Accessibility links

«Қазақмыс» жұмысшылары ереуілге шықты


Сәтбаев қаласынан 20 шақырым жерде орналасқан, «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Анненский кеніші жұмысшылары ереуілге шықты деген хабар тарады. Шахтадағы кеншілер жалақыны өсіруді талап етіп, жер бетіне шықпай отыр.

Осы кенішке барып қайтқан Жезқазғандағы аймақтық басылымның тілшісі Берік Жағыпаровтың айтуынша, қазіргі кезде кенішке ешкімді кіргізбейді. Кеніш алдында корпорацияның арнайы күзет қызмет жасағы тұр.

Әзірге «ереуілге шыққан» жұмысшылар саны туралы нақты ақпарат жоқ. Расталмаған деректерге қарағанда, олар - 150-700 шамалас адам.

Кеншілердің ереуілге шыққанын «Қазақмыс» корпорациясының баспасөз хатшысы Сандуғаш Сәрсембаева да растады.

- Түнгі кезекте жұмыс істеген 98 адам айлықты көбейтуді талап етіп, жер бетіне шықпай отыр. Ал таңғы кезекке келгенде шахтаға түсуден бас тартты. Жұмысшылардың қандай талабы бар екенін анықтайтын комиссия құрылды. Корпорация басшылығының ресми көзқарасы бүгін кешірек журналистерге жарияланады, - дейді Сандуғаш Сәрсембаева, Kazakhstan Today агенттігінің айтуынша.

Біз бұл ақпараттарға орай сенбі күні түске таман «Қазақмыстың» Алматыдағы корпоративті коммуникация департаментінің жетекшісі Мақсұт Жапабаевқа хабарласқан едік - ол да «сағат 2-де «Қазақмыс» корпорациясы осыған байланысты ресми түсініктеме беретінін» айтты.
XS
SM
MD
LG