Accessibility links

Египетте қақтығыс жалғасып жатыр


Египет президенті Хосни Мүбәрәктің қолдаушылары мен оның қарсыластары бір-біріне тас лақтырып, қақтығыс әлі жалғасып жатыр. Бүгін оларды ажырату үшін Каирдің Тахрир алаңына жасақ әкелінген болатын.

Мүбәрәкқа қарсы наразылық танытушылар сәрсенбі күні өздеріне президенттің қолдаушылары мен қарапайым адамша киінген полиция шабуылдағандарын айтып отыр. Тоғыз күндік бейбіт шерулерден кейін қақтығыстар басталғалы бері кемінде 5 адам қаза тауып, жүздеген кісі жараланды.

Премьер-министр Ахмед Шафиқ зорлық-зомбылық үшін кешірім сұрап, оған жауаптыларды табуға уәде етті.

"Бұл істер тексеріледі деп уәде беремін. Тахрир алаңына келіп, мұны жоспарлаған адамдар кімдер? Егер ол алдын ала жоспарланбаған болса, кімдер оларды алып келді?" деді Шафиқ.

Премьер-министр оппозиция жетекшілерін келіссөздерге шақырды. Алайда танымал оппозициялық тұлға Мохамед Әл-Барадей мен "Мұсылман бауырлар" "алдымен Мүбәрәк биліктен кетуі тиіс" деп мәлімдеді. Мүбәрәк өзінің президенттік өкілеті қыркүйек айында аяқталған соң ғана биліктен кететіндігін айтқан еді.

АҚШ пен Еуропа Одағы Египеттегі өзгеріс тез арада басталуы тиіс деп атап көрсетті.
XS
SM
MD
LG