Accessibility links

Колледж: түсу не түспеу?


Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары. Көрнекі сурет.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кітаптары. Көрнекі сурет.
Өздеріңіз байқағандай, соңғы кездері көбі колледжде білім алуға құштар. Өйткені, көбі ЕНТ-дан қорқып, кетіп жатады. Солардың ішінде – үлгерімі нашарлар. Тіптеп кейбір мұғалімдер оларды колледжге кетулерін үгіттейтін көрінеді. Сонымен қатар колледждің ақшасы университеттікіне қарағанда арзанырақ, әрі бір мамандық алып шықса да ұтымды вариант.

Мен оқыған жылдары ЕНТ деген болған жоқ. Колледжге мектептен жалығып, жалпы тезірек кеткім келгеннен түстім десем де болады. Оның өзінде «грантқа түссем ғана мектептен кетемін» деген ой болды. Қазір кейбір өсіп келе жатқан баласын қайда оқытарын білмеген үлкендер маған кеңес беруін сұрайды. Олардың қоятын сұрақтары мен толғандыратыны: білім, орта, тәрбие, жалпы, «кейін адам болып кете ме» деген сұрақтар мазалайды. Осындай сұрақтарды талдай келе, өзім көріп-білгендіктен, ойымды жазайын деп отырмын.

Грант немесе оқу ақшасы

Бірі білсе, бірі білмейді - колледждің де гранттары болады. Мемлекеттік колледждердің атында «мемлекеттік» деуінен-ақ түсінуге болады. Мысалы, Ақтөбе Мемлекеттік политехникалық колледжі, Алматы Мемлекеттік педагогикалық колледжі. Яғни, осындай колледжерде әр мамандыққа грант бөлінеді. Алайда, түсу үшін де қазір бәсекелестік жоғары. Жинайтын балдар да сәйкесінше жоғары болу керек. Грантқа түскен бойда ай сайын оқушы шәкіртақы алып тұрады. Шәкіртақы университеттегілерге қарағанда аздау, үздік оқитындар 5000 тг жоғары алады ғой деймін қателеспесем. (Біздің кезімізде 2000 тг болатын ))). Сонымен қатар оқу ақшасы таңдаған мамандығына сәйкес болады. Мысалы, «бухгалтерлік есеп-шотта» оқитындардың оқуының бағасы, әлбетте, «машина жасау» мамандығынан көбірек болады.

Білім

Кейбірінің пайымдауынша, колледжде ешқандай білім жоқ деп ойлайды. Негізі, оқимын деп барған бала әркез өзіне қажет білімді алады. Мысалы, мен колледжден кейін университетке түстім, бірақ ондағы білім колледжде алған білімімнен артық болды деп айтпас едім. Көптеген кезде сессияны ақшамен сөйлесуге тура келіп жүрді. Ал колледжде ешқандай ақшамен жабу деген әңгіме жүрмейтін. Болады «ия, біреулер ақша беріпті» деген әңгімелер, бірақ «оны қалай сөйлесеміз, кімге барамыз» деп қорқатынбыз. Біліп қойса, бұл үлкен «позор» болып көрінетін. Сол себепті де тек өз күшімізге жүгінуге тура келді. Қазіргі кезде еркінсіп кеткен дегенді естимін. Сонда да егер өзім үшін керек деп, сабақтан қалмай, тиісті бағасын алып, сессияда өзіне ғана сенсе, онда бәрі де дұрыс болады деп ойлаймын. Содан кейін, колледжде де білікті мұғалімдер, ұстаздар бар. Мектепке қарағанда жалақысы жоғары болғандықтан білім беруге құштар мамандар әркез табылады.

Тәрбие, орта

Колледжге көбі 9-сыныптан кейін түсетін болғандықтан, көбінің жасы 15-16 жастағылар. Ең тура жанып-өшіп тұрған шақ. Көзіңнің қиырынан таса қалса, бірдемеге ұшырап кететіндей кезең. Көбі осы уақытта, өмірде барлық тиым салынған заттарды сезіп, көріп қалғысы келетіндей күй кешеді. Балалар көп төбелеседі, қыздар да. «Крышовать» ету деген ол да бар. Ішеді, тартады және т.с.с. Енді бұған айтарым, орыстың сөзі бар ғой «Волков бояться, в лес не ходить» деген. Ең бастысы, үйдегі мықты тәрбие болса керек. Санасы бар, ата-анасын ойлайтын жанашыр балалар не болса да шектен шықпауға тырысады деп ойлаймын. Кімнің басынан жастық өтпейді? Бірі қателеседі, көреді, кейін тиісті сабағын алған соң жоламауға тырысады. Бұның бәрі уақыт өте келе, ақыл тоқтатқан соң келетін заттар. «Мінезіне қарай тағдыры» деген бір сөз оқып едім. Сол бұзықтық мінез тиылмаса, ол колледжде болмасын, басқа жерде де сыр берері анық.

Мамандық, болашақ

Көп уақытта колледжде оқитын студенттер ерте есейеді. Мектепте оқыған сыныптастары студенттік өмірдің дәмін енді сезінуге аттанғанда бұлар үлкен өмірге аяқ басуға дайын тұрады. Жұмыс істеп, ақша табуды ойлайды. Ары қарай көлік алу, жоғарғы білім алу деген сияқты мақсаттарды іске асыра бастайды. Сол себептен, колледж бітіре сала, өз мамандығы бойынша немесе өзіне сай тапқан жұмысты істеуге кірісіп кетеді. Және де колледж бітіріп келген студенттерді жұмысқа қабылдайтындар да жоқ емес. Өйткені, жаңа піскен бозбала-бойжеткен болған соң жалақыны аз сұрайды және де жұмыс істеуге барлық құлшынысы бар. Бұл жұмыс берушілерге аса пайдалы.

Қорытынды

Жалпы, тым болмаса бір мамандық алып қалсын деген мақсат – колледждің ең үлкен плюсы. Бірақ колледжде тек үлгермей қалған оқушылар оқиды деген де қателік. Әркімде әрқалай жағдайлар болады. Мен оқыған кездері колледж бітірген соң қайта басқа мамандыққа оқығандар да табылды. Бұл енді оқудың ұзақ уақытқа жалғасатын бір минусы. Сонымен қатар, бітіре салып, жұмыс істеп кеткендер одан да көп. Кейбірде колледж бітіріп, университет бітіргендерге қарағанда үлкен дәрежеге жеткендерді де білемін. Менің группамда бұзықтар да, үлгерімі мықтылар да болды. Әрқайсы қазір өз орындарын тауып, өмір сүріп келе жатыр. Қай бір кездері үлкен бұзықтықтарымен директордың алдында тұрғандары да білікті маман, отағасы немесе анасы болып отыр.

Өз басым колледжде оқығаныма еш өкінбеймін. Менің жағдайымда бұл өте дұрыс шешім болды. Ертерек жұмыс жасау әркімге де пайдасы үлкен. Ал егер алдарыңызға биік мақсат қойып, шетелде оқу және т.б. болса, онда толық 11 сыныпты бітіріп, университетке түсу дұрыс шешім болатын шығар. Өйткені колледжде оқу да оңай емес, 3-4 жыл білім университетте оқумен тепе-тең. Ары қарай тағы ЖОО бар, тағы шетелің болса, онда оқу ұзаққа жалғаспақ. Сондықтан ары қарай қорытынды өздеріңізде.

http://akzere.dosym.kz
XS
SM
MD
LG