Accessibility links

Мәжіліске ассамблея үміткерлері сайлана бастады


Бүгін, қаңтардың 16-сы Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында парламент мәжілісіне Қазақстан халықтары ассамблеясынан сайланатын депуттарды сайлау басталды деп хабарлайды ҚазТАГ агенттігі.

Сайлау заңнамалары бойынша, Қазақстан халықтарының ассамблеясы сессиясын өткізіп жатқан жерде сайлау комиссиясы дауыс беру орындарын ашуы тиіс.

Сайлау заңнамаларына сәйкес ассамблея кеңесі мәжіліс депутаттығына 9 үміткер ұсынған. Олардың арасында Қазақстандағы ұйғыр, корей, неміс, орыс, шешен-ингуш ассоциацияларының, татар-башқұрт, украин және өзбек этномәдени бірлестіктерінің өкілдері бар.

Орталық сайлау комиссиясы ассамблея ұсынған үміткерлердің барлығын 2011 жылдың 30 желтоқсанында тіркеген.

Қазақстанда парламент мәжілісіне партиялық тізім бойынша сайланатын үміткерлерді сайлау қаңтардың 15-і күні өтті. Орталық сайлау комиссиясының кеше сайлау аяқталған соң таратқан мәліметі бойынша, дауыс беруге сайлаушылардың 75,07 пайызы қатысқан.

Ал экзит-полл жүйесі бойынша өткізілген сауалнаманың қорытындысында парламентке өтуге қажетті жеті пайыздық межеге "Нұр Отан" (81,3 пайыз), "Ақ жол" (7,2 пайыз) және Қазақстан халықтық коммунистік партиясы (7,1 пайыз) жеткен.
XS
SM
MD
LG