Accessibility links

Таңдана көрмеңіздер!


Қазақстан президенті Жаңаөзен тұрғындарымен кездесіп тұр. Президенттің ресми веб-сайтындағы сурет. Маңғыстау облысы, 22 желтоқсан 2011 жыл.
Қазақстан президенті Жаңаөзен тұрғындарымен кездесіп тұр. Президенттің ресми веб-сайтындағы сурет. Маңғыстау облысы, 22 желтоқсан 2011 жыл.

Жаңаөзеннің жанайқайы боздағынан айрылған ата-аналардың зары болып әлі естіліп жатыр. Билік қолынан келетінді істеді: бейнекөріністер паш еткендей, оның жетегіндегі полицейлер өздері қуып таратқан көпшіліктің қыр соңына түсіп атқылады, жараланып бүк түскендерді жеті атасының кегін алардай жабыла тепкіледі.

Компьютер арқылы соны көріп отырғанымда Нұрсұлтан Назарбаевтың:
«Жаңаөзендегі тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғандар тіпті бой көрсетпеген» деп бұлыңғыр бастағанмен, одан арыда: «Жаңаөзенде әрбір жасқа 20 мың теңгеден беріп, арақ ішкізген» деп анық айтқан сөздері есіме түсті. Сондай «қамқорлық» көрген жастар бытырап қашпаса керек еді, сірә, алқын-жұлқын боп жүргендеріне қарағанда, сол ақшаны полицейлер алып, арақты да солар ішкен шығар деген ой келді. Президент «жастарға берілген» ақшаның санын қадап айтып, ал «ішкізген» арақтың мөлшерін неге айтпады екен деп таңдандым да.

Нұрсұлтан Назарбаев мырза содан кейін бүй деді: «Ал енді барлығын осыны дирижировать етіп отырған Жаңаөзенге келген жоқ. Сырттан отырып жасады...».
Сондай «қамқорлық» көрген жастар бытырап қашпаса керек еді, сірә, алқын-жұлқын боп жүргендеріне қарағанда, сол ақшаны полицейлер алып, арақты да солар ішкен шығар деген ой келді. Президент «жастарға берілген» ақшаның санын қадап айтып, ал «ішкізген» арақтың мөлшерін неге айтпады екен деп таңдандым да.

Оның бұл сөз-сөйлем сиқында менің шаруам жоқ, бірақ «сырттан отырып дирижировать жасағанның» кім екенін білетін сияқты, ендеше соны неге атап айтпады деймін ғой баяғы.

Ол одан соң: «Ана оңбағандарды іздейміз... дүниенің қай түкпірінде болса да іздеп табамыз оларды. Биыл таппасақ, келесі жылы табамыз...» деді.

Әрине, жартысы табылған сияқты, қалған жартысын табу қиын болмас. Іздеген табады. «Биыл таппасақ, келесі жылы...». Иә, асығудың да керегі жоқ. Қайда асығамыз?! Никита Хрущев межелеген коммунизмнен асып кеткенімізге отыз жыл болды. Бүгінде «экономиканы дамытудың қазақстандық жолымен» жортқаннан жортып, «бүкіл әлемнің назарын өзімізге аударып», капитализмнің төрінде талтайып отырмыз. Асығып алаөкпе болмайық, 2030 жылға дейінгі уақыт өзіміздікі емес пе?!

«Екінші мәселе – жоқ жерде жарық күннің ортасында адамдар қаза болды. Соған мен көңіл айтайын деп келдім» деді президент.

«Жоқ жерде», ә? Жаңаөзен мұнайшылары наразылық бастағалы жеті ай болса да, желтоқсанның 16-сы күнгі қақтығыс сол жеті ай бойы күтілмей, жоқ жерде сопаң ете түскен екен-ау?! Таңданбай көр!

Ал енді түсінікті сөзі: «жарық күннің ортасында» дегені болды. Азын-аулақ орысшамды жиып-теріп, аударып-төңкеріп отырып, мұнысы: «средь бела дня» дегеннің тәржімесі екенін біле қойдым.

Президенттің бір жәйтті кейде алай, кейде былай айтып қалатыны барын мен де сезуші едім, соным тағы расталды. Яғни: «Соған мен көңіл айтайын деп келдім» дегенін түсінуім қиындау болды.

Қаза шыққан жерге бару, қасірет шегіп отырғандарға көңіл айту қашанда жөн. Түсінікті. Бірақ «түсінуім қиындау болды» дегенім... егер жаңаөзендіктердің наразылық дауысы шыға бастағанда-ақ президент алаңдаса, құлақ түрсе, көз тіксе, дереу тексерттірсе, ақ-қараны ажыратса, мұнайды сапырып отырған миллионер-миллиардерлердің әніне емес, олардан құқай көруші жұмысшылардың мұң-зарына мән берсе, төреліксіз «жыр» жеті айға созылмас еді, жастар жауыздық оққа ұшпас еді, президент: «көңіл айтайын деп келдім» деген жылтырақ жұбаныш сөз айтып әуреленбес еді!

Қару-жарақтың қара күшінен қаймыққан мұнайшы қауым іштен тынды. Су жоқ жерге көпір салғыш, тау жоқ жерге тас үйгіш билік оқиғаға кінәлі біреуді жазаласа, кінәсіз төртеуді жазалар.

Президенттің Маңғыстауға әкім етіп әлгі Бауыржан Мұхамеджанов дегенді дедектетіп алып барғаны тегін емес. Бұл мырза ішкі істер министрі болып ырғап-жырғап жүргенінде: «Заманбек Нұрқаділов өзін-өзі үш рет атып өлтірген!» деп өресіз «өсиет» таратып, тіпті міз бақпады емес пе?! Ол енді мұнайлы өлкеге көктен құйқа турамшылаған күріш көже жаудырса, таңдана көрмеңіздер!

(26. 12. 2011 ж.)
XS
SM
MD
LG