Accessibility links

Азаттық тілшісі Әлихан Бөкейханның 7 томдық шығармаларын таныстырды


Сұлтан Хан Аққұлы (сол жақ шетте) Әлихан Бөкейхан шығармаларының 7 томдық жинағын таныстырып тұр. Астана, 13 қыркүйек 2011 жыл.
Сұлтан Хан Аққұлы (сол жақ шетте) Әлихан Бөкейхан шығармаларының 7 томдық жинағын таныстырып тұр. Астана, 13 қыркүйек 2011 жыл.

13 қыркүйек күні Астанада Азаттық радиосы, «Нұр Отан» партиясы және Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті ұйымдастыруымен Әлихан Бөкейханның туғанына 145 толуына арналған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.


Конференцияға «Алаш» қозғалысын зерттеп жүрген қазақстандық және шетелдік сарапшылар мен алаштанушы ғалымдар қатысты. Олардың арасында Азаттық радиосының тілшісі Сұлтан Хан Аққұлы, Дина Аманжолова, Тұрсын Жұртбай, Жапонияның Хоккайдо университетінің профессоры Томихико Уяма, америкалық алаштанушы Марта Олкотт бар.

«АЛАШ ИДЕЯСЫ ХАЛЫҚТЫҚ ИДЕЯ БОЛАТЫН»

«Нұр Отан» партиясының хатшысы Ерлан Қариннің ойынша, «бұл жиынды барлық алаштанушылардың форумы деуге болады».

– Алаш тұлғаларының өмір жолы – тәуелсіздік пен бостандықты қазақ
«Нұр Отан» партиясының хатшысы Ерлан Қарин. Астана, 13 қыркүйек 2011 жыл.

халқының оп-оңай ала салмағандығының жарқын мысалы. Бүгінгі тәуелсіздікке өз өмірлерін құрбандыққа шалған аға буынның қосқан үлесі зор, – дейді ол.

Ерлан Қариннің пікірінше, алаштану төңірегінде жасалып жатқан зерттеулер аз емес, бірақ оның халыққа жеткені шамалы. «9-11 сыныптарға арналған кейбір оқулықтарда «Алаш» қозғалысы туралы небәрі екі-ақ бетте сөз болады, «Алаш» қозғалысы үшін бұл аздық ететін анық» дейді Ерлан Қарин.

Жиынға қонақ ретінде қатысушы Сырым Бөкейханов та Әлихан Бөкейханның туысы болғаны үшін советтік кезеңде қыспақтан құтылмағанын айта келе, «қазақ билігі Алашорда мен оның қайраткерлеріне әлі толық бет бұрмай отыр» дейді.

– Біз әлі күнге советтік құрылыстың қалдығымен өмір сүріп келеміз. Совет кезінде идеология қоғам мен халықтан туған жоқ, жоғарыдан жасалды.
Әлихан Бөкейханның туысы Сырым Бөкейханов. Астана, 13 қыркүйек 2011 жыл.

Сол дәстүр әлі де жалғасып келеді. Алаш идеясы халықтық идея болатын, – дейді Әлихан Бөкейхановтың немере інісі.

АЛАШ ЖЕТЕКШІСІНІҢ 7 ТОМДЫҒЫ

Конференция барысында әлихантанушы ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Сұлтан Хан Аққұлы бірнеше жылдық ғылыми-зерттеушілік ізденістері барысында өзі құрастырған Әлихан Бөкейхан шығармаларының қазақ және орыс тіліндегі 7 томдық толық жинағын жұртшылыққа таныстырды.

Бұл жинақта Әлихан Бөкейханның 1889-1937 жылдар аралығында мерзімді басылымдарда, ғылыми журналдар мен жинақтарда жарық көрген ірі ғылыми монографиялары, зерттеулері, саяси публицистикасы, әдеби сын мақалалары мен аудармалары, жеке хаттары қамтылған.

Осы конференциядан соң сұқбат берген Сұлтан Хан Аққұлы Әлихан Бөкейханның шығармалар жинағы әу баста 10 томға есептелгенін, алайда кезінде қаржы бөлген мәдениет және ақпарат министрлігі 7 томмен шектеу жөнінде шарт қойғанын айтты. Оның айтуынша, алғашқы бес том осы министрліктің қаржысына, ал алтыншы және жетінші томдар Ерлан Қариннің жеке қаражатына шыққан.

Конференция соңында қарар қабылданып, 2016 жылы Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын республикалық деңгейде атап өту жөнінде ұсыныс жасалды.

Ол ұсыныста Әлихан Бөкейханның 10 томдығы мен оған арналған тұлғалық энциклопедия шығару, Қазақстандағы бірқатар жоғары оқу орындарына Әлихан Бөкейхан есімін беру, Әлихан Бөкейхан атындағы ұлттық сыйлық тағайындау, ол қызмет еткен жерлерге ескерткіш тақталар қою, сондай-ақ Қазақстанның бірқатар қаласына ескерткішін орнатып, Семей қаласының атын Алаш қаласы деп өзгерту жайы айтылған.
XS
SM
MD
LG