Accessibility links

«...Астанада жылуы, ыстық суы жоқ жатақханада тұрып жатырмыз»


Астаналық жол полициясы қызметкері басқа қалада тіркелген көлікті тоқтатып тұр. Астана, 9 қараша 2010 жыл
Астаналық жол полициясы қызметкері басқа қалада тіркелген көлікті тоқтатып тұр. Астана, 9 қараша 2010 жыл
Астана бар-жоғы бірнеше аптаның ішінде полицияның қаласына айналып шыға келді. Пәленбай елдің басшылары, журналистері бас қосатын қаланың тұрғындары «біз кедергі болмайық» деп уақытша басқа жаққа кетіп қалғандай.

Енді мұның барлығы қауіпсіздік шаралары ғой. Құдай бетін әрі қылсын, саммит өтіп жатқан кезде, бөтен ойы бар әлде біреулер бірдеме бүлдіріп жүрсе, ең алдымен қазақ халқы емес, президентіміз ұятқа қалады. Сондықтан, мұндай шараның жүргізіліп жатқанына ренжудің қажеті жоқ. Президентіміздің абыройы үшін шыдай тұрған дұрыс.

Жақында Астанаға менің де құқық қорғау органдарында жұмыс істейтін құрдасым аттанып кетті. Екеуміз телефон арқылы сөйлескенімізде:

– Әйелімнің жүн нәски беріп жібергеніне риза болып отырмын. Әйтпесе суықтан қатып қалады екенмін, – деген еді.

Сол досым – бүкіл батальоннан Астанадағы қауіпсіздік шарасына үлес қосуға кеткен жалғыз адам. Айтпақшы, ұмытып барады екенмін: пәленбай полицияның ішінен жалғыз оны таңдап алуының себебі – ол аздап ағылшын тілінде сөйлейді. Дегенмен, таңдау жасаушылардың басқа амалы болмаса керек. Әйтпесе, досымның ағылшыншасы қандай екенін мен жақсы білемін. Осы екі күннің ішінде оның шетелдік қонақтармен кездеспегені дұрыс болар еді...

Досым одан әрі әңгімесін былай жалғастырды:

– Колледждің жатақханасында тұрып жатырмыз. Мұндағы жылу жүйесі нашар істейді екен. Түнде төсекте киіммен ұйықтаймыз. Демалыс күндері болмаса, былайғы уақытта қаланы аралап, таныстардың үйіне қонаққа баруға рұқсат жоқ. Өткенде бір әріптесім душтың суын тоқтатуды ұмытып кетіпті. Содан бері комендант қырсығып, жылы суды өшіріп тастады. Бір апта өтті, әлі қосқан жоқ.

Оның айтуынша, саммиттен соң 10 күн демалыс және бір айлық жалақы көлемінде ақша береді екен.

Таңертеңнен кеш батқанша көше-көшелерді аралап, қаңғыбастарды іздепті. «Алғашқы күндері 10-15-тен топырлатып учаскіге алып келетінбіз, кейін таппай қалдық. Сосын жертөлелерді аралауға мәжбүр болдық» дейді досым.

– Әйтеуір өзің ауру-сырқаудан аман-есенсің ғой, – деп сұрадым.

– Аманмын. Ереке, қазір «не үшін полиция болдым» деген ойлар маза бермейтін болды маған.

– Не болды сонша шала бүлініп?

– Бізді ешкім адам екен демейді.

– Шаршаған екенсің ғой. Айтпақшы, 29-ы күні Астанаға ұшамын. Мүмкін, кешке кездесерміз.

– Бұл жаққа келіп қайтесің, полицейлер ұстап, мазаңды алады.

– Мен жұмыс бабымен барамын.

– Сонда да абайла. Тоқтатып жатса қырсықпай, құжаттарыңды көрсете сал. Әйтпесе барлығы ашулы жүр. Ал сенімен кездесе алмайтын шығармын. Оданда Жамбылда жолығайық.

– Жақсы, амандықпен кездесейік! – деп, Астанада бәріміздің абыройымызды сақтауға кішкентай болса да үлес қосып жүрген досыммен қоштастым.

boltaie@gmail.com
XS
SM
MD
LG