Accessibility links

Иран спутник табақшаларын құрта алмады


Тегерандағы спутник табақшасын тәркілеу кампаниясы. 21 ақпан 2012 жыл
Тегерандағы спутник табақшасын тәркілеу кампаниясы. 21 ақпан 2012 жыл

Иран билігінің спутник табақшалары арқылы телерадио хабар алуға тыйым салып, табақшаларды тәркілеу кампаниясы сәтсіз аяқталғанға ұқсайды. Тегеранда жасалған соңғы сауалнама бойынша қала тұрғындарының үштен екісі әлі спутник табақшасы арқылы шетелдік каналдарды көріп, тыңдап отыр.


Иран үкіметінің азаматтарына шетелдік телерадио хабарларды көруге шектеу қойып, спутник табақшаларын азайтуға күш салып жатқанына бірнеше жыл болды. ислам республикасында табақшаларға біржола тыйым салынған. Полиция үй-үйді аралап, мұндай хабар қабылдағыштарды іздеуге һәм тәркілеуге көп уақыт сарп етеді.

Мына бейнематериалда полицияның осындай әрекеті бейнеленген.



Бірақ Иранның спутник табақшаларына жариялаған соғысы тұйыққа тірелген сияқты. Полицияның тексеруі де, қомақты айыппұл салу да ирандықтар үшін спутниктік телеарналардан сүйікті хабарларын көруге кедергі бола алмайтын сияқты.

Спутник табақшаларының "зиянды әсері" туралы жуырда Құм қаласында өткен семинарда Мохаммад Реза Хосроу есімді зерттеуші Тегеран тұрғындарының 65 пайызында осындай табақшалар бар екенін хабарлаған.

Жаңағы зерттеуге сәйкес Иранның діни орталығы, қасиетті қала деп есептелетін Құмның өзінде 30-40 пайыз тұрғын спутник табақшасын орнатқан болып шыққан. Зерттеуші дерек көздерін ашып айтпаған.

Иранның ресми билік өкілдері спутник табақшаларының зор сұранысқа ие екенін мойындап, бұл құбылысты шетелдік телеарналардың зиянды ықпалы деп бағалаған.

Былтырғы шілде айында ирандық консерватор молда Ахмад Хатами спутниктік телеарна хабарлары Иранның дұшпандары жариялаған "жұмсақ соғыстың" (америкалық Джозеф Най есімді ғалым ойлап тапқан soft war терминінің аудармасы - ред.) бір бөлігі деп жариялаған.

Хатами: "Исламға, Ислам революциясына және ұлы иран ұлтына қарсы майдан ашу" спутниктік телеарналардың негізгі мақсаттарының бірі деп мәлімдеген Хатами Тегерандағы жұма намазының кезінде. Құтпаның видеосын төменнен көре аласыз.




Көптеген ирандықтар үшін спутниктік телеарналар ақпарат пен ойын-сауық хабарларын көрудің бірден-бір амалы. Ал жергілікті мемлекеттік телеарналарда "жеңіл мазмұнды" хабарларға қатысты қатаң цензура қойылған.

Бірнеше ай бұрын спутник табақшасын полиция тәркілеп әкеткен бір тегерандық әйел Азаттық радиосына полиция кете салысымен жаңа табақша мен қабылдағышқа тапсырыс бергенін айтады.

"Көретін жалғыз қызығымыз - осы. Мемлекеттік телеарнада қарайтын дым жоқ. Келсін, енді мұны да алып кетсін. Бәрібір, жаңасын алдырам" дейді ол.

Тегерандағы полицияның спутник табақшаларын тәркілеу науқаны туралы фоторепортажды мына сілтеме арқылы көре аласыз.
XS
SM
MD
LG