Accessibility links

Сот «Уикиликске» ақпарат берген адамға айыппұл салды


Швейцария соты «Джулиус Байер» банкінің бұрынғы қызметкері Рудольф Элмерді «банк құпиясын жариялағаны үшін» айыпты деп тауып, оған алты мың доллардан астам сомаға айыппұл салу туралы шешім шығарды.

Сәрсенбі күні Цюрих сотындағы сөзінде Рудольф Элмер жұртқа танымал тұлғалардың салықтан жалтарып жасырған ақшалары туралы деректерді көпшілікке жарияламақ болғанын айтты. Сонымен бірге ол өз ісінде «елеулі қателік жасағанын» мойындады.

Кайман аралындағы «Джулиус Байер» банкі кеңсесінен 2002 жылы жұмыстан босатылған Рудольф Элмер банктегі кейбір құпия құжаттарды ұрлап алғаны үшін жауапқа тартылды.

Әйткенмен швейцария прокуратурасы Рудольф Элмерге қарсы тағы да іс қозғауы мүмкін. Дүйсенбі күні ол Лондонда көпшіліктің көзінше «Уикиликс» сайтының негізін қалаушы Джулиан Ассанджға швейцарлық банктегі құпия есеп-шоттар туралы деректерді табыс еткен еді. Ассандж ол ақпаратты мұқият тексергеннен кейін жариялауға уәде берді.
XS
SM
MD
LG