Accessibility links

Көк түріктің жұрты көз алдымызда тоналып жатыр


Серік Мұратхан, қазақ блогшысы.
Серік Мұратхан, қазақ блогшысы.
Ежелден алтынды тау Алтай атаған алып тау сілемінің басы саналатын Қытайдың Өр Алтайында соңғы төр бес жылдан бері алтын іздеушілер көбейіп кетті.

Ежелден қиыр қонып шет жайлап жүрген қазақтар табан астындағы асылды енді біліп сезе бастады ма, жоқ жаңа алтын іздейтін техниканың көмегі ме – сол Алтайды мекен еткен қазақтар арасында алды ат басындай, арты тайдың тұяғындай кесек алтын тауып алып байлыққа кенеліп жатқанын естіп, «е, бұл да құдайдың қазаққа оң көзі ғой, мекенінің астын да үстін де байлыққа толтырған» деп, өз ата бабасынан қалған жердің байлығынан үлес алып жатқан қазақтарға сүйсіе қарап отыра бергеміз.

Байқастап отырсақ, алтын іздейтін аспаптарын ұстаған «алтын іздеушілер» енді сол жерде айранын ұрттап, қойын құрттап сан ғасырдан бері мекен еткен қазақ қана емес, «Алтайдан ат басындай алтын тауыпты» деген хабармен бірге Қытайдың жер-жерінен алтын іздегіш аспаптарын көтеріп қытайларда келе бастапті.

Сонымен алтын іздеу жарысы қыза-қыза келе басекеге түскен екі жақ алтын іздей жүріп, көнеден қалған қабірлерге, қорымдарға қол сала бастапты. Қол салғанда мол салып, көнеден қалған, тарихтан дерек сыр шертетін ескі жәдігерлерді тауып алған, оңай байлыққа батқысы келетіндер ол жәдігерлердің тарихи құныннан шаруасы жоқ, алтын болса алтындай, мыс болса мыстай бағалап, қытайдың жеке саудагерлеріне арзан бағада сатып жатқан көрінеді.

Жақында Қытай қазақтарының интернет әлемін шарлап отырсам, «Көмек керек» деген тақырыппен шыққан жолдамада «Алтай аймағының Шіңгіл ауданынан алтын іздеп жүріп мыс пышақ тауып алдым. Бағалаушылар бұл пышақты мыс дәуріннің өнімі деп отыр. Қаншаға сатсам болады екен?» деп тораптастарынан көмек сұраса, және бір жолдамашы «мен алтын іздеп жүріп қорымнан әр түрлі үлгідегі жебенің ұштарын, алтын теңгелерді тауып алдым: қалай қайда апарып сатсам бағалырақ өтеді» деп көмек сұрап, теңгелердің суретін қойыпты.

Осы «Көмек керек» айдарына жазылған пікірлер арасында шырылдап, «бұл біздің мұрамыз ғой, мұны мұндай талауға түсіргенміз жөн емес!»деп пікір жазғандар да жетерлік.

Қортып айтқанда Алтай тауындағы көк түріктің бесігі саналатын көне мекенде біздің бабамызға қатысты деректер, асыл мұралар арзан бағада қытай саудагерлеріне сатылып жатыр. Бұған темірдей қатаң заңы бар қытай үкіметі ешқандай тосқауыл қояр түрі жоқ, қоя алмайды да. Алтайдың атты адам әрең баратын қай шатқалын аңдысын. Алайда бір таңғалатыным – Қытай үкіметі өз тарихын, тарихи орындарын әспеттеп, зерттеп, археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, сол орыннан тарихи мұражай ашуға келгенде, өз тарихын қадірлеуге келгенде алдына жан салмайды. Оған мыңдап мысал келтіруге болады. Ал қытай үкіметі құрылғалы қазақ жері атанған көк түркітің бесігі болған Алтайға ешқандай қытай археологтары ат ізі салмады. Тек сонау сексенші жылдары түрік жұртының ізі ретінде саналатын балбалтастардың ілікке аларын қара машинамен жинап алып, Үрімжідегі музейге алып кеткен.

Өр Алтайда тарихи іздер мен қорымдар жетерлік, тіпті ел арасында Шыңғысханның хан жолы атанған тауды кесіп салған арба жолы Шіңгілден Сыртқы Моңғолға сайрап әлі жатыр. Осы жолмен орта жазықтан алған алтын-күмістерін тасыған деген аңыз бар. Шіңгілдің басындағы Жаятас үңгірі Шыңғыстың әпкесі мен сүйген жігітінің паналаған жері деп ел аңыз қылады. «Қаһар төгіп қатал әке Ясукей, Салиха мен Сәмен бірге қашқан жер» деп айтылатын «Салиха–Сәмен» дастанына негіз болған жер.

Алтай қай ғасырдан бастау алғаны белгісіз, «мықтың үйі, мықтың тасы» атанған көненің ізі сол жұмбақ қалпында сырын ішке бүгіп жатыр. Өр Алтайдағы әйгілі Тұғырыл хан кесенесі атанған, Алтайдың алып тастарынан салынған кесене әлі сол жұбақ.

Қытай үкіметі Іле алқабынан үйсін елінің молаларын бір кісіліктей-ақ зерттеп, оны жарыққа шығарып, қытаймен үйсін елі байланысын дәріптеп, Қазақстанға де неше келіп кетті. Себебі белгілі – қытаймен достық қатынаста болған, құдандалы болған үйсін мемлекетін дәріптеу арқылы соны ары жалғастыра берейік дегісі келеді.

Тіпті қызды-қыздымен Есік қаласынан табылған сақ жауынгері «Алтын адам» үйсін елінікі дегенге дейін барды.

Ал Қытайды үрейде ұстаған көк түрік елінің ежелгі мекені – Алтайдың тарихи сырын ашуға, ашық жариялы зерттеуге Қытайдың неге құлықсыздық танытып отырғанын бір құдай білсін. Бірақ өз қолымызбен от көсетіп, көне жәдігерлерді саудаға салып сатып алып, із-тозсыз жоғалтып жатқанның артында бір зымияндық, саяси мүде жатқан жоқ па?

Тарихты тек өз ығына, өз мүддесіне ғана жұмыс істететін Қытай елінің қулығына құрық бойлататын қазақ азаматы бар ма екен тәуелсіз қазақ елінде. Бар болса, көк түріктің көне мекені талауға түсіп жатыр.
XS
SM
MD
LG