Accessibility links

Жақсылық Досқалиевтің ісін 19 мамырда алқабилер соты қарайды


Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевті сот залынан әкетіп барады. Астана, 10 мамыр 2011 жыл.
Бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевті сот залынан әкетіп барады. Астана, 10 мамыр 2011 жыл.
Қазақстанның бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевтің ісін алқабилер сотында қарау туралы қорғаушының берген өтінішін Астана соты қанағаттандырды деп хабарлады бүгін «Новости-Казахстан» агенттігі.

Экс-министрдің адвокаты Бекжан Біләловтің айтуынша, ол соттан Досқалиевке қарсы қозғалған қылмыстық істі доғарып, оның өзін тұтқыннан босатуды сұрап берген өтінішіне де жауап күтіп жүр. Адвокат қорғауындағы адамның денсаулығы нашар екендігін айтады.

Қазақстан қаржы полициясы былтыр күзде Жақсылық Досқалиевке қызмет бабын теріс пайдаланып, аса үлкен көлемде пара алған және бюджет қаржысын жымқырған деген айыптар тағып, оның үстінен қылмыстық іс қозғаған еді.

Алғашқы тергеу кезінде күдіктінің денсаулығы нашарлап, ауруханаға жатқызылды. Кейін қаржы полициясы Досқалиев жауапкершіліктен жалтару үшін науқас болып көлгірсіген деген мәлімдеме жасады.

Жақсылық Досқалиевтің ісі бойынша алғашқы сот отырысы мамырдың 19-ы күні Астананың ауданаралық мамандандырылған сотында басталады деп хабарланды.
XS
SM
MD
LG