Accessibility links

Итатқыш болғым келеді


Киевте өткен иттерді қорғау шарасы. 25 қаңтар 2012 жыл. Көрнекі сурет
Киевте өткен иттерді қорғау шарасы. 25 қаңтар 2012 жыл. Көрнекі сурет

Алматы қаласында жеті аудан бар. Сол жетеудің біреуінде ғана – Алмалы ауданында биыл бұралқы иттерді атуға он миллион теңге бөлінді...


Қолыма қару алғым келеді! Сосын, қаңқ еткізіп, құлатсам ба деймін. Нысанаға алғанымды. Әлбетте, шенеунік не депутатты емес. Біріншіден, Астана сол жағалауында суық қарумен жүргізбейді. Екіншіден, олардан не пайда? Өздері бекітетін бюджетте олар мұндайға шығын қарастырмаған. Мен алысқа кетсем бе деймін. Мысалы, Алматыға! Жо, жоқ, қиырдағы Жаңаөзенге бармаймын. Ол жақта баға мүлдем төмен. Еңбегіңді ақтамайды.

Мәселен, менің тап-таза кеңседе жүріп, алатын айлығым жүз он мың теңге. Статистика агенттігінің дерегінше, бұл орташа жалақыдан он мыңға төмен. Ал, Жаңаөзен мұнайлы өлке. Ақша көп. Бірақ, лайықты баға жоқ. Өздеріңіз білесіздер, «ғасыр ғұламасы» деген еш елде жоқ атағы бар елбасшымыз «бұзықылар мен ішкіштер жиырма бес мың теңгеге қалада тәртіпсіздік жасады» деп салды емес пе!?
«Ғасыр ғұламасы» деген еш елде жоқ атағы бар елбасшымыз «бұзықылар мен ішкіштер жиырма бес мың теңгеге қалада тәртіпсіздік жасады» деп салды емес пе!?
Яғни, «аспанда - Құдай, жерде – мұнай...» деген жер бетіндегі жалғыз қанатты сөзді тілі шықпаған баласына дейін жатқа айтушы менің ағайындарым көлікпен бар-жоғы екі жүз шақырымға жүруге жетерлік жиырма бес литр бензин үшін жарты қаланы астан-кестен қопарып тастаған.

Биліктегілердің сөздерін дұрыс түсініп, ресми санамен сөз саптасақ, орташа жалақының бестен біріне бола яғни, төменгі жалақыға тіптен деңгейлеспейтін сорақы ақшаға «арандатушылар» бүкіл әлемді селк еткізіп, тарихымызға өмірі өшпес қара таңба салып тастаған. Бұл енді масқара! Саяси, экономикалық тағы да басқа жағынан. Мұндай масқаралыққа тек «ішкіштер» ғана емес, жазғыштар да тап болды. Бейбіт адамдарға оқ атқан полицейлердің сорақы әрекеттерін қорғап, оларды мақтап, интернет беттерінде жағымды пікір жазғыштарға да жиырма бес мың теңгеден бұйырғанын білдік. Беймәлімі – полицейлер сол қақтығыста қарусыз халыққа оқ атқандары үшін қанша ақша алған?
Бізде адамның өмірі мен қауіпсіздігі, ар мен азаматтық ұстанымы тіпті қымбат тұрмайды. Есесіне, Алматыдағы қаңғыбас иттердің басы алтынмен тең.
Жақында ғана ішкі істер министрінің блогына бірлі-екілі облыстың тәртіп сақшылары «Жаңаөзендегі қызметімізге қатысты сыйақы қашан беріледі?» деген сауалхат жолдапты. Министр лезде жауап бермеді. Жүгіріп барып, премьерден қосымша қаржы да сұрамады. Соған қарағанда, қантөгістегі еңбекақылар соншалықты көп болмаса керек-ті. Міне көріп отырсыздар ғой, бізде адамның өмірі мен қауіпсіздігі, ар мен азаматтық ұстанымы тіпті қымбат тұрмайды. Есесіне, Алматыдағы қаңғыбас иттердің басы алтынмен тең.

Бір ғана мысал айтайыншы, Алматы қаласында жеті аудан бар. Сол жетеудің біреуінде ғана – Алмалы ауданында биыл бұралқы иттерді атуға он миллион теңге бөлінді. Енді осы қаржыны қандай калькуляторға салсаңыз да, атылатын қаңғыбас бір иттің басы адамды айуанға айналдыруға жарамды жиырма бес мың теңгеден әлдеқайда көп шығады. Алматыда итатқыш болғым келеді!

aigaitasss@yandex.ru
XS
SM
MD
LG