Accessibility links

Жауыр болған тақырып


Оқуға болмайтын кітапқа карикатура. Алматы, мамыр, 2009 жыл.
Оқуға болмайтын кітапқа карикатура. Алматы, мамыр, 2009 жыл.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген сөзді айта беруге әуеспіз. Бірақ елімізде ана тілінде білім ала алмай жүрген қазақ баласы қаншама. Қазақ мектептеріне барсаң – аузы-мұрнынан шыға толған оқушы. Екі ауысыммен оқиды. Оқулық барлық жерде жетіспейді. Осыны билік білмей отыр ма?

Орыс тілінде оқытатын мектептерде орын да жетерлік, бала да аз, білім де сапалы. Мұғалімге де, оқушыға да жағдай жасалған. Таңертең келіп, түсте кетеді. Түстен кейін қосымша оқығысы келсе, өзі біледі. Кітап артығымен жетеді. Сондықтан да тілдің емес, баласының болашағын ойлаған ата-ана баласын орыс мектебіне береді.

Қазақ тіліндегі оқулықтар мектеп кітапханаларына емес, кітап сататын дүкендерге түседі. Оның себебі не? Дүкенде кез-келген қарапайым сатып алушыға оның бәрі тие бермейді, таныс-тамыр арқылы ғана тапсырыс беріп сатып аласыз. Осыдан ауызы күйген соң, халық та жынды емес, басқа амалын іздейді. «Заманына қарай адамы» – соңғы қоңырау болған күні жоғарғы сынып оқушылары төменгі сыныптағыларға кітаптарын 100-200 теңгеге арзанға сатады. Тағы біреуге сатылатын кітап болған соң оқушы күтіп ұстайды. Ол өтімді тауар ғой. Міне, осы арқылы баланы ұқыптылыққа, сауда-саттыққа да үйретіп келе жатырмыз. Бұл – нарық талабы.

Тіл мәселесі – екі қазақ бір-бірімен қазақша сөйлескенде ғана шешіле қалатын шаруа емес. Тілді мемлекеттегі саяси тақырып емес, экономикалық тақырып деп қарауымыз керек. Қазақ тілінде жарнама жасалсын, қазақ тілінде білім берсін, қазақ тілінде оқулық, газет-журналдар басылсын. Қазақ тілінде заң шығарылсын, мемлекеттік мекемелер арасында толықтай қазақ тілінде құжат айналымы қалыптассын – сонда ғана тіл бір қадам алға баспақ.

Осы мен мұны неге айтып отырмын – онсыз да жауыр болған тақырып емес пе еді?!

rubin-ma@mail.ru
XS
SM
MD
LG