Accessibility links

Қырғызстан Қазақстаннан радиоактивті көмір келгенін айтады


Көмір жинап жүрген жұмысшылар. (Көрнекі сурет)
Көмір жинап жүрген жұмысшылар. (Көрнекі сурет)
Қырғызстанда Қазақстаннан әкелінген радиоактивті көмірге байланысты дау туды. Қырғыз үкіметі ел аумағына Қазақстанның Құлан кеншінен көмір әкелуге тыйым салды. Қырғызстан кеден қызметі Қазақстаннан көмір тиеген тағы 25 вагон Қарабалта қаласындағы "Солтүстік" кеден бекетінде тоқтатылғандығын хабарлаған.

Сәрсенбі күні Қырғызстан парламентінің депутаты Райхан Тологонов Қазақстанның Құлан кенішінен Бішкектің жылыту орталығына жеткізілген 8 мың тоннаға жуық көмірдің радиоактивті екендігін мәлімдеген еді.

Депутат Тологонов төтенше жағдайлар министрлігі мамандарымен бірге жылыту орталығына барғанын, сондағы көмірді зерттеген кезде, зиянды радиоактивті заттардың мөлшері шамадан жеті-сегіз есе көп болып шыққаны туралы айтты.

Райхан Тологонов қазақстандық көмірге қатысты бұл бірінші жағдай емес дейді. Оның айтуынша, былтыр тағы да сол Құлан кенішінен жеткізілген көмірден бөлінген радиоактивті заттың мөлшері шекті шамадан 12-15 есе жоғары болған.
XS
SM
MD
LG