Accessibility links

Келін күтуден кем болмады



Баяғыда бала кезімізде көрші ауылдан келін әкелгелі кеткен ағаларымызды күткен кезде төзіміміз таусылып, үлкендер жағы түрлі жорамалдар жасап жатушы еді.

«Әй, ана қырсық шал жеме-жемге келгенде қызын бермеймін деп әлек салып жатыр ма екен, ә, қақбас!» деп бір кемпір жаулығынан шығып кеткен шашын жасырып қойса, балалар жағы «әне, жарық көрінді» деп, жылт ете түскенге жалтақтап, сүйінші сұрауға асығып жүруші ек.

Көбісі алдамшы жарық болып, балалардың көңілдері жабырқап, сүлкіндері түсіп кетуші еді.

Астанада өткен саммиттің қорытындысын күткен журналистердің жағдайы да сол келін күткендей күйге түсті. Астана уақытымен түскі он екі жарымнан бері жаңалық күткен тілшілер зарығып бітті.

Баспасөз орталығына жиналған шет елі бар, қазақстандығы бар мыңнан аса журналист қабырғаға ілінген колонкадан қандай да бір дыбыс шыға қалса, елең етіп бір-біріне қарасады. Хабарламадан қорытындының кейінге шегерілгенін немесе басқа бірдеңе айтқанын естігенде барлығының созылған мойындары сұлық етіп, қайтадан компьютерлеріне үңіле қалады.

Осы көрініс ауылдағы жеңге күткен балақайлардың күйін көзге елестетеді.
Ұзынқұлақтан естуімізше, саммиттің қорытынды құжатына қарсы болып қыңырлық танытып отырған бірнеше мемлекет басшысы бар көрінеді. Солар қол қоймай, ерін бауырына алып тулап жатқанға ұқсайды.

Жаңағы жеме-жемге келгенде «қызымды бермеймін» деп дүңк ететін қырсық шал сияқты. Әлбетте, келін әкелуге кеткен ағаларымыздың түбі жолы болып, қырсық шалды жібітіп қайтатын.

Ал, арада 11 жылдан кейін барып өткізілген жетінші саммиттің жемісі әзірге байқалмайды. Амалы таусылған кейбір шет елдік журналистер «келіннен» үміт үзіп, қайтып жатыр.

ЕҚЫҰ-ның регламенті бойынша Астана уақытымен түнгі он екіге дейін қол қойылмаса, қабылданбаған күйінде қалады екен-мыс!
XS
SM
MD
LG