Accessibility links

«Ақ жол» партиясы референдум өткізу бастамасын сынады


«Ақ жол» партиясы Қазақстан президентінің билігін 2020 жылға дейін ұзарту жөнінде референдум өткізу ұсынысын сынап, бұл бастамаға қарсы мәлімдеме таратты.

Партияның дүйсенбі күні таратқан мәлімдемесінде: «Қазақстан Конституциясы халықтың демократиялық мемлекет құру ниетін танытады. 20 жыл ішінде Қазақстанда үш рет президент сайлауы өтті. Осы кездердегі сайлауларда елдің тәуелсіздігіне, тұтастығына және қауіпсіздігіне ешқандай нұқсан келген жоқ» делінген.

«Ақ жол» партиясының жетекшісі Әлихан Бәйменов «сайлау науқандарын тек қана лауазым мен мандат үшін күрес деп түсінбеу керек, осы тұрғыдан алғанда бастамашыл топтың президент өкілетін тағы 10 жылға созу жөнінде референдум өткізу бастамасы азаматтық жауапкершіліктен қашудың бір жолы сияқты болып отыр» дегенді айтты.

- Бұл бастаманың артында тұрғандар бірінші президенттің ісін қолдаймыз деп өздерінің қарақан бастарының қамын шешіп жатады. Өйткені 20 жыл тәуелсіздіктен кейін президент сайлауын өткізбей, референдум өткізейік деген ұсыныстың өзі 20 жылғы тәуелсіздіктің қоғамдық саяси дамуына берілген теріс бағамен бірдей, - деді Әлихан Бәйменов.

Азаттыққа берген сұқбатында Бәйменов «қазақстандықтардың сайлау және сайлану құқығы бұзылмауы керек» екенін ескертті.
XS
SM
MD
LG