Accessibility links

Рамазан Есіргепов түрмеден бір апталық демалыс алып шықты


Рамазан Есіргепов, "Алма-Ата Инфо" газетінің бұрынғы бас редакторы. Алматы, 24 қыркүйек 2011 жыл
Рамазан Есіргепов, "Алма-Ата Инфо" газетінің бұрынғы бас редакторы. Алматы, 24 қыркүйек 2011 жыл

Тараздағы колонияда жазасын өтеп жатқан Рамазан Есіргеповке сырқат анасымен кездесуге барып қайтуға рұқсат берілді. Журналистің қысқа мерзімді демалысы қыркүйектің 19-ынан 26-сына дейін жалғасады.


«АНАМА АҚТАЛДЫМ ДЕП ӨТІРІК АЙТУҒА МӘЖБҮР БОЛДЫМ»

Тараз колониясынан бір апта демалыс алып шыққан Рамазан Есіргепов, алдымен Алматы ауруханасында жатқан анасына барған. 82 жастағы анасының мүшкіл халін көргенде, «біржола босап шықтым» деп өтірік айтуға мәжбүр болғандығын айтады.

- Жағдайы өте нашар екен. Бірақ есін жиыпты, мені көрді, сөздерімді түсініп жатты. Жылады да, күлді де. Мен оған «Ақталдым, бостандыққа шықтым. Жаныңда боламын, бірақ жақында тағы кетуім қажет» деп өтірік айтуға мәжбүр болдым, - деді Рамазан Есіргепов, Азаттыққа қыркүйектің 20-сы күні берген сұхбатында.

Оның сөзінше, колония ішіндегі ахуал жалпы жаман емес. Өзіне айтарлықтай қысым көрсетілмейді. Керісінше, кеңес сұрап келетіндер көп екен, олардың арасында колония қызметкерлері де бар көрінеді.

- Көзқарастары жақсы. Көбі кеңес сұрап келеді. Зейнетақы мәселесінен бастап сот шешімін қайта қарауға беру туралы. Осы аралықта шамамен 50 азаматтың мерзімінен бұрын босап шығуына көмектестім, - дейді журналист.

ДЕМАЛЫС АЛУДЫҢ МАШАҚАТЫ

Қыркүйек айының басында Есіргеповтың анасы инсульт алып, ауруханаға түскен еді. Осы себепті журналист қыркүйектің 5-і күні өзін қысқа мерзімге демалысқа жіберу туралы өтініш жазған. Алайда колония басшылығы сол кезде Азаттыққа берген түсініктемесінде рұқсат берілмейтіндігін айтқан еді. Арада он күн өтісімен журналистке демалыс берілгені қалай деген сұрағымызға, Рамазан Есіргепов өз болжамын айтты.

- Маған рұқсат бермегенімен, колония басшылығы әл үстінде жатқан анасына барып келу - әр адамның міндеті екендігін түсініп отырды. Бірақ рұқсат етпеу керек болды. Дегенмен құқықтық тұрғыда рұқсат етпеулері сауатсыз болып шықты. Мен содан кейін ішкі істер министрлігі мен бас прокуратураға шағымдандым. Әрине формалды түрде осыдан кейін маған демалыс берілді. Ал шындап келгенде, меніңше бұл рұқсат, қыркүйектің 26-сы күні Варшавада ОБСЕ-нің адам құқығына қатысты өтетін жиынына қарсы беріліп отыр, - дейді Рамазан Есіргепов.

КІМНІҢ КІМ ЕКЕНДІГІН БІЛДІМ

Сұхбаттасымыздың сөзінше, қамауда отырған екі жарым жыл көп нәрсені ой елегінен өткізуге себеп болған.

- Осы аралықта өз атына кір келтірмей, менің басыма түскен жайтқа мойымаған әйелім мен бала-шағамды мақтан тұтамын. Себебі олар отбасының қорғаушысы, асыраушысы – менсіз қалып қалды. Кей уақытта темір тордың арғы жағында отырған маған емес, бостандықта жүрген оларға қиынырақ болғандығын білемін, - дейді сұхбаттасымыз.

Ол осы аралықта «нағыз дос пен шын жанашырдың» кім екендігін білдім дейді.

- Дегенмен, мен үшін ең маңыздысы – анамның денсаулығы, - дейді ол.
Сұхбат барысында Рамазан Есіргепов, болшақ жоспарында бірнеше халықаралық жобаларының бар екендігін айтты.

- Бірақ ол туралы уақыты келгенде әңгімелессек. 2012 жылдың қаңтар айында менің жаза мерзімім аяқталады, сол кезде алғашқылардың бірі болып өздеріңізге айтып беремін, - деді Рамазан Есіргепов.

2009 жылғы тамыздың 8-і Тараз қалалық 2-сотының үкімімен «Алма-Ата Инфо» газетінің бас редакторы Рамазан Есіргепов үш жылға бас бостандығынан айырылған еді. Оған екі жыл мерзімге баспагерлік және журналистік қызметпен айналысуға тыйым салынып, «мемлекеттік құпияны заңсыз жинау және тарату», «қызмет бабын теріс мақсатта пайдалану» баптары бойынша айып тағылды.

Қазір журналист Тараз қаласының жалпы тәртіптегі УЖД 158/2 колониясында жазасын өтеп жатыр. Жазасының 2,5 жылын түрмеде өткізген журналист үш мәрте мерзімінен бұрын босату туралы арыз жазған. Оған қоса қоныстану колониясына ауыстыру туралы да бірнеше мәрте өтініш жасаған. Алайда олардың ешқайсысы қанағаттандырылмады. Рамазан Есіргеповтың жаза мерзімі 2012-ші жылғы қаңтардың 6-ы аяқталады.
XS
SM
MD
LG