Accessibility links

Президентпен кездесудің «машақаты»


Алмас Нұрғалиев, қазақ блогшысы.
Алмас Нұрғалиев, қазақ блогшысы.

Күздің кезі, жиын-терін басталып, абыр-сабыр болып жатқан кез. Сонда мен қаладағы ең керім саналатын отызыншы мектепте мұғалім едім. Күндіз университте сабақтамын (3-курс), түстен соң жұмысқа келдім, жұмысқа еш құлқым болмай отыр едім, кейбір пәндер болмай, соңғы сабағымды көтеріп жіберді. “Демаламын-ау” деп үйге келсем, университеттен проректор телефон соққан екен. Ештеңе айтпапты, жай сұраған екен. “Үстімде қырғын бастық бар,”- демекші, -”Декан емес, проректор соққаны несі?”- деген ой мазалап барады. Не проректор екенін де ешкім білмейді, бір нөмір тастаған екен, жүрексініп барып хабарластым.

Бірінші проректор екен, амандығын айтып, келіп кетуімді (бұйрық райда) өтінді. Сасқалақтап, -”Бүгін бе?”- деп сұрадым. Сағат кешкі төрттен кеткен болатын, телефон арқылы мардымды ешнәрсе айтпаған соң не ойларыңды да білмейді екенсің.

Университет іші тып-тыныш, күндізгі аласапыран жоқ. Қабылдау бөлмесіндегі қыз балаға шақырылғасын келгенімді айттым. Кабинетте оқу ісі жөніндегі проректор, тәрбие ісі жөніндегі проректор және біздің декан отыр. “Отыр!” деген ишарат білдіріп, бос орындықты меңзеді, өздері бір нәрселерді талқылап отыр. Біраз отырдым, басыма кіріп шықпағаны жоқ, бір түрлі айыпты сияқтымын. Неге, не бүлдірді екем? Менің университеке келген күннен бастап өмірбаянымды айтып декан сайрады, пәлен дейтіндей жаман айтпады. Не жиналысқа салмақтарын түсіне алмай отырмын. Содан бірінші проректор сөз алып, жақын арада Қазақстан жастарының конгресі болатынын, президент қатынасатын үлкен жиынға университет жастарының атынан мені жібергісі келіп отырғанын айтты. Кеудемнен бір тас түскендей болды. “Барамын, барамын!”-дедім.

Астанамыз Астана болғалы бірінші баруым еді. Әкімдік пойызға билет алып берді, Атыраудан 12 адам баратынымызды білдім. Әр сала, әр аудан жастарының бір-бір өкілдері. Кілең ең жас дегенге саяды, ең жас әкімдік қызметкері, ең жас темір жол қыметкері, ең жас мұнайшы, ең жас филармония қызметкері, ең жас журналист, ең жас телевидение саласының қыметкері деп жалғаса береді. Тек осылардың қатарында облысымыздағы екі жоғары оқу орнынан (бірі – мен) баратын студенттер мен мұғалімдік дипломы бар балықшы ғана “ең жас” дегенге келмейді.

Межелі күні кешікпей вокзалға келдік, Алматы арқылы барады екенбіз. Алматыға дейінгі билетіміз екі вагонға алынған (тура билет болмаған шамасы) Сағызға дейін бір вагон, Сағыздан кейін бір вагон. Бір пойыз болғасын, елемедік. Сағызға дейін алты сағаттық жер, шабадандарымызды құшақтап, пойызға деп алған киімдерімізді әбден орналасқан соң киеміз деп отырдық. Сағызға келдік, біз де ыңғайландық. Сөйтіп жатқан кезде бір жас жігіт келіп, Астанаға баратындар деп, тізімдеп аты-жөнімізді айтып шықты. Мәссаған, тағы не болды екен?! Дабырлап жерге түстік (келесі вагонға бару үшін түскелі тұр едік). Түскесін облыстық әкімдіктен келген телефонограммамен таныстырды. Қысқаша айтқанда президенттің күнтізбесінің өзгеруіне байланысты конгресс екі жетіге кейін ығыстырылыпты. Міне, жаңалық!

Пойыз кетті, біз қалдық. Жаңағы жігіт Сағыздың әкімі екен. Бір (аты есімде жоқ) кафеге алып келді түскі тамақ ішуге, одан кейін кері пойызға шыққанша машинисттер демалатын жерге барып, жайғасатынымызды, өзі біраздан соң келетінін айтып кеткеннен мол кетті. Түстендік, әлгі айтқан жеріне жайғастық, енді кері билет керек. Ең бірінші пойыз таңғы бірде. Атырауға билет жоқ, қатынасатын ұялы телефон нөмірі де, жай телефон нөмірі де жоқ. Тек қана темір жол байланысы ғана. Қалтада ақша пішен (командировочный ғой), Атырауға жік-жікке бөлініп төбелесуден аты шыққан Сағыз станциясындамыз. Жігіттерден бас-аяғы төртеуміз. Жұдырықтаспағанмен, бір-екі жерде “ақ аюды бауыздап жатырғандармен” ілінісіп үлгердік. Теміржолшы жігітті алдымызға салдық, беделі мықты екен, Сағыздағы әріптестерінің арасына сіңіп кетті. Бірер сағаттан соң «брондалған» орындарды сатты. Он екі сағаттың үстінде дала болып, бір хабарымызды бере алмай елге қайттық. Таңертең келдім үйге, бейхабар екен.

Әкімдіктегілер университетке де айтпапты, тіпті, артынан бір өзіміз жиналғанда қалалық әкімдіктен келген маман да бастықтарының бейхабар екенін айтты. Қызық, сонда келмесек, ешкім іздемейтін түрі бар. Кейін кері жинап, арамызға бір-екі адам қосып, кері жіберді. Бұл жолы Астанаға тура тарттық.

http://www.nurgaliyev.com
XS
SM
MD
LG