мектептің әңгімесін тіпті жандырып жіберді:

–Оны қойып, анау біздің құрдастың әйелі жаздай жұмыс істеп, күзде диплом сатып алды да, күні бүгінге дейін мұғалім болып шапқылап жүр. Ана орта көшеде тұратын, жыртығын жамай алмай отырған бір келіншек диплом сатып алып, еңбек сабағынан беріп жүр. Былтыры тағы бір топ қатын «ойбай, пәленше дипломды сатып алған, соны жазамыз жоғарыға» деп қол қойдырып әкеткен. Сөйтсек, әлгі «еңбекші» келіншектің үстінен жазыпты. Бір күні әлгі қатын келіп: «Менің үстімнен жазылған арызға қол қойыпсыңдар. Ақшасын бердім де қайта келдім орныма – ал аспандарыңды түсіріп жіберіңдер» деп шаптығып кеткен. Әлі ренжіп жүр. Жазсаң да, айтсаң да бәрібір – ертесінде парасын ұстатып жылы орнына қайта келеді, – деп әңгіменің ұшығынан шықты.

Бүйткен болашаққа сеніп жүрген, әй, менде де Құдай сүйер қылық жоқ. Басқасын қойшы, 2030-дан ұят болды ғой?! Енді қайттік?

abdihalyh.imanjusyp.omirjan@gmail.com
XS
SM
MD
LG