Accessibility links

Табылған екі мәйіт жоғалған банкирлердікі деген ақпарат пайда болды


Михаэль Тсокос, Берлиндегі «Шарите» сот медицинасы институтының директоры
Михаэль Тсокос, Берлиндегі «Шарите» сот медицинасы институтының директоры

Алматыда мамыр айында табылған мәйіттерге сот-медициналық сараптама жасаған неміс мамандары ДНК анализінің негізінде бұлардың Темірәлиев пен Хасеновтың денесі екенін анықтадық дейді.


Deutsche Welle («Неміс толқыны») медиа компаниясының хабарлауынша, сараптама тобының мүшесі, Берлиндегі «Шарите» сот медицинасы институтының директоры Михаэль Тсокос маусымның 6-сі күні Венада өткен арнайы брифингте Қазақстанның Бас прокуратурасының күдігін растапты.

- Қаза тапқан азаматтар бастарына пластикалық пакет кигізілгендіктен тұншығып өлуі мүмкін. Біз мәйіттерден күш қолданып, қол-аяқпен ұрып-соғудан қалған іздерді, қабырғаларының сынғанын, соққыдан қолдарымен қорғанып баққанын анықтадық, - деген Михаэль Тсокос маусымның 6-сы күні онлайн-басылымға.
Қаза тапқан азаматтар бастарына пластикалық пакет кигізілгендіктен тұншығып өлуі мүмкін. Біз мәйіттерден күш қолданып, қол-аяқпен ұрып-соғудан қалған іздерді, қабырғаларының сынғанын, соққыдан қолдарымен қорғанып баққанын анықтадық.

Неміс сарапшыларының сөзіне қарағанда, бұған қоса токсикологиялық сараптама кезінде өлерінен бұрын екі азаматқа психикаға әсер ететін дәрілер берілгені анықталған.

Deutsche Welle-нің жазуынша бұрынғы "Нұрбанк" басшыларының дәл қашан өлгенін анықтау қиынға соқпақшы. "Олардың бірнеше ай бұрын ғана немесе 2007 жылдың басында өлуі мүмкін. Өлі денелерді әк толы ыдысқа тыққандықтан сарапшылар олардың өлген сәтін дәл анықтай алмады" деп мәлімдеген Михаэль Тсокос Deutsche Welle-ге.

Мамырдың 17-і күні Қазақстанның бас прокуратурасы Алматының маңынан 3-3,5 метр тереңге көмілген әкке толы темір бөшкелерден екі мәйіт табылғанын хабарлаған еді. Прокуратура өкілдері айуандықпен өлтірілген мәйіттердің осыдан төрт жыл бұрын Алматыда ізім-қайым жоғалып кеткен «Нұрбанктің» бұрынғы менеджерлерінің денесі болуы мүмкін екенін айтқан. Бұған көз жеткізу үшін олар қазақ және неміс мамандарының бірігіп, мәйіттерді арнайы сараптамадан өткізіп жатқанын да хабарлаған болатын.

Сейсенбі күні тәуелсіз сараптаманың нәтижесіне байланысты Қазақстанның бас прокуратурасына хабарласқанымызда алдағы күндері осыған байланысты арнайы брифинг өтетінінін білдік. «Әзірге, ешқандай түсініктеме бере алмаймыз» деп бас прокуратураның баспасөз қызметінің өкілі қысқа қайырды.

Мамыр айында Қазақстанның бас прокурорының орынбасары Иоганн Меркель «егер мәйіттердің дәл Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасенов екені анықталатын болса, онда Әлиевке жаңадан айыптар тағылатынын» айтқан болатын. Расталмаған дерек көздерінің айтуынша, табылған мәйіттерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу тобы құрылған. Бірақ ол жайлы анық мәлімет алудың сәті түспеді. Сейсенбі күні Алматының прокуратурасы да «тергеу құпиялылығына байланысты» қандай да бір ақпарат беруден бас тартты.
Қазақстанның бас прокурорының орынбасары Иоганн Меркель «егер мәйіттердің дәл Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасенов екені анықталатын болса, онда Әлиевке жаңадан айыптар тағылатынын» айтқан болатын.

Азаттық радиосы мәйіттерге жасалған сараптамаға қатысты қосымша мәлімет алу және сарапшылар тобының құрамын анықтау үшін Михаэль Тсокосқа хабарласқан еді. Өзінің жазбаша жауабында «Шарите» клиникасының маманы «Қазақстандағы ресми баспасөз мәслихатына дейін маған қандай да бір мәлімдеме жасауға рұқсат жоқ» деп жауап берді. Азаттық тілшісінің "Бірақ, сіз мұндай мәлімдемені Deutsche Welle-ге жасап үлгердіңіз ғой" деген сөзіне Тсокос мырза "Бұл менің [Венадағы] баспасөз-мәслихатының ізінше жасаған ресми мәлімдемем болатын" деген жауап қайырды.

Ескеруге тұрарлық тағы бір жайт - Венада өткен баспасөз мәслихатына екі банкирдің туыстарының мүддесін қорғаушы адвокаттардан басқа нақты кімдер қатысқаны туралы анық дерек жоқ.

Қазақстан билігі «Нұрбанктің» топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің жоғалуына президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің қатысы бар деген еді. 2008 жылдың қаңтар айында Қазақстан соты осындай айыппен, сонымен бірге «рейдерлік әрекеттері үшін» Рахат Әлиевтің мүліктерін кәмпескелеп, өзін 20 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарған болатын.

Ал Рахат Әлиев өзіне тағылған айыптарды «ойдан шығарылған», «Астананың ресми тапсырысы» деп сипаттап, жоққа шығарып келеді.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG