Accessibility links

«Махаббат назы»


Қазақ блогшысы Ертай Нүсіпжанов.
Қазақ блогшысы Ертай Нүсіпжанов.

Әнге құмар жанда сан жоқ. Мен де сол әуенмен бірге тербелген топтан болдым. Әкемнен келген әншілік өнер мені бала кезімнен өзіне әуес қылды. Сырлы өнердің сұлу сазы санамды жаулап, балалық қиялымды әуенімен әрлейтін еді. Сондықтан болар, болашағымды тек осы жолдан ғана көретін едім. Мектепте көркем өнерпаздар үйірмесінен, ал университет қабырғасында мені іздегендер әннің үні шыққан маңайдан табатын. Сөйтіп талай жыл соңынан ерткен әншілік әлем маған да бір бұрыштан орын берді… 2002 жылдың жаз айы… Талай жыл қиялымда қалқып жүрген тағы бір арман тұғырына қонды… «Махаббаттың назын» жырлап, тұңғыш рет жаңа ән жаздырттым.

- Балам-ау тым құрыса басқа бір әуенге ауыстырсаңшы. Мына әннен мезі болдық қой тіпті…

Анамның бұлай демесіне амал жоқ. Бір әнді қайталап қойып, оған қосылып шырқаудан ешқашан жалыққан емеспін. Сол сәтті есіме алсам, Тоқтар аға Серіковтің «Ерке қыз» деген әнін әншімен бірге шырқап жатқан кезім бірден көз алдыма келеді. Әнге деген қызығушылығым расымен де ерекше болды…

Мектепті аяқтап, ЖОО-на дайындықтың енді басталған уағы. Есеп-қисапқа да біраз қабілетім болғанымен, ойыма өнер ордаларынан басқасы тіпті маңайламайды. Бірақ ата-ананың айтқанына қарсы келуді жөн көрмедім…

Жұмысқа енді ғана орналасқан уақыт. Талай өнер адамдарымен сыйлас та болып қалдым. Жаңа бір ән жаздырту қашан да ойыма қалқып шыға келетін. Бір күні әпкем Ләйләнің әні есіме оралды. Лезде хабарласып, сөзін жазып алдым. Көз жүгіртіп қарап шығып едім, әуені жағымды болғанымен, өлеңі біраз оғаштау сезілді. Құлағым ылғи әпкемнің өзінің орындауында тыңдап үйреніп қалғандықтан ба екен, әйтеуір ең алғаш бейне бір қыздар орындайтын ән сияқты әсер қалдырды. Ол уақытта өлеңнің мағынасына аса үңіліп те кетпейтін едім…

Нақты қайсы әнді жаздыратыным белгісіз, бірақ Ұлықпан аға Жолдасовпен ән жазатын күнді белгілеп қойдық. «Бота-бота» дейтін әнді жаздыртам деп қоям ішімнен…

- Оу, Ертай-ау! Мына талай жыл бұрын орындалып қойған ән ғой. Жаңа, ешкім орындамаған ән жазсаңшы. Қой, бұны айтпай-ақ қой, - деді ағамыз. Ән жинағы дәптерімді қолтықтай барғанмын. Ары сапырылыстырам, бері сапырылыстырам - көзіме шалынған бір ән жоқ. Қайсы әнді айтамыз?!…

«Махаббат назы» деген тақырыбы бар ән сөзі көзіме талай рет шалынғанымен, ол ән туралы өзімше бір түсінік қалыптастырып алған соң, расы керек, оған көңіл де аудармадым. Уақыт талайға созылды. Ағам күтіп ол отыр. Ән жазу үшін арнайы кездесуіміз нәтижесіз болуға шақ қалды. Қойшы, «Аға мына ән ше?» деп, сол әнді ыңылдап айтпасқа амал да қалмады.

- Мұны неге баяғыдан айтпай отырсың? Кімнің әні? - деп, Ұлықпан аға бұл әнді бірден ұнатты. Сөйтіп басы-аяғы екі сағатта әуені дайын болып, келесі күні дауысымды жаздыртқан болатынмын.

Ләйлә әпкем әнді өнер ордасында оқып жүрген шағында, 17 жасында жазған. Мен оны 18 жасымда орындаппын.

(Қызығы, қазір әнге, ән айтуға деген қызығушылығым жоқ. Сол уақыттары барлық әншілердің аттарын жатқа айтып, өмірбаянымен жақын таныс болсам, қазір олай емес.)

http://ertai.dosym.kz
XS
SM
MD
LG