Accessibility links

Қазақстан кино индустриясына Борат «қамшы» боп тиді


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Көшпенділер" фильмін түсіру алаңында. Алматы облысы, 17 ақпан 2004 жыл
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Көшпенділер" фильмін түсіру алаңында. Алматы облысы, 17 ақпан 2004 жыл

Батыстық басылымның жазуынша, Қазақстанның кино индустриясы Назарбаевтың идеясынан туған «Көшпенділер» фильмінен кейін ғана алға басқан.


Daily Telegraph басылымы наурыздың 23-і күнгі санында қазақ кино өндірісінің дамуына азды-кем шолу жасайды.

КИНО КЕШЕ ДЕ, БҮГІН ДЕ НАСИХАТ ҚҰРАЛЫ

Иосиф Сталин Екінші дүниежүзілік соғыс басталар уақытында Ресейдің танымал кинематографисі Сергей Эйзенштейнді Алматыға жіберіп еді. Қазақстанның сол кездегі астанасы советтік кино өндірісін жылы қабылдады дейді Daily Telegraph. Ал «Моңғол» фильмі қазақ үкіметі қаржылай қолдау көрсеткен тарихи жанрдағы фильмдердің тек біреуі ғана.

Эйзенштейн Алматыға өзімен бірге советтік жетекші екі киностудия – «Мосфильм» мен «Ленфильмнің» бар қызметкері мен құрал-жабдығын ала келді. Ондағы мақсат – советтік үгіт-насихат құралы болып табылатын кино өндірісін немістің бомбасы мен танкісінен қорғау еді дегенді айтады басылым. Ал соғыс аяқталған кезде көптеген кино мамандары Алматыны советтік киноның жан сақтау орны» ретінде қалдырып кете барды.

Совет одағының құлауы кино саласын қаржыландыру мен кино түсіруді де күйретіп кетті. Газеттің жазуынша тек 2005 жылы Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ ханы Абылайдың өміріне арналған тарихи-эпостық «Көшпенділер» филімін түсіру идеясын алға тартқан уақытта ғана Қазақстанда кино өндірісінде қайта өрлеу басталды.

Басылымның дерегі бойынша, Қазақстан үкіметі кино өндірісіне 37 миллион АҚШ доллары шамасында қаражат салды. Осыдан кейін Шыңғыс ханның жастық шағына арналған тағы бір тарихи-эпостық «Моңғол» филімі түсірілді.

ГОЛЛИВУДҚА ҰМТЫЛУ

Саша Барон Коэннің «қазақ журналисі» жайлы түсірген фильмі қазақ үкіметін заман талабына жауап бере алатындай кино индустриясын құруға, сөйтіп мұнайдан түскен табысты кино өндірісіне бағыттауға шешім қабылдатты дегенді айтады Daily Telegraph.

Кино индустриясына бөлінген қаржының бір бөлігі Қазақстанға халықаралық деңгейде танымал актерлерді тартуға жұмсалған. Француздың атақты актері Жерар Депардье «Кешіккен махаббат» және осы жылы шығарылған «Менің күнәлі періштем» атты фильмге түсті. Ал өзге кино жұлдыздар түрлі фестивальдарға шақырылады. Мәселен, Оскар жүлдесінің иегерлері Эдриан Броуди және Хилари Суонк, голливудтық аты аңызға айналған продюсер Харви Вайнштейн және 1980 жылдардағы экшн жанрындағы фильмдердің бас кейіпкері Дольф Лундгрен өткен жылдары Қазақстанға келіп кеткен. Бұл екеуі де, алғашқысы «Пианино» филіміндегі рөлі, екіншісі «Миллион долларлық сәби» атты фильмдегі рөлі үшін Оскар жүлдесін алған.

Қазақстан түсірген фильмдер біртіндеп болса да халықаралық деңгейде табысқа жете бастағанын айтады басылым. Мысалы, биыл режиссер Ақан Сатаевтың «Адасқандар» атты фильмі Оскар жүлдесіне ұсынылып, премьерасы Монреалдағы фестивальде көрсетілді. Кинорежиссер Рүстем Әбдірашевтің сталиндік қуғын-сүргінде қазақ даласына жер аударылған еврей баласының өмірі жайлы түсірген «Сталинге хат» фильмі өткен аптада Нью-Йорк кинотеатрларынан көрсетіле бастады.

Daily Telegraph Қазақстанда туған кинорежиссер Тимур Бекмамбетовтің тіпті Голливудқа таныла бастағанын жазады. Оның 2008 жылы танымал киноактерлер Джеймс МакЭвой және Анжелина Джолиді қатыстырып түсірген киносы коммерциялық және сыни тұрғыдан да табысқа жетті дейді басылым. Тимур Бекмамбетов осы айда америкалық режиссер Тим Бертонмен бірге «Авраам Линкольн: вампирлері аулау» фильмін түсіруді бастап кеткен.
XS
SM
MD
LG