Accessibility links

Біздің ауыл


Наурыз аулының тұрғындары. Алматы облысы, 3 тамыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Наурыз аулының тұрғындары. Алматы облысы, 3 тамыз 2011 жыл. (Көрнекі сурет)
Біздің ауыл Алматының солтүстік-шығысында. Орысы көп, қазағы аз кішкентай ғана ауыл еді – тіл-көзден сақтасын, сырттан келіп қоныстанып жатқан оралмандар есебінен үлкейіп келеді. Бірақ жергілікті қазақтар «қарақалпақтар мен қытайлар басып кетті. Бұрынғымыз жақсы еді, тып-тыныш» деп күңкілдеп қояды. Ал олардың сол «қалпақтар» мен «қытайлардан» көріп жатқан «жаманшылығын» мен көрген жоқпын.

Ауыл Алматыдан 30 шақырым жерде. Тәуелсіздік алған жылдары қалаға қатынайтын автобус тоқтап қалған екен. Содан бері итшілеп Алматыға жетіп, кешке өлдім-талдым үйге қайтатынбыз. Өткен жылы жаңа қоныстанушылар аудан әкіміне кіріп жүріп, автобус шығартыпты. Күніне бес мәрте жүреді. Сәл болса да жетісіп қалдық.

Біздің ауылды үнемі қараңғылық тұмшалап тұрады. Неге екенін білмеймін, есік алдына жарық қосатындар өте сирек. Ауыл ішіне кіріп келгенде болмаса, айдалада келе жатқандайсың. Тек үйіңе таяғанда ғана терезеден көрінген күңгірт жарықтан тіршілік иісін сезгендей боласың.

Ауылда каркастан тұрғызылған ескі мектеп бар еді, соны өткен жылы президенттің інісі Болат құлатып, орнына жаңадан кішіректеу ғимарат тұрғызып берді. Есесіне ауылдың сыртындағы «Сегіз көлді» меншігіне алыпты. Қазір көлге баратын жолды Астананың трассасына бергісіз етіп жөндеп қойған. Айналасына орнатылған шамдар алыстан көз қарықтырып, самаладай жарқырайды. Ешкімді жолатпайды. Ақысын төлеп балық аулайсың және сол балықты тағы да ақша беріп сатып аласың. Сөйтіп қайырымды мырза аулымызға салып берген мектептің өтеуін ақырын-ақыр-е-ен артығымен өтеп алып жатыр.

Айтпақшы жаңа қоныстанушылар аулымызда мешіт ашқан. Айт намаздарында ол мешітке оралмандардан басқа тірі жан кірмейді. Өткенде, оразаның алғашқы күні жұмысқа келе жатсам, алдымда қаңғалақтап ауыл молдасы тұр. «Развилка базарына барамын. Мешіттің ақша тастайтын жәшігін ұрлап кетіпті. Ішінде бақыр тиын да жоқ еді. Енді сол жәшікті жасатуға кетіп барамын» дейді.
XS
SM
MD
LG