Accessibility links

Тоқберген Әбиев: «Қазір президенттің саясатынан көңілім қалды»


Журналист Тоқберген Әбиев бостандыққа шықты. Қарағанды облысы, Балқаш қаласы, 17 мамыр 2011 жыл.
Журналист Тоқберген Әбиев бостандыққа шықты. Қарағанды облысы, Балқаш қаласы, 17 мамыр 2011 жыл.

Мамырдың 17-сі күні «Закон и правосудие» басылымының бұрынғы бас редакторы Тоқберген Әбиев түрмеде үш жыл жазасын өтеген соң бостандыққа шықты.


Тоқберген Әбиев соңғы екі жылын өткізген Балқаш қаласындағы 159/21 түзету мекемесінен шықты.

«ҮШ ЖЫЛ ДЕГЕН КӨП ЕКЕН»

– Шынымды айтсам, әлі сенбей тұрмын. Үш жыл өте-мөте көп болды. Мына жерде (колонияда) үш жыл деген ұзақ өтеді екен, – деді мамырдың 17-сі күні Азаттық тілшісімен телефон арқылы сөйлескен Тоқберген Әбиев.

Естеріңізде болса, Қазақстан қаржы полициясы 2008 жылы мамырда «сот органдары қызметкерлерінің үстінен астыртын айғақ жинап беру үшін қаржы полициясының жауапты қызметкеріне 1600 доллар және 50 мың теңге пара бермек болды» деген айыппен Тоқберген Әбиевті тұтқынға алған.

Тоқберген Әбиев 2008 жылдың 17 мамырында айыпты деп танылып, үш жылға бас бостандығынан айырылған еді.

Бостандыққа шыққан журналист ол айыпты мойындамайтындығын, ал өзіне қарсы қозғалған іс кәсіби қызметіне байланысты екенін айтады.

– Мен коррупциялық істерді, әсіресе сот жүйесіндегі жемқорлықты көп жарияладым. Естеріңізде болса, мені соттар алдында барлық аймақтарды аралап, баспасөз мәслихаттарын өткіздім. Мәмидің отставкаға кетуін талап еттім. Сол кездегі Жоғарғы соттың төрағасын, Жәкішевтің ісін сынадым. Осының барлығы әсер етті. Әрине, мен ашықтан-ашық біреуді айыптай алмаймын, себебі бұл дәлелденбеген. Дегенмен менің қамауға алынуым кәсіби қызметіммен тікелей байланысты екендігіне күмән жоқ, – дейді Тоқберген Әбиев.

«ТҮРМЕ ӨЗГЕРТПЕЙ ҚОЙМАЙДЫ»

Сұхбаттасымыздың сөзінше, түрмеде отырған үш жыл оны өзгерткен. «Енді көп нәрсеге өзгеше қарайтын болдым» дейді Тоқберген Әбиев.

– Көрген қиындық адамды шыңдайды екен. Сондықтан мұнда өзгергенім рас. Түрме адамды өзгертпей қоймады. Адам не жаман жағына, не жақсы
Мен бұрын жемқорлықпен күресте президентке көмектесіп келсем, қазір ойлана келе президенттің саясатынан көңілім қалды
жағына өзгеретіні сөзсіз. Жақсы дегеніміз – өз ісін саралап, өмірге деген көзқарасы өзгеру деген мағынада. Онда көп жайттарды ойлануға мүмкіндік бар, уақыт көп. Сондықтан қазір көп нәрсеге деген көзқарасым өзгерді. Бұрын құқық қорғау жүйесін білсем, енді саясаттан хабардар болып қалдым. Мен бұрын жемқорлықпен күресте президентке көмектесіп келсем, қазір ойлана келе президенттің саясатынан көңілім қалды. Бірақ жұмыс істеу керек. Сондықтан өз ісімді одан әрі жалғастырамын, – дейді Тоқберген Әбиев.

Азаттық тілшісімен телефон арқылы сұхбаттасқан Тоқберген Әбиев жаңа газет ашуды, өзінің өмірбаянын жазуды жоспарлап отырғандығын да айтты.

«ОРАЛҒАЙШАНЫҢ ІСІН АЯҒЫНА ДЕЙІН ЖЕТКІЗЕМІН»

Тоқберген Әбиев әріптесі – «Закон и правосудие» басылымының белгісіз жағдайда жоғалып кеткен тілшісі Оралғайша Омаршанованың ісінің анық-қанығына жетуді көздеп отырғандығын айтады.

– Оралғайшадай батыл да қайратты қыздар аз қазір. Оның өзі туралы, оған кімдер қастандық жасағаны туралы ашып ешнәрсе айтылған жоқ. Әрине, мен
Жоғалып кеткен журналист Оралғайша Омаршанова. Алматы, 2007 жыл. (Жеке мұрағаттағы сурет)
Оралғайшаның ісін аяғына дейін жеткізуге тырысамын, – дейді Тоқберген Әбиев.

Журналист Оралғайша Омаршановаға әлдекімдердің доқ көрсетіп, «жоқ қылып жібереміз» деп қорқытқандығы белгілі. Оны соңғы рет Алматыда, 2007 жылы 30 наурыз күні тал түсте белгісіз қара машинаға мінгенін көргендер бар.

Оралғайша Омаршанова жоғалғаннан кейін жарты жылдан соң оны ұрлады деген күдікті адамдар табылды. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, тергеушілер бұл іс бойынша тек бір ғана күдіктінің ізіне түскен. Ол адам бұрын есірткі сатқаны үшін сотталған, қылмыс әлеміндегі белгілі «тұлғалардың» бірі болып шықты.

Осыдан соң тергеушілер «Оралғайша Омаршанованың жоғалуына күдіктімен жеке қарым-қатынасы себеп болған, яғни оның өліміне кәсіби қызметінің қатысы жоқ» деген ұйғарымды алға тартты. Бұл қылмыстық істің қалай аяқталғаны белгісіз. Заң орындары ол туралы ләм-мим демейді.
XS
SM
MD
LG