Accessibility links

Кездесу мен қоштасу


Неке сарайының Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев келер кездегі көрінісі. Шымкент. 27 қыркүйек 2010 жыл.
Неке сарайының Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев келер кездегі көрінісі. Шымкент. 27 қыркүйек 2010 жыл.
«Тойдың болғанынан «боладысы» қызық». Ия, дәл солай. Әсіресе оңтүстік өңірі үшін. Қарапайым халық мемлекет басшысының оңтүстікке келе жатқанын көшелердің жөнделе бастауынан байқайды. Халық арасында «Елбасы келе жатыр-ау» деген сыбысқа билік әдетте тіс жармайды. «Ағымдағы жөндеу ғой» дей салады.

Мұндай сапарлардың халыққа тиер ең басты пайдасы – қала тазаланып, жасыл желек жайқалып, тіпті, бір түнде алқызыл гүл мен жасыл шырша өсіп шығады. «Бұл не деген құдірет!» дейсіз! Адамның қолынан келмейтін ғажайып жоқ қой.

Шымкенттегі президент ресми түрде ашатын барлық нысандардың алды гүлденіп шыға келеді. Бұрындары, тіпті, шетелден әкелінген аса қымбат бағалы өсімдіктер, кактус, пальмаға дейін пайда болушы еді. Қазір қаржы дағдарысының әсері болар – шенеуніктер Ташкеннен әкелінген жасыл гүлзарлармен, көздің жауын алар алқызыл гүлдермен шектеліпті.

Мемлекет басшысы Шымкент қаласынан келген сапарында жаңа неке сарайын ашып, бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысыпты. Алғашқы тұсау кесерге қатысқан БАҚ өкілдері бірінші рет Президентпен бетпе-бет көрісе алмағандарын айтып жатты. Аты-жөндерін айтуға батылдары бармаған бірер тілші:

– Бұл жолы Назарбаевты көре алмадық. Сарайға түсірушілер ғана кетті. Бізге «халықтың жанында болыңдар» деп, бір қадам аттатпады. Көзімізбен көрмеген дүниені қалай жазарымызды білмейміз. Негізі, бұрындары Президентке жақын жүріп, өзіміз сұқбат алатын едік. Соңғы кездері Назарбаевтың жанына жақындау қиындап кетті, – дегенді айтты.

Тілшілердің екінші тобы «Оңтүстік» экономикалық аймақта жиналған. Мен де сол топтамын. Кәсіпкерлер таңғы сағат 9-да келіп, тікесінен-тік тосып тұрғандарын айтып жатыр. Жо-жоқ, ешқайсысын ешкім мәжбүрлемеген. Бәріне Президентті бір көру – үлкен арман.

Арасында облыс әкімі келіп «репетиция» жүргізіп кеткені тағы бар. Төрге қойылған 14 жобаны Елбасына таныстыруға келген кәсіпорын басшылары қайта-қайта қағаздарына үңіліп, сөздерін жаттап тұр.

Арнайы қызмет өкілдері бірдей форма киген жұмысшыларды жеке куәліктері бойынша тізіммен кіргізіп жатыр. Айтайын деп едім, есімнен шығып кете жаздапты – бұл жолы біз де жеке куәлігіміздің көшірмелерін тапсырып, тізіммен кірдік.

Қобалжып жүрген бір кісі қайта-қайта «тағы бір дайындық» деп жиналған жұртты күлдіріп қояды. Сондағысы – кімнің қай жерде тұруы тиіс екенін жаттап алуымыз керек.

Тікұшақ дауысы естілісімен, жиналған жұрт орындарында сол қадалған күйі тұрып қалды. Жобалармен танысып шыққан мемлекет басшысы, арнайы дайындалған, БАҚ өкілдері жиналған жерге келіп, сапар барысын жұртшылыққа таныстырды. Сөйтті де, бәрімізбен қоштасып, тілегін айтып, ұшып кетті де қалды.
XS
SM
MD
LG