Accessibility links

Ядролық қаруға қатысты Иран халқы не дейді?


Иран президенті Махмуд Ахмадинежадтың карикатуралық қатырма бейнесі. Дюссельдорф, 20 ақпан 2012 жыл
Иран президенті Махмуд Ахмадинежадтың карикатуралық қатырма бейнесі. Дюссельдорф, 20 ақпан 2012 жыл

Ирандықтар өз еліндегі ядролық бағдарлама туралы не ойлайды? Израильден төнген әскери шабуыл қаупі және халықаралық қатаң санкциялар жайлы ел ішінде және шетте жүрген ирандықтардың Азаттық радиосының Фарда қызметіне телефон және интернет арқылы жіберген пікірлерін сол қалпынша ұсынамыз.


«Иран ядролық қару жасап алу үшін уақытты соза түсуге тырысып жатыр. Оны жасап үлгермес. Есесіне ол өзіне де, әлемге де проблема туғызып жатыр. Бұл режимге қаншалық көбірек уақыт берсеңіз, адамзат ұрпағына қарсы соншалық зұлымдық жасаған боп шығасыз».

«Ирандық бола тұрып, ядролық қаруды қаламау мүмкін бе, өзі? Қандай қымбатқа түсер болса да, атом энергиясы қазір күштіліктің белгісі. Сіздер атом қуатына қол жеткізе алдыңыздар. Біздің де оған хақымыз бар. Иә, біз атом бомбасын қалаймыз. Бізді кім тоқтата алады екен?»

«Меніңше, бейбіт мақсатта ядролық технология қолданғанда тұрған бұрыс ештеңе жоқ. Бірақ, Иранның жүргізіп отырған саясатына қарап, оның уранды бейбіт мақсатта байытып жатқандығына ешқандай кепілдік жоқ деуге болады. Сондықтан халықаралық қауымдастықтың да алаңдауын түсінуге болады».
Еуропа мен АҚШ ядролық қаруы бар алға басқан мұсылман елінің дамуына ешқашан да мүдделі емес.

«Бізде не себепті ядролық қару болмауы керек? Егер бізде ондай қару бұрынырақ бар болғанда, Иракпен соғыс ешқашан болмас еді».

«Еуропа мен АҚШ ядролық қаруы бар алға басқан мұсылман елінің дамуына ешқашан да мүдделі емес. Израильдің де ядролық қаруы бар және ол ел ядролық қару таратпау келісімінің мүшесі де емес. Бірақ оған ешкім ештеңе деп жатқан жоқ. Атом мәселесіне келгенде Еуропа мен АҚШ Иранға өзінің қалауын зорлап таңып жатыр. БҰҰ да осы елдердің ықпалында. Бұл – кәдімгі джунгли заңы ғой».

«Мен АҚШ барлау комитетінің Иран атом бомбасын жасау туралы шешімге әлі келген жоқ деген баяндамасын оқыдым. Меніңше, Иран ядролық қару-жарақ қана емес, әлемдегі ең дамыған қару-жарақтың барлығын иеленуі тиіс. Иран өзінің 2 500 жыл бұрынғы даңқына жетуі керек».

«Иран режиміне атом бомбасы өзін қорғап, сақтап қалу үшін ғана қажет. Солтүстік Кореядағыдай атом қаруы ашаршылыққа соқтырса да, режим үшін ол түк те емес».

«Иран саясаткерлеріне ядролық қару жасаймыз деген шешім қабылдаған жоқпыз деп АҚШ-ты ақымақ қылып алдау оңай болып тұрма сонда? Сонда мұншама айғай-шу, дау-дамай, миллиондаған экономикалық шығындар тек электр энергиясын өндіру үшін ғана болып жатыр ма? Әлі-ақ көресіздер, бір күні жер асты сынағы бұрқ ете қалады. Сосын Солтүстік Кореямен арада болған жағдай сияқты Иранмен де келіссөз жүргізетін арнайы өкіл жіберуге дайындала беріңдер».
«Иран басшыларының атом қаруын жасауына кедергі жасалуы тиіс. Олардың билік пен байлыққа деген құмарлық араласқан «руханияты» елді соғыс пен қирауға ұшыратып тынады».

«Мен ядролық қару жасауға кететін шығынға қарсы болсам да, орналасқан аймағына байланысты Иран үшін мұндай қару иелену міндетті деп санаймын. Себебі Иранды Пәкістан, Үндістан және Израиль сияқты ядролық қаруы бар елдер қоршап жатыр. Қазір Иран ауыр экономикалық күйзелісті бастан кешіп жатыр және ең жаманы осы ауыртпалық қарапайым халықтың басына түсіп тұр. Санкция салу, жан-жақтан қысу тығырықтан шығармайды. Егер сіз шынымен де үкіметке қысым көрсету керек дегенді жақтайтын болсаңыз, мен сияқты жай халықты режимге қалай қарсы тұру керектігі туралы хабардар етуіңіз керек. Ел-жұрт қалаларда ғана тұрмайды. Сіздің дауысыңыз алыс ауылдағы бұқараға да жетуі керек».

«Меніңше, осының бәрі Батыс пен Иранның арасында болып жатқан үлкен ойын сияқты көрінеді. Олар Ираннан «төнетін қатерді» айтып қорқытып, Иранның көршілеріне миллиардтаған доллардың қару-жарағын сатып жатыр. Иран болса күллі әлемге проблема жасап жатса да, онымен ешкімнің шаруасы да жоқ. Өкінішке орай, қарапайым ел-жұрт қана осының азабын тартып жатыр».

«Батыс елдері ядролық технологияға монополия орнатқысы келіп тұрған шақта оларға қарсы шығатын елдер табыла бермек. Сондықтан Иранның бұл монополияны мойындамауы дұрыс. Бірақ күндердің күнінде ядролық банк құрылатын болса және Батыс бұл саладағы монополиясынан белгілі бір шекке дейін бас тартатын болса, онда өзге елдерге де ядролық технологияны дамытуға қатысты шек қоюға болады».

«Иран басшыларының атом қаруын жасауына кедергі жасалуы тиіс. Олардың билік пен байлыққа деген құмарлық араласқан «руханияты» елді соғыс пен қирауға ұшыратып тынады».

(Пікірлерді парсы тілінен аударған – Гүлнәз Эсфендиари)
XS
SM
MD
LG