Accessibility links

Шымкенттік газеттің редакторы 1,5 жылға шартты жазаға сотталған


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.
Шымкент қаласының әл-Фараби аудандық соты қазанның 19-ы күні жергілікті «Әділет» газетінің бас редакторы Қуанышбек Ботабековты 1,5 жылға шартты түрде соттау және одан 300 мың теңге (шамамен 2 мың АҚШ доллары) моральдық өтемақы өндіріп алу жөнінде үкім шығарған. Бұл туралы «Әділ сөз» қоғамдық қоры хабарлады.

Қор ақпараты бойынша, сотта айыпкер Қуанышбек Ботабеков дауға айналып отырған мақалаларда Шымкенттегі «Оңтүстік» көлік бақылау инспекциясындағы қалыптасқан жағдай туралы тек дерек-дәйектерге ғана сүйеніп жазғанын алға тартқан. Бірақ, әл-Фараби аудандық соты Қуанышбек Ботабековті Қазақстан қылмыстық кодексінің 129-бабы 3-бөлігінде қарастырылған — «Адамды сыбайлас жемқорлық, ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады деп айыптаумен ұштасқан жала жапқаны» үшін айыпты деп тапқан.

«Әділет» газетінде биыл мамыр айының 5-і мен 19-ы күндері «Кеңес мырза, сіз кімнің командасындасыз?.. Президенттің бе, әлде...» және «Аса құрметті Президент мырза!» деген тақырыппен жарияланған мақалалар үшін Кеңес және Бақытбек Нақыпбеков дейтін ағайынды азаматтар басылымның үстінен сотқа шағым түсірген.

Олар аталған жариялымдар өздерінің ар-намысына нұқсан келтіргенін айтып, редакциядан екі мақаладағы 20-дан астам сөйлемді жоқққа шығаруды талап етіп, соттан газетті қылмыстық жауапкершілікке тартуды және моральдық өтем ретінде 10 миллион теңге (шамамен 67,5 мың АҚШ доллары) өндіріп беруді сұраған. Және өтем ақша мүгедек балалардың республикалық қорына аударылсын деп жазған талап-арыз иелері.
XS
SM
MD
LG