Accessibility links

Ақтөбе қалалық полициясының бастығы қамауға алынды


Қолшатыр ұстап тұрған полиция подполковнигі. (Көрнекі сурет)
Қолшатыр ұстап тұрған полиция подполковнигі. (Көрнекі сурет)
Ақтөбеде қалалық полиция басқармасының бастығы Қайрат Мырзабеков қарамағында жұмыс істейтін әйелге қол жұмсаған деген күдікпен қамауға алынғаны туралы ақпарат тарады. Облыстық ішкі істер департаменті Мырзабековтің абақтыда отырғанын растағанымен, оған қандай айып тағылғанын айтпай отыр.

– Подполковник Қайрат Мырзабековтің қамауға алынғаны рас. Тергеу құпиясына байланысты басқа ештеңе айта алмаймын, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің бастығы Алмат Иманғалиев Азаттық тілшісіне.

Кейбір ақпараттарға қарағанда, оқиға өткен аптада болған. Зардап шеккен әйел қарашаның 24-і күні қалалық жедел жәрдем ауруханасына жеткізіліп, оған көмек көрсетілген.

– Ол кісі сенбі күні өз өтініші бойынша ауруханадан шығып кетті. Мен сізге басқа ештеңе айта алмаймын. Дәрігерлік құпия. Полициядан сұраңыз, – деді аурухананың бас дәрігері Сәубет Келімбердиев бейсенбі күні Азаттық радиосына.

Полиция подполковнигі Қайрат Мырзабеков Ақтөбе қалалық ішкі істер басқармасы бастығы болып былтыр қазан айында тағайындалған еді. Бұған дейін ол Хромтау аудандық ішкі істер бөлімі бастығы болған.
XS
SM
MD
LG