Accessibility links

Косовода әскери қылмыскер деген күдікпен тоғыз адам ұсталды


Косовода Еуропа одағының азаматтық миссиясы (ЕУЛЕКС) полициясының өкілдері өткен ғасырдың 90-шы жылдарының соңында болған соғыста әскери қылмыс жасаған деген күдікпен тоғыз адамды ұстады. Бұл туралы Азат Еуропа/Азаттық радиосының тілшісі хабарлады.

Ұсталғандардың барлығы - албандар. Олар 1998 жылы Клечка деревнясы маңында кемінде 40 адамды - Косовоны азат ету армиясын қолдаудан бас тартқан албандар мен сербтерді өлтірген деген күдікке ілініп отыр. Сол ауданда жүзге жуық косоволық сербтер із-түссіз жоғалып кеткен еді.

Негізгі күдіктілердің бірі, Косовоның бұрынғы көлік және байланыс министрі Фатмир Лимай сәрсенбі күні ЕУЛЕКС полициясына еш қарсылықсыз берілді. Ол сербтермен соғыста Косовоны азат ету армиясы басшыларының бірі болғанын мақтаныш тұтатынын мәлімдеді.

Бұған дейін Гаагадағы халықаралық трибунал Косоводағы Лапушник деген жерде жасалған әскери қылмыстар бойынша Лимайға тағылған айыптарды алып тастаған еді.

Косовода ұсталған тоғыздың арасында - Призрен қаласы полициясы аймақтық басшысы Наджми Красничидің бар екені хабарланды. Бұл тоғыз адамға тағылған айыптарға негіз боларлық деректерді Сербиядағы әскери қылмыстар жөніндегі арнайы прокуратура ұсынғаны мәлім болып отыр.
XS
SM
MD
LG