Accessibility links

«Алаш» қозғалысының көсемі Әлихан Бөкейханның туғанына 145 жыл толды


Алаш қозғалысының һәм Алашорда үкіметінің жетекшісі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов. Жеке мұрағаттан алынған сурет.
Алаш қозғалысының һәм Алашорда үкіметінің жетекшісі Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов. Жеке мұрағаттан алынған сурет.

Терең білім, ұлт тарихына құрмет, қазақ халқының азаттығы мен құқығы үшін күрес – «Алаш» қозғалысының жетекшісі Әлихан Бөкейханның кісілік келбетінің бір қыры ғана.


Әлихан Бөкейхан – XX ғасырдың бас кезінде қазақ даласында кеңінен қанат жайған ұлт-азаттық «Алаш» қозғалысының негізін қалаушы және жетекшісі, Алашорда ұлттық аутономиясы Халық кеңесінің төрағасы болды.

«Алаш» қозғалысы жетекшісінің іс-қимылы мен рөліне қазақтың қазіргі заманғы тарихында алғаш рет, 1920 жылдары осылай баға берілді. Қошмұхаммед Кемеңгерұлы (Қошке Кемеңгеров) «Қазақ тарихынан» деп аталатын тарихи очеркінде: «Үкiметтiң қара қуғын жасаған күндерiнде айдауына да, абақтысына да шыдап, ел үшiн басын құрбан қылған ат төбелiндей ғана азамат тобы болды. Бұл топты баулыған – Әлихан», – деп жазды.

ХХ ғасырдың бас кезіндегі саясаткерлердің бірі, тарихшы, журналист, жазушы және драматург Қошмұхаммед Кемеңгерұлы бұл очеркін 1922 жылы аяқтап, 1924 жылы Мәскеудегі СССР халықтарының орталық баспасынан шығарды. Совет өкіметінің қуғын-сүргініне ұшыраған Әлихан Бөкейхан өмірінің соңғы 15 жылын осы Мәскеуде өткізіп, Кремльдің жіті бақылауында болған еді.

ҚАЗАҚ КӨСЕМІ

Әлихан Бөкейхан 1866 жылы 5 наурызда дүниеге келді. Бұл кез отаршылдық саясат салдарынан қазақ халқы ғасырлар бойғы қалыптасқан көшпенділердің дәстүрлі рулық-қауымдық қатынастарынан, жерінен де, оны пайдалану құқынан да ажырай бастаған, көшпенділердің байырғы құндылықтары шеттетіліп, жаңасы қалыптаса қоймаған алмағайып кез еді.

Патшалық Ресейдің отыршылдық саясаты жыл өткен сайын күшейіп, қазақ ішіне дендеп ене түсті, соның кесірінен хандық биліктің байырғы құрылымдары жойылып, қазақтың салт-дәстүрі мен мәдениетіне және оның өз жерінде дербес этнос ретінде өмір сүруіне қатер төнді.

Патшалық биліктің озбыр саясатын жастайынан көріп, түйсініп өскен Әлиханның бойында отаршыл билікке ғана емес, жан алып, жан беріспей-ақ отарлық қамытты киюге мәжбүр еткен өз халқының
Әлихан Бөкейхан ауторы әрі редакторы болған «Голос степи» газетінің 1907 жылы қаңтардың 13-і күні шыққан саны.
салт-санасы, тұрмыс-тіршілігі, шаруашылығы туралы сыншыл көзқарасы да ерте қалыптасты.

1889 жылы «Особое прибавленіе къ «Акмолинскимъ областнымъ ведомостямъ» газетінің қазақ тіліндегі қосымшасы – «Дала уалаятының газетінде» жарияланған өзінің алғашқы мақалаларында-ақ қазақ қоғамының жағымсыз жақтары мен қара халықты қатыгездікпен қанап жүрген надан молда, болыс пен старшынды, тойымсыз байдың сойылын соғып жүрген екіжүзді ақындар мен оқыған қазақтарды аяусыз сынға алды.

«Қырда кім болса да сол молла болады. Аз ғана оқу білетін қазақ, я қашқын ноғай, я сарт, я тәжік. Сол адамдар бек надан һәм нәрсені... білмейді һәм солар надан болған соң қазақтарға ауып, оларды мейлінше бұзады. Қай қазақ моллаға нанбайды, ашық күнді жауын қыламын деп тұрған соң... (Құдайындай иланады)... Бір сорлы қазақ бар ма екен... «жақсы» атанып жүрген қазақтар менен моллалардан көрмеген?.. Сол моллалар надандығыменен дінге қарсы өтірік айтады...» деп жазды «Қ. оязындағы моллаларының баяны» деген мақаласында.

«Баспаханаға хат» атты мақаласында аутор Зұлымбай Қарымбаев секілді қазақ бай-болыстарының, сондай-ақ Мүсәпір Бейшарин тәрізді қазақ кедейлерінің жиынтық кейіпкерін жасады: «Біздің сөзіміздің растығын байқайын дегендер елдегі тілмәштің список жорналын алып, кез-келген жерінен оқып көрсе болғаны, мына жорналдан Зұлымбай Қарымбайұлын көрсе, 15 жылқысы, 100 қойы бар деп жазулы тұрады. Анығы 300 жылқы, 700 қойы болса да һәм Мүсәпір Бейшараұлын көрсе - 50 қойы бар, 5 жылқысы бар деп жазылып тұрады. Ол сорлының іліп алар һеш нәрсесі болмаса да сондай бейшаралар, яғни уақытымен алым бермеймін, һеш нәрсем жоқ деп азар да базар болады».

Ол болыстарды, писарлер мен тілмәштарды «сұм», «залым» адамдар қатарына жатқызды.

Басқа бір мақаласында аутор былай дейді: «Қыр халқы бос жүреді. Бос отырған бастарына ауыр сын тумаған соң мехнат-жұмысқа иленбей, мал шаруасыменен күнелтіп жүрді. Мал бағу өз жөніменен жүре береді. Өлгенге шейін бір қазақ мал бағуды түзеуге ойлаған жоқ, қанша заманнан бері ата-бабаның жолыменен жүреді де отырады».

23 жасар Әлихан сол кездегі қазақ қоғамы мәдениетінің төмендігін, адами әдеп пен ахлақтың жоқтығын өкіне отырып айтады. Халықтың жаппай сауатсыздығы, болыстық билік үшін ру аралық күрес, барымта, байлар мен күштілердің кедейлер мен әлсіздерді аяусыз езуі етек алды деп санайды.

Бұл жылдары, Әлиханның көзқарасынша, қазақ халқы бай мен надан молдалардың және отаршыл биліктің үш жақтан бірдей езгісіне түсті.

Бірақ Әлихан қазақтар туралы: «Қыр халқы... ғылым-білім жайып жатқан һәм өздері ғылым-білімге көңіл бөлген себебінен кешікпей-ақ жақсылықты біліп, еңсесін көтеруге аяқ басар, өздерінің сүйектеріне берген ақылы-санасы болған соң...», – деп жазды.

КҮРЕС ПЕН ҒЫЛЫМ

Омбы техникалық училищесін аяқтаған Әлихан сол кездері жұрт жапа-тармағай ұмтылатын заңгер немесе әскери кәсіпті таңдамай, Санкт-Петербургтегі Орман институтына түсіп, ормантанушы-ғалым дипломын алып шықты. Кейіннен Санкт-Петербург университетінің заң факультетіне төтенше емтихан тапсырып, заңгер дипломына да ие болды.

Міне, осылайша Әлихан Бөкейхан Дала өлкесі – Қазақстанның халық шаруашылығы бойынша сарапшы маман, ірі ғалымға айналды. Сондай-ақ экономист, тарихшы, этнограф, әдебиетанушы ретінде танылды. Қазақ егіншілігі мен мал шаруашылығы, соның ішінде қазақтың сиыр, қой және жылқы шаруашылығы туралы іргелі зерттеулер жариялады. Қазақ тарихы, этнографиясы, әдебиеті мен фольклоры туралы жүздеген мақалалар жазып, «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» секілді халық ауыз әдебиетінің бірнеше үлгілерін жинақтып, баспа бетіне шығарды.

Ол ғылыми атаққа да, ғылыми дәрежеге де ұмтылмады, өйткені негізгі күш-жігерін саяси күреске жұмсады. Кейде ғылыми жұмыстарын еріксіз саяси күрес барысында жазуға тура келді. Академик Әлкей Марғұланның естеліктерінде, Алаш көсемінің 1925-1927 жылдар аралығында Ленинград мемлекеттік университетінің профессоры болғандығы айтылады.

Қазақ жерінің отарлануы мен байырғы жер иесі – қазақ халқына сол кездің өзінде тиіп отырған және алда да тигізе беретін аса ауыр зардаптары туралы бірқатар ірі еңбектері Әлихан Бөкейханның алға қойған мұратының жарқын мысалдары бола алады. Әлихан Бөкейхан бұл зерттеулерді Семей түрмесінде сегіз ай отырған кезінде де жазған еді.

«Қазақтың суармалы егістік жерлерінің алынуы», «Дала өлкесінің түкпірлеріндегі орыс қоныстары», «Ақмола облысындағы переселендердің жер үлестері» деп аталатын мақалаларының тақырыптарынан-ақ оның қандай өзекті мәселелерді арқау еткені айқын аңғарылады. Әлихан Бөкейхан бұл мақалаларды басқа жерде емес, отаршыл метрополияның дәл жүрегінде – Петербург қаласында, «Сибирскіе вопросы» журналында жариялады. 1908 жылы, туған жерден жырақта, бостандықтықтың дәмін татар-татпастан-ақ Самараға айдалып кетті.

САЯСАТКЕР-РЕАЛИСТ

Әлихан Бөкейхан кезіндегі құдыретті Қазақ хандығының бірлігі мен күш-қуатынан айырылып, отарлық тәуелділікке қалай түскенін егжей-тегжейлі зерделеп шықты.

Ол қазақ хандары мен сұлтандарының, ру көсемдері мен билерінің Ресей империясы өкілдерімен жазысқан хаттарын зерттей келе кейбірін газеттер мен арнайы жинақтарда жариялады. Сондай-ақ даланың тағы бір көшпелі элитасы – Кенесары хан бастаған қарулы көтеріліс туралы ел ауызындағы аңыз-әңгімелерді жинақтады. Әлихан Бөкейхан осы ізденістердің арқасында бірнеше келелі тұжырымдар жасап, ой қорытты.

Қазақтың бірлігі мен тәуелсіздігін сақтай алмауының ең басты себебін ол ел тізгінін ұстағандардың, тіпті ең қатерлі кездің өзінде, яғни жоңғар шапқыншылығы кезінде де ел ішінде ауызбірлік орната алмауынан көреді.
Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан шығарған "Иртышъ" пен "Омичъ" газеттері.
«Бұрынғы билеушілердің көпшілігі, – деп жазады Әлихан Бөкейхан, – күш-қуатының барлығын өзара талас-тартыс пен қырқысқа сарп етті» (Түрік баласы. Қазақтың тарихы. «Қазақ», 1913, № 2.).

Алып Ресей империясымен алысып, байырғы тәуелсіздікті қарулы көтеріліспен қалпына келтіру мүмкін емес деп тұжырған Әлихан Бөкейхан «бұл жолды халықтың жаппай қолдауы да неғайбыл, Кенесары көтерілісінің жеңіліске ұшырауы – соның бір көрінісі» деп есептеді.

Алаш жетекшісі отаршыл империяны саяси тұрғыдан реформалап, федеративтік демократиялы мемлекетке айналдыру арқылы ғана қазақтың әуелі өзін-өзі билеп, кейін толық тәуелсіздікке қол жеткізуіне болады деп санады.

Ол мұның ұзақ та азапты жол болса да, ең дұрыс жол екенін көре білді. Сондықтан да 1905 жылы «Халық бостандығы» немесе Конституциялық-демократиялық партияның (кадет партиясы) Ақмола облыстық және Омбы қалалық комитеттерінің ұйымдастырушылары мен жетекшілерінің бірі болды.

Партия 1905 жылы 23 сәуір мен 17 қазандағы манифестердің аралығында дүниеге келді, бірақ аз уақытта-ақ Ресейдегі ең ірі әрі аса танымал оппозициялық ұйымға айналды. Кадеттердің бағдарламасы мен алға қойған мақсат-міндеттері қазақ халқының арман-тілегіне сай келді. Бұл партия «адамның жеке басына қол сұқпаушылықты; ұлтына, діни сеніміне, тегі мен жынысына қарамастан азаматтардың теңдігі мен бостандығын қамтамасыз етуді; халық өкілдіктеріне де, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына да жалпыға бірдей, тең, төте және құпия сайлау құқығын жүзеге асыруды; жер реформасын заңнамалық тұрғыдан шешуді, ұлттық талаптарды әділ орындауды» талап етті.

ҚАЗАҚТЫҢ САЯСИ ТАЛАПТАРЫ

Тәуелсіздікті байырғы хандық басқару институттары негізінде қалпына келтіруді Әлихан Бөкейхан дұрыс деп санамады. Сол себепті де ол өзгеше стартегиялық мақсаттарды жүзеге асыруға ұмтылды. Бұл ұмтылыстарының бір парасы «Қарқаралы петициясы» деген атпен тарихта қалған 1905 жылғы «Қазақтардың петициясында» көрініс тапты.

«Қазақтардың петициясының» басты ұйымдастырушы және негізгі ауторы Әлихан Бөкейханның қазақ халқының бейбіт саяси талаптарын орыс императорына дереу поштамен жіберуді қолға алғаны туралы оның «Дала өлкесіндегі сайлаулар» деп аталатын очеркінде жан-жақты айтылады.

Әлихан Бөкейхан бұл талаптарды Петербургтің «Сын отечества» газеті мен Омбының «Иртыш» газетінде жариялап, оларды өзі редакциялап шықты. «Қазақтардың петициясының» төртінші тармағында «қазақ отырған жерлердің қазақтың меншігі болып саналатынын патша өкіметінен мойындауды» талап еткен Әлихан Бөкейхан «жерсіз мемлекет болмайды» деген ұстанымда болды. Қазақ жерін сақтап қалу және Ресейдің қазақ жеріне орыс шаруаларын орналастыруына жол бермеу мақсатындағы қажырлы күресті ол Санкт-Петербургтегі оқуынан Омбыға оралысымен бастап кетті.

Қазақ халқы петицияда қазақ балалары білім алатын барша бастауыш мектептерге ана тілі мен жазуын енгізуді, қазақ тілінде газет шығарып, іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді талап етті.

Әлихан Бөкейхан кейінірек сырттан таңылған жат заңдармен емес, қазақ халқының салт-дәстүрі мен ұлттық ерекшеліктеріне сай келетін жосын-жоралғылар бойынша үкім шығаратын қазақтың байырғы билер сотын қалпына келтіруді ұсынды. Бұл ретте мысал ретінде Англиядағы сот билігін алға тартты. Ол үшін билер мен билердің сот билігін әкімшілік билікке тәуелсіз ету қажет деп санады.

«Алаш» қозғалысының стратегиялық мақсаттарының бірі – Дала өлкесіне «земство», яғни жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін жаппай енгізу. Земство енгізілген жағдайда жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі күшейіп, белгілі бір аумақта жиналған салықты мектеп, аурухана, жол және тағы да басқа маңызды әлеуметтік нысандар құрылысын жүргізуге, яғни жергілікті инфрақұрылымды салып, дамыту мүмкіндігі болатын еді.

Мемлекеттік Думада тиесілі заң қабылдау арқылы Дала өлкесіне жаппай земство енгізуге ұмтылған Әлихан Бөкейханның түпкілікті көздегені қазіргі қазақ мемлекетін, оның берік іргетасынан қалау еді.

АЛҒАШҚЫ ДЕМОКРАТ

Осынау стратегиялық мақсаттарға жету жолында ұлттық зиялы қауымға да, қарапайым бұқара халыққа да жақын идея ауадай қажет еді.

Әлихан Бөкейхан қазақтарды руға да, жүзге де жіктемеді, әлеуметтік мәртебесіне де, біліміне қарай да бөле-жармады. Қазақты біртұтас халық ретінде көргісі келді. Осы орайда ол ұсынған Алаш атауы ұлтты ұйыстыруға мұрындық болатын тамаша идея болып шықты. Бұл идеяны Әлихан Бөкейхан Алаш қозғалысы пайда болғанға дейін-ақ әрдайым айтып жүрген еді. Сонау 1910 жылдың өзінде-ақ «Қазақтар» деп аталатын тарихи очеркінде қазақтардың соғыс ұраны «Алаш деген мифтік тұлға» екенін атап өткен болатын.

1913 жылы жазған «Қазақтың тарихы» деп аталатын мақаласында Алаш атауына тереңірек тоқталып, Алаш атауының астарында «жетекші» деген мағына жатқанын айтады. «Жошы ханды халық «Алаш» деп атап кетті. Бұл «Алаштың – алаш жұртының басшысы» екенін білдіреді» деп жазады «Түрік баласы» («Қазақ», 1913, № 7).

1917 жылы қараша айында өткен Құрылтай жиналысының сайлауында қазақтардың басым көпшілігі «Үш жүз» партиясын емес, «Алаш» партиясын қолдады, сөйтіп «Алаш» партиясы 43 депутаттық мандатты иеленді. «Алаш»
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан 1937 жылы шілде айында тұтқындалған кезде өз қолымен толтырған анкета. Ресей ФСБ-ның мұрағатындағы құжат. Мәскеу, ақпан, 1995 жыл.
партиясы Қазан төңкерісінің қарсаңында Ресейдегі елуге жуық партияның ішінде сегізінші орында тұрған еді.

Әлихан Бөкейхан шынайы демократтық жолға түсті. Шынайы саясаты бағамдай білетін ол өз елінің Ресей федеративті парламенттік республикасының құрамында болашағы болмайтынын аңғарды.

Алаш көсемі 1917 жылғы Ақпан төңкерісі кезінде Батыс майданның тылында жүрген болатын. Күтпеген төңкерістен кейін ол Орал облысы мен Бөкей ордасында қазақ сиездерін ұйымдастырып, өткізу үшін майданнан Шафқат Бекмұхамедұлы мен Уәлидхан Танашұлын жібереді. Оларға сиезде қазақтың белгілі ақыны, күйші, Орынбор кадет корпусының түлегі, Әбілхайыр ханның беделді тұқымы Шәңгерей Бөкейұлын жетекші етіп сайлауды аманаттайды.

Аманатты мойындарына алғанда еш қарсылық білдірмеген бұл екеуі неге екені белгісіз Бөкей ордасына барар жолда Шәңгерейге қарай ат басын бұрмаған. (Бұл жайт 1933 жылы Алматы мен Қызылорда қалаларында шыққан, Нұғыман Манайұлы құрастырған Шәңгерей Бөкейұлының өмірі туралы кітаптың алғысөзінде суреттелген).

Әлихан Бөкейхан осы аманат арқылы Орынборда өтетін жалпықазақ сиезінде Шәңгерей Бөкейұлын «Алаш» жетекшісімен тепе-тең жағдайда Алашорда аутономиясы үкіметінің (Халық кеңесі) төрағасы қызметіне нағыз демократиялық сайлау жолымен дауысқа түсіруді көздеген болатын.

Алайда сиезде онымен бірге басқа екі кандидаттың (тағы да Әлихан Бөкейханның ұсынысы бойынша Екінші Дума депутаты Бақыткерей Құлманов пен Айдархан Тұрлыбаевтың) дауысқа түскені белгілі. Әлихан Бөкейхан бұл ұсыныстарынан Қазақстанда демократиялық сайлау дәстүрінің негізін қалағысы келгені байқалады.

КІСІЛІК ПЕН ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ

Әлихан Бөкейханның адамшылығы, қайраткерлігі мен кісілік қасиеттерімен ерекшеленді. Ол пікірлестері мен жолдастарының еңбектерін қай уақытта да орынды бағалай білді.

1914 жылы оның серіктестері әрі достары, сол кезде Орынбор қаласында шығып тұрған «Қазақ» газетінің бас редакторы мен орынбасары – Ахмет
Алаш басшылары (солдан оңға): Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы.
Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлы «газет бетінде үкіметке қарсы мақала жариялады» деген желеумен тұтқынға алынды.

Бұл уақиғаны жеделхат арқылы білген Әлихан Бөкейхан «Қазақ» газетінің келесі нөміріне «Ұят!» деген мақала жариялап, Алаштың біртуар азаматтарына қолдау көрсетті. Өзінің де Самара губерниясында айдауда жүргеніне алты жыл болғанына қарамастан «Алаш» көсемі пікірлестеріне тілекші екендігін осылайша танытты.

«А.Н.Радищев... абақтыға жабылып, 10 жылға Сібірге айдалды. Оның замандасы, тағы бір газетші, Еуропаға жол ашқан Н.И.Новиков Шлиссельбург бекінісінде 15 жылын өткізді. Ахмет және Міржақып бауырларым! Сендерді қамаған түрме – Радищев пен Новиков отырған түрме. Ресейде ең болмағанда бір рет тұтқында болмаған саналы адамдар санаулы-ақ. Достоевский, Потанин, Короленко, Чернышевский, Морозов сықылды жазушылар да түрмеде отырды.... Салтыков, Герцен, Пушкин, Лермонтов, Тургеневтер айдауға кетті...» («Қазақ» газеті, № 54, 1914 ж. Самара).

Әлихан Бөкейхан қарапайым өмір сүрді. Ол тұтқынға алынып, 1937 жылы атылып кеткенде, қызы Елизавета мен немересі Ескендірге Мәскеудің коммуналдық пәтерінен бір бөлме мен кітаптар, фотоальбом, бірқатар қолжазбалары, сондай-ақ... қазір Алматыда өмір сүретін немере туысының қолында сақтаулы тұрған насыбай шақша ғана қалды.

Әлиханды 1933 жылы Мәскеуде бір-ақ рет көрген қазақ совет жазушысы Сәбит Мұқановтың әйелі Мәриям 2000 жылы жеке кітап болып шыққан өз естелігінде Алаш көсемінің тұлғасына деген ерекше таңданысын:
Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхановтың атылар алдындағы суреті. Бутырка түрмесі, Мәскеу, 1937 жыл. ССРО КГБ-сының мұрағатындағы сурет.
«Бөкейханов өте тартымды адам екен... Сырт келбетінен нағыз ақсүйектік қасиет байқалады. Маңғаз, жүзі суық» (Мәриям Мұқанованың «Сағынышым – Сәбитім» кітабынан) деп суреттейді.

Смахан төренің естеліктерінде Әлиханның «туған жерден үш аршын жер бұйырса жетеді» деген сөзді ағайын-туыстарына әрдайым қайталап отыратыны айтылады.

Алайда, Әлихан Бөкейханға да, оның қыздарына да, немересі Ескендірге де ата-баба жерінен топырақ бұйырмады. Барлығы Мәскеуде жерленді. Тек таяуда ғана Алаш көсемінің күйеу баласы, 1920 жылдардағы ірі мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуақасов денесінің күлі Мәскеуден Астанаға әкелінді. Бірақ әлі күнге дейін оны қайда жерлеу мәселесі шешілмей отыр.

Қазақстан өнеркәсібінің жетекшісі ретінде және осы саладағы ірі ғалым ретінде қалыптасуына зор мүмкіндігі болған, Жезқазғандағы түсті металдар кенін игерудің бастауында тұрған оның ұлы Оқтайдың (паспорт бойынша Сергей) да қайда жерленгені белгісіз. Оқтай шамамен 1957 жылы жұмбақ жағдайда өмірден өтті.
XS
SM
MD
LG