Accessibility links

Ақтауға жеткізілген Атабаевты "Ақсарай" қолдады


"Ақсарай" театры тұтқындалған бас режиссер Болат Атабаевты қолдау мақсатында "Көшкін" спектаклін қойды. Алматы, 25 маусым 2012 жыл.
"Ақсарай" театры тұтқындалған бас режиссер Болат Атабаевты қолдау мақсатында "Көшкін" спектаклін қойды. Алматы, 25 маусым 2012 жыл.
Театр режиссері Болат Атабаев және "Рух пен тіл" ұйымының жетекшісі Жанболат Мамай маусымның 24-і Ақтауға жеткізілді. Режиссерді қолдау мақсатында "Ақсарай" театры "Көшкін" спектаклін тегін қойды.

Азаттыққа тіркелмеген «Алға» партиясының жетекшісі Владимир Козловтың жұбайы Әлия Тұрысбекова маусымның 25-і Болат Атабаев пен Жанболат Мамайды Ақтау тергеу абақтысына әкелгені туралы хабарлады.

Әлия Тұрысбекованың айтуынша, оларды Ақтауға маусымның 24-і жеткізген, маусымның 25-і абақтыдағы белсенділерге Ақтауда жүрген Тұрысбекова тамақ пен гигиена заттарын беріп жіберген. Дәрігерлер оған Атабаев пен Мамайдың денсаулықтары бірқалыпты екенін айтқан.

«НАЗАРБАЕВҚА АТАБАЕВТЫ ОТЫРҒЫЗУ ТИІМСІЗ»

Маусымның 25-і күні Болат Атабаевтың «Ақсарай» театры «Көшкін» қойылымын қойып, қамаудағы жетекшілеріне қолдау білдірді. Қойылымға келген жұрт та, әртістер де көзіне жас алып қайтты.
Болат Атабаевтың қарындасы Дана. "Көшкін" спектаклін көріп шыққан беті. Алматы, 25 маусым 2012 жыл.
Болат Атабаевтың қарындасы Дана. "Көшкін" спектаклін көріп шыққан беті. Алматы, 25 маусым 2012 жыл.

«Ақсарайдың» қойылымына адам көп келді. «Әдетте әр қойылымды Болат ағаның өзі сөз сөйлеп, бастайтын» деген оның шәкірттері, «бүгінгі жағдайдың басқа» екенін айтты.
Қойылым да ерекше атмосферада өтті. Әртістер ішіндегі уайымды жеңе алмай, қойылым барысында көз жастарына ерік беріп жатты. Оны іштей түсінген көрермен де бейжай отыра алмады. Көрермендер «Көшкінді» бұрын да көргендерін, алайда бұл жолы айрықша әсерлі болғанын айтысты.

- Бүгін мен «Көшкінді» өзгеше көзбен көрдім, Болаттың ойын түсіндім. Барлықтарыңызға көп рахмет, «Ақсарайға» көп рахмет, - деді қойылымнан кейін көз жасын тыя алмаған Атабаевтың қарындасы Дана.
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:33 0:00
Жүктеп алу


Қойылымға келген Болат Атабаевтың ұлы Арсен Ералы қамауға алынғалы әкесін көрмепті. Мүмкіндік болса, кездескісі келетінін айтты.
Болат Атабаевтың ұлы Арсен Ералы (оң жақта). "Көшкін" спектаклін көріп отыр. Алматы, 25 маусым 2012 жыл.
Болат Атабаевтың ұлы Арсен Ералы (оң жақта). "Көшкін" спектаклін көріп отыр. Алматы, 25 маусым 2012 жыл.

- Өмірі оппозициялық басылымдарға көңіл бөлген емеспін. Ал қазір күнде ақпарат іздеймін, жаңалық қараймын. Тіпті әкемнің ұсталғанын ақпарат құралдарынан білдім. Қазір байқауымша, Еуропа елдерінің белсенділігі байқалып отыр. Соған қарағанда, әкемді ақтайтын шығар деп ойлаймын. Өйткені Назарбаев әлемдік аренада өзінің беделін көтергісі келеді. Сондықтан оған Атабаевты отырғызу тиімсіз. Назарбаевтың алдында таңдау тұр: не әлемге біздегі демократияны көрсету, не Атабаевты отырғызу, - деді Арсен Ералы.
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:09 0:00
Жүктеп алу


Ал қамаудағы Жанболат Мамайдың әкесі Мамай Құрмашұлы, баласы мен Болат Атабаевтың жалғыз кінәсі – «халқының, жұмыскерлерінің шындығын, жанайқайын үкіметке жеткізгені» деді.
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:38 0:00
Жүктеп алу


Қойылымнан кейін келген жұрт Болат Атабаев пен Жанболат Мамайды қолдау хаттарына қол қойысып тарасты.

«ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙДЫ ОСЫНДАЙ ЕТКЕН АТАБАЕВ ЕМЕС ШЫҒАР»

Азаттық тілшісі театр режиссері Болат Атабаевтың абақтыға қамалуына байланысты әдебиет, өнер саласындағы белгілі адамдардың пікірін сұраған еді.
Драматург Дулат Исабеков "Абай" деректі фильмінің тұсаукесерінде отыр. Алматы. 6 маусым, 2012 жыл.
Драматург Дулат Исабеков "Абай" деректі фильмінің тұсаукесерінде отыр. Алматы. 6 маусым, 2012 жыл.

Жазушы-драматург Дулат Исабеков, «өнер адамдарына қамаудан өзге шара қолданған жөн» деп отыр.

- Оның саяси көзқарасы үшін әкімшілік жаза - айыппұл, ескерту секілді шаралар қолдануға болатын шығар. Ал оған саяси мән беріп, оны қуғын-сүргінге ұшыратуға мен қарсымын. Оның кінәсі - Жаңаөзендегі құрбандарға ара түскені. Адамның саяси көзқарасы үшін қуғындауға болмайды ғой. Ол мемлекеттік саясатқа қарсы болып жатқан жоқ. Ол адамдардың әділетсіз түрде сотталғанына, жаза алатын адамдардың жазаланбағанына, нағыз кінәлілердің бостандықта жүргеніне қарсы болып отыр. Мен Атабаев әлеуметтік араздықты қоздырды деп ойламаймын, - деді Дулат Исабеков.

Қазақстан халық әртісі Нұржұман Ықтымбаев Атабаев туралы «мен оны танымаймын, сондықтан ештеңе айта алмаймын» деді.

Режиссер Ермек Тұрсынов, «бұл тұтқындау - биліктің қателігі» деген пікір айтты.
"Келін" фильмінің авторы әрі режиссері Ермек Тұрсынов (сол жақта) кино түсіріп жатыр. Алматы, 2008 жыл.
"Келін" фильмінің авторы әрі режиссері Ермек Тұрсынов (сол жақта) кино түсіріп жатыр. Алматы, 2008 жыл.

- Әлеуметтік жағдайды осындай еткен Атабаев емес шығар. Қазақстандағы қазіргі қиын жағдайларға Атабаевтың қатысы қанша? Сондықтан Атабаевтың тұтқынға алынуын үлкен қателік деп білемін. Осы шешімді қабылдаған адамдар өздерінің жауапкершілігі сезіне ме, сезінбей ме - мен білмеймін. Атабаевты бұрыннан білемін, үлкен режиссер, жалпы қазақта мұндай адамдар өте аз. Сондықтан Жаңаөзеннің өзі бір қателік болса, бұл тұтқындау - одан да өткен қателік, - деді Ермек Тұрсынов.

Режиссер Еркін Рақышев те биліктің әрекетін сынға алды.

- Бұл енді ұят іс болды, биліктің тарапынан. Қол-аяғын байлап тұтқындайтын ол соншалықты не жазды? Ол кісінің қылмысы дәлелденбей тұрып, тұтқынға алу мүлде дұрыс емес. Бұдан Атабаев емес, билік ұтылып отыр. Халықтың алдында биліктің бет әлпеті ашылып жатыр. Атабаев сынды қазақтың азаматын тұтқынға алу - дұрыс емес деп ойлаймын, - деді Еркін Рақышев.
Маңғыстау мұнайшыларының ереуіліне арналған janaozen.net сайтының көрмесінен алынған фотокопия. Суретте театр режиссері Болат Атабаев (оң жақта) пен "Рух пен Тіл" ұйымының жетекшісі Жанболат Мамай (сол жақта) мұнайшылармен 2011 жылы жазда кездесіп тұр. Алатау совхозы, Алматы облысы, 15 мамыр 2012 жыл.
Маңғыстау мұнайшыларының ереуіліне арналған janaozen.net сайтының көрмесінен алынған фотокопия. Суретте театр режиссері Болат Атабаев (оң жақта) пен "Рух пен Тіл" ұйымының жетекшісі Жанболат Мамай (сол жақта) мұнайшылармен 2011 жылы жазда кездесіп тұр. Алатау совхозы, Алматы облысы, 15 мамыр 2012 жыл.

Ал белгілі режиссер Талғат Теменов:

- Мен білетін Болат - дүниеге, әлемге ел секілді қарамайтын, өзінің позициясы бар, өзінің биіктігінен қарайтын азамат. Болатты ел ішіне келіп, былай айтқанда, қазақ халқын бөліп жарып, оларды жау қылатын азамат дегенге мен өз басым сенбеймін. Әрине, өнер адамы ретінде артық кететін шығар. Ал бірақ оның түпкі өзегі - өнер үшін, елдің болашағы, мәдениеті үшін тіршілік етіп жүрген, дарынды, жаны нәзік, жүрегі үлкен азамат, - деді Талғат Теменов.

Азаттық тілшісі белгілі ақын Мұхтар Шахановпен үш күн ұдай хабарласып, "Болат Атабаевтың қамалуына қатысты пікірін" сұрады. Ол кісі бұл сұраққа жауап беруден бас тартты.

- Жоқ, мен енді қазір сөйлесе алмаймын, - деді Мұхтар Шаханов.
please wait

No media source currently available

0:00 0:00:31 0:00
Жүктеп алу



«ШУЛАТА БЕРУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ»

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұловқа хабарласқанымызда, Болат Атабаев жайлы «Алдында айттым, сондықтан қазір шулата берудің қажеті жоқ, реті табылар» деді.

Азаттыққа ақпан айында сұхбат берген Тұңғышбай Жаманқұлов:
Болаттың өзі ашушаң адам, артық кететіні бар. Өзіне де айтқанмын. Айқаймен...құр барқырап бәріне қарсы бола берумен ештеңе шешілмейді.
Тұңғышбай Жаманқұлов.
- Жаңаөзен туралы білмейді екенмін, сондықтан жауап бере алмаймын. Өйткені Болаттың өзі ашушаң адам, кейде артық кететіні бар. Оны өзіне де айтқанмын. Эмоцияға салынуға болмайды мұндайда. Айқаймен ештеңе шешілмейді. Құр барқырап бәріне қарсы бола берумен ештеңе шешілмейді. Меніңше бәрін жамандай бергеннен гөрі, ол ауруды өзінің ауруы деп есептеп, сол ауруды қалай бірігіп ел болып жазуды мен патриоттық сезім деп ойлаймын және адалдық, әділдік деп ойлаймын, -деген.

Ол сол сұқбатында режиссердің «саясатқа ашық араласатынына қарсы» екенін де айтқан еді.

«ЛАС ҚОЛДАРЫҢЫЗДЫ БОС ҚОЙДЫМ»

2012 жылы ақпанның 3-інде «әлеуметтік араздықты қоздырды» деп айыпталған режиссер Атабаев мамырдың 23-інде Жаңаөзенге тергеуге шақырылған.

Ол маусымның 5-і күні Facebook әлеуметтік желісінде "Лас қолдарыңызды бос қойдым - мені сотсыз, 1937 жылдағыдай сыртымнан соттап жібере аласыздар! Сотсымақтарыңызға қатысып, оны заңды процесс етіп көрсетуге құлқым жоқ" деп, тергеуге өз еркімен бармайтынын мәлімдеген.

Ал маусымның 13-і күні Болат Атабаевқа Азаттық радиосында онлайн-конференцияда отырған жерінде ҰҚК қызметкері маусымның 14-і Жаңаөзен қаласына тергеуге келуге шақырту қағазын беріп кеткен еді.

Атабаев тергеуге барудан бас тартатынын жазып берген. Оны мына жерден көре аласыз:

Онлайн-конференция кезіндегі шақырту
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:58 0:00

Маусымның 15-і күні Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) театр режиссері Болат Атабаев пен «Рух пен тіл» ұйымының жетекшісі Жанболат Мамайды үйлерінен ұстап әкетті.

Қазақстан қылмыстық кодексінде 164-бапқа қатысты үш жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Оппозициялық белсенділерге тағылған, 164-бапта көрсетілген айып - Жаңаөзен оқиғасына байланысты.

Жаңаөзен мен Шетпеде шерушілерді күшпен қуып тарату барысында, ресми есеп бойынша, кем дегенде 17 адам қаза тауып, 100-ден аса адам жарақат алды (ресми есеп бойынша). Оппозиция қаза болғандардың саны бұдан әлдеқайда көп екенін айтады.

XS
SM
MD
LG