Accessibility links

"Белсенді мұнайшыларды" ұстауға сыйақы белгіленді


Жаңаөзен оқиғасы кезінде полицияның атып жатқан сәті бейнеленген әуесқой видеодан көрініс. Жаңаөзен, 16 желтоқсан, 2011 жыл.
Жаңаөзен оқиғасы кезінде полицияның атып жатқан сәті бейнеленген әуесқой видеодан көрініс. Жаңаөзен, 16 желтоқсан, 2011 жыл.
Жаңаөзенде мамыр айынан бері ереуілдеген мұнайшылардың белсенділері -барлығы 16 адам «жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға қатысы бар» деген күдікпен іздестіріліп жатыр деп хабарлаған осы қаладан Азаттыққа телефон шалған тұрғындар.

Жаңаөзендіктердің айтуынша, қаланың әр жеріне көрнекі орындарға ілініп қойылған хабарламада тізімдегі адамдардың дерегін айтқандардың есімдері құпия сақталып, оларға сыйақы төленетініне кепілдік береміз деп жазылған екен. Тізімде барлығы 16 адамның аты-жөні көрсетілген, олар мыналар:

1. Наталья Әжіғалиева
2. Мұратбай Мусинбаев
3. Жанат Муринов
4. Бақытжан Муринов
5. Қанат Естебаев
6. Нұрлан Түркебаев
7. Орынбасар Түркебаев
8. Ербол Болысов
9. Естай Қарашаев
10. Бауыржан Лепесов
11. Әлихан Нұрметов
12. Шабдул Өткелов
13. Ғазиз Мейманов
14. Алдонғар Телеқосов
15. Марат Рахметбеков
16. Ақиса Орынбасынов

Хабарлама соңына Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасының бастығы, полиция майоры Мұқтар Қожаевтың қолы қойылған. Жаңаөзеннен тілшімізге хабарласқан тұрғындар осы қағаздардың көзге түсетін жерлердің бәрінде ілулі тұрғанын айтқан.

Жаңаөзен оқиғасынан кейін Маңғыстауға барған Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев «...Қорықпасын, мұнайшылар, ешкімнен. Мен қазір тапсырма беремін. Ешкім оларды қамамайды, ұстамайды...» деген болатын.

Бұған дейін ресми орындар Жаңаөзенде желтоқсанның 16-сы күнгі оқиғада 15 кісі қаза болғаны туралы мәлімдеген еді. Ал ресми емес мәліметтерді жеткізушілер құрбан болғандардың саны бұл айтылғандардан көп дейді.
XS
SM
MD
LG