Accessibility links

«Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? – 2»


Байқоңыр ғарыш айлағының маңында жатқан тозған бәтіңке. 31 наурыз 2010 жыл.
Байқоңыр ғарыш айлағының маңында жатқан тозған бәтіңке. 31 наурыз 2010 жыл.
Қазақ – ерекше халық. Әрине, құдайдың нұрынан бітті деп отырған жоқпын, көргенімді айтамын да.

Тарих көшінде жұртта қалған жетім бала сияқты – біреудің артына мінгесе кетіп, қамшымен бір тартып түсіріп тастағанша бір белге дейін жетіп алады.

Бір ғасырда феодализмнен өте шықты, коммунизмде өмір сүріп, капитализмге ілікті. КСРО тарап, әркім өз бетімен кеткен кезде «тәуелсіздікті» ала салды. Өркениетке жеттік деген жұрттардың өзі ол жолда талай ғасыр жүруші еді, біздікі – «дайын асқа – тік қасық».

Қазақ 21-ғасырда өмір сүрсе де, ойлау ерекшелігі – көшпенді замандыкі. «Жеті атасын білмеген – жетесіз» деген мақалды эпиграф етіп алып, әркім өз руының шежіресін шығарады. Сол шежірені өздері сатып алып, төрде тұрған (ешқашан оқылмайтын, анда-санда шаңын сүрте салатын) Құранның қасына апарып қояды. Арғы аталарынан бір батыр, бір шешенді қоярда-қоймай жүріп тауып алып, солардың құрметіне ат шаптырып, көкпар тарттырып той жасайды. Кез-келген тойында «Ата-баба дәстүрін жаңғыртайық!» деген ұран көтеріп, этнографиялық кітаптарды, газет-журналдарды ақтарып, заты жоқ та аты бар ырым-тыйым, салт-жоралғыларды тықпалап, театрландырылған қойылым қойып жібереді.

Жиырма жылдан бері бітпейтін «Тіл» деген жырлары тағы бар. Билеушілері «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін!» деген «ұлы» ұран айтып, «алдағы он жылда тілдеріңді дамытудың бағыт-бағдарын жасап жатырмыз» деп алдаусыратып қояды. Қазақ бір-бірімен қазақша сөйлеседі-ақ, бірақ араларына қазақ емес біреу келіп қалса, бәрі соның қолын алып, соның тілінде сайрап кетеді. «Қазақтың жауы – қазақ», «Қазақ десең, өзіңе тиеді» деген мақалын орыс та, кәріс те... бәрі біледі.

Қазақ тілі қазағы көп аймақтарда, Шымкент пен Қызылордада, Маңғыстауда ғана салтанат құрады. Ірі қаладан іздесеңіз, Алматының іргесіндегі саман кірпіштен соғылған, трактор күреп тастаған қоржынтамдардың астынан, тозған поездың бір төсекке бес адам таласқан тар вагондарынан ғана естіледі. Қымбат мейрамхананы, сапалы киім сататын дүкендерді, ұшқыр ұшақтарды – байлық жүрген жақты, бақуатты өмір сүрген жақты жерсінбейді қазақ тілі.

Жерінің асты-үстіндегі байлығын ұры ит талап, сұқ ит жалап, өздері жағалаудағы жарық астауды малданып отырса да, қазақ «рухани әңгімелерге» аса бейім келеді. Ондай кезде жер жүзінде қазақтан өнерлі, қазақтан білімді халық жоқ екенін айтады. Алтайдан Атырауға дейінгі жерді аталарының қандай ерлікпен қорғап қалғандарын сөз қылады. Ақыры Шыңғысхан мен Аттиланы бірі «қазақ» деп, енді бірі «қазақ емес» деп, өзді-өзі қырық пышақ болып тарқасады.

Енді неше жыл (қанша ғасыр!) осылай өмір сүрер екенбіз? Кәне, білгіш болсаңдар, шамданбай-ақ осының жауабын беріңдерші!

Бұлай өмір сүрмеудің амалын айтыңдаршы!

qiasbay@gmail.com
XS
SM
MD
LG