Accessibility links

Израиль кепілдегі сарбазына айырбасталатындарды түрмеден алып шықты


Израиль армиясының капралы Гилад Шалит.
Израиль армиясының капралы Гилад Шалит.
Өткен түнде Израиль үкіметі қазірде бүлікшілер кепілде ұстап отырған өз азаматы - капрал Гилад Шалитке айырбастау туралы келісімге сәйкес, Израиль түрмелерінде отырған палестиндіктердің алғашқы тобын абақтыдан көлікке салып алып шықты. 2006 жылы бүлікшілер ұрлап әкеткен Гилад Шалит жақын арада күні бүгінге дейін Израиль түрмесінде қамауда болған 1027 палестиндікке айырбасталмақ.

Куәгерлердің айтуынша, абақты аумағынан шыққан алғашқы топта әйелдер болған. Олардың көпшілігі Иордан өзенінің батыс жағалауында бостандыққа жіберіледі деп мәлімдеді Израиль тарабының өкілі.

Абақтыдан тұтқындарды алып шыққан топтармен бірге Египет қауіпсіздік қызметкерлері ілесіп жүрген. Египет Израиль мен палестиндік ХАМАС тобы арасындағы келіссөздерге ара ағайын болған еді.

Дүйсенбі күні Израиль Жоғарғы соты бір топ адамның Израиль үкіметінің ХАМАС тобымен арадағы келісімін заңсыз деп тану туралы өтінішін қарап, оны қанағаттандырмай тастады. Арыз иелері - террорлық шабуылдар құрбандарының туыстары - үкіметтің Шалитке айырбастағалы отырғандардың арасында бейкүнә жандардың қанын мойнына жүктегендер бар екенін айтып, оларды бостандыққа шығаруға үзілді-кесілді қарсылық білдірген еді.
XS
SM
MD
LG