Accessibility links

Кэмерон мен Саркози Ливия оппозициясын қолдауға шақырды


Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон мен Франция президенті Николя Саркози Еуропа одағы елдерін Ливия оппозициясын қолдауға шақырды.

Еуропа одағы кеңесінің төрағасы Герман ван Ромпейдің атына жасаған бірлескен жолдауда Саркози мен Кэмерон Еуропа одағын ливиялық көтерілісшілерге көмектесу мақсатында іс-қимыл жоспарын қабылдауға үндеген. Оның ішінде Ливияның әуе кеңістігінде ұшуға тыйым енгізу ұсынылып отыр.

Бұған қоса Франция мен Ұлыбритания жетекшілері Ливия халқының заңды өкілі ретінде Ливияның оппозициялық ұлттық кеңесін мойындау қажеттігін айтты. Бейсенбі күні Франция ондай қадамға баратынын мәлімдеп те қойған.

АҚШ көтерілісшілердің бақылауындағы Ливияның солтүстігіне гуманитарлық жәрдем көрсететін мамандарын жіберетіндігін мәлімдеді. АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Том Донилон бұл жерде әңгіме Ливияға әскери интервенция жасау туралы еместігін атап айтты.
XS
SM
MD
LG