Accessibility links

Обаманың Ислам конференциясы ұйымындағы арнайы өкілі - Алматыда


Ақпанның 13-інде Алматыда Америка президентінің Ислам конференциясы ұйымындағы арнайы өкілі Рашид Хусейн журналистермен кездесті.

Азаттық тілшісінің хабарлауынша, кездесуде ол Американың ислам елдерімен байланысы мен мұсылман қоғамдастығындағы мәселелерге тоқталды. АҚШ-тағы мұсылмандар жайы да қозғалды.

«Америка президенті лаңкестікпен күреске ғана емес, сонымен бірге мұсылмандардың адамзат игілігі үшін атқарған қызметіне де мән береді»,-деді ол. Оның айтуынша, Американың өзінде мешіттер саны 12 мыңнан асады. Діни жоралғы өтеу, сақал қою, хижаб кию және басқа да көптеген мәселелерде мұсылмандар еркін.

Рашид Хусейн Нью-Йоркте 11 қыркүйек оқиғасы орын алған аудандағы мешіт құрылысы жайында да баяндады. Оған қарсылық білдіру, тіпті америкалық пастордың Құран өртемек болған әрекетінің елдің саясатына қатысы жоқ екендігі айтылды.

«Америка мұсылмандарды өз қоғамына тартып, баурауға тырысады»,-деді ол.

Барак Обаманың Ислам конференциясы ұйымындағы өкілі кездесуде журналистердің сұрағына жауап беріп Таяу Шығыстағы ахуалға да тоқталды. Рашид Хусейн толқуларда жаңа медианың ролі зор болғандығын айтты.

Ол Ислам конференциясындағы арнайы өкіл қызметіне 2010 жылы 13 ақпанда тағайындалды. Рашид Хусейн - Құранды жатқа оқитын хафиз.
XS
SM
MD
LG