Accessibility links

Депутаттың үстінен арыз жазып, жындыханаға түскен адвокат соттан құтылды


Зинаида Мухортова, балқаштық адвокат. Youtube сайтынан алынған сурет
Зинаида Мухортова, балқаштық адвокат. Youtube сайтынан алынған сурет
11 ай қамауда отырып шыққан адвокат өзінің үстінен қозғалған қылмыстық істі «кек қайтару» деп атайды.

Балқаш қалалық соты жергілікті адвокат Зинаида Мухортованың үстінен қозғалған қылмыстық істі жапты. Бұл туралы Азаттық радиосына хабарлаған адвокат сот үкімін әлі қолына алып үлгермегенін айтты.

– Бейсенбі күні үкім шықты. Қылмыстық іс тоқтатылды. Сонымен бірге медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының да күші жойылды. Бірақ әлі сот үкімін қолыма алған жоқпын, - деді ол.

Сот үкімін адвокат бүгін сағат үште қалалық соттан алуы тиіс болатын. Азаттық тілшісі түстен кейін адвокатқа хабарласқанмен жауап ала алмады.

АРЫЗ БЕН ҚУҒЫНДАУ

Балқаштық адвокат Зинаида Мухортованың үстінен қозғалған қылмыстық істің «ұзақ тарихы» бар. Бұл туралы әр жылдары «Республика», «Новая газета» сияқты басылымдар мақалалар жариялап отырды.

Ақпаратқа сүйенсек, бәрі де 2009 жылы Балқаш қаласының бес тұрғынының президентке арыз жазуынан басталған. Арыз иелері онда өздері жүргізіп отырған азаматтық іске сол кездегі парламент депутаты Ерлан Нығматуллиннің теріс ықпал етуі жөнінде шағымданады.
Балқаш аудандық сотының ғимараты. Көрнекі сурет
Балқаш аудандық сотының ғимараты. Көрнекі сурет

– Біз Нығматуллиннің үстінен жазған жоқпыз. Тек өзіміз көрген нәрсені ғана баяндадық. «Бізде Нығматуллин бар, сонда да ештеңені жеңе алмай тұрмыз» деп азаматтық істегі қарсы тараптың адвокаттары айтқан. Біз соны арызда жазған едік. Бірақ осыдан кейін бізді қуғындау басталып кетті, - дейді арыз берген бес азаматтың бірі, Балқаш тұрғыны Людмила Каштанова.

Президентке жөнелтілген бұл арыздан кейін төрт азаматтың үстінен 351-бап бойынша («жалған өсек тарату») қылмыстық іс қозғалады.

2010 жылы Ерлан Нығматуллин туралы президентке арыз жазған үш азамат: Людмила Каштанова, Екатерина Гурь және Клара Камбетбаеваны Балқаш қалалық соты кінәлі деп тауып, екі жыл шартты жазаға кеседі.

«ЖЫНДЫХАНАДАҒЫ» ЖЫЛДАР

Ал азаматтық істе бұл үш азаматты қорғаған адвокат Зинаида Мухортованың ісі сәл басқаша өрбиді. Өзінің айтуынша, ол осы арызы үшін 11 ай қамауда отырып, оның сегіз айын Ақтастағы психиатриялық клиникада өткізген.

2010 жылы қамауға алынған адвокат әуелі Қарағанды, Жезқазған, Алматыдағы тергеу изоляторында қамауда болады. Алғашқы жасалған психологиялық сараптама оны «дені сау» деп тапқанмен қайтара жасатылған сараптама оның психологиялық жағдайында «ауытқулар» бар деген қорытынды жасайды.

Осылайша 2011 жылы қаңтар айында оны Алматы облысы, Талғар ауданы, Ақтас ауылында орналасқан республикалық психиатриялық клиникаға ауыстырады. 2011 жылы Youtube.com-ға салған видеосында ол клиникада көрген қорлықтарын былайша баяндаған.

- ...Мені ол жаққа күндізгі сағат 3-те жеткізді. Ал сағат 6-да екі таблетка ішу керектігін айтты. Ол таблеткалардың қандай екенін білмедім, менің оған тіпті реакциямды да тексерген жоқ. Он ішуден бас тартып едім - ұрып-соғып, қол-аяғымды байлап, төсекке таңып тастады. Төрт сағат бойы жаттым. Бұдан кейін олар қайтадан келіп «егер бұл дәрілерді ішпесең, әкімшілікті, қылмыстық атқару комитетінің төрағасын шақыртамыз, сені жазалап, ұрады» деді. Мен дәрілерді тілімнің астына жасырдым да, ішкен кейіп таныттым. Соның өзінде аллергияға тап болдым. Түнде оянып, демім тарыла бастады. Жұтқыншақ пен тамағым қатты ісіп кетті. Егер мен ол дәрілерді ішкенімде өкпем де ісіп кетіп, таңертең оянбас та едім, - деп еске алады Зинаида Мухортова.
Психиатриялық ауруханадағы пациентті тоқпен емдеу. Көрнекі сурет
Психиатриялық ауруханадағы пациентті тоқпен емдеу. Көрнекі сурет

Адвокат видеода бұдан кейінгі күндері физикалық түрде қысым болмағанмен есесіне психологиялық қысым үдей түскенін айтады. «Сенде невроз, шизофренияның белгілері басталып келеді» деген тәріздес «диагноздар» «пациенттің» күн сайын еститін сөздеріне айналған.

Оның айтуынша, клиникада оны арнайы комиссия бірнеше мәрте тексеріп, әр кездерде «дені сау» деген қорытынды жасап отырған. Бірақ соған қарамастан оны тек 2011 жылы шілде айында ғана босатыпты.

– Шілде айында жүргізілген комиссия да мені сау деп тапты. Олар «жасалған қорытындыларға қатысты шағым түсіресіз бе?» деп сұрады. Мен шындықты айту керек емес екенін түсіндім де «шағымданбаймын» дедім. Тек осыдан кейін ғана босатты, - дейді Зинаида Мухортова.

Бостандыққа шыққан адвокат көп кешікпей жоғарғы сотқа шағым жазып, ақпарат құралдарынан да көмек сұрайды. Өзі бастан кешкен оқиғалар туралы интернетке жазады. Ал жоғары сот оның ісін қайта қарау туралы Балқаш қалалық сотына қайта бағыттап, өткен аптада оның үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқтатылады.

– Біз мұны жазалау деп есептейміз. Адвокат ретінде айтарым, біздің істе қылмыс құрамы болған жоқ. Біз бар болғаны азаматтық істер бойынша қарапайым арыз жаздық, - деді Зинаида Мухортова Азаттық тілшісіне.

НЫҒМАТУЛЛИННІҢ ХАТЫ

Бұл мәселеге қатысты Азаттық тілшісі бұрынғы депутат, қазіргі кезде сенат депутаты Ерлан Нығматуллинге хабарласқан еді. Телефон тұтқасын көтерген шенеунік не жайында хабарласып отырғанымызды білгеннен кейін кейін қайта телефон соғуды өтінді. Сәл кешірек хабарласқанымызда телефонын алмады.
http://www.nv.kz сайты 2010 жылы сол кездегі парламент депутаты Ерлан Нығматуллин «облыстық (Қарағанды - ред.) прокурорға хат жазып, онда «өзіне қарсы арыз жазған» адамдарды, «өзінің есімін пайдаланып сотты жеңбек» болғандарды да танымайтынын мәлімдеді» деп жазды.

Сайт 2009 жылы тамыздың 18-і күні жазылған хаттан былайша үзінді келтіреді:
«Менің (ықпал етуімнің арқасында) прокуратура қарсылық білдіріп, сот шешімі өзгерді деп айыптайды. Бұл тұтастай сандырақ және өсек. Бұл шағымда (5 азаматтың арызы – ред.) жазылған жайттардың барлығы өсек-аяң екеніне толықтай сенімдімін. Менің ойымша, бұл менің депутаттық қызметіме кір келтіру үшін әдейі ойластырылған әрекет. Шағым иелері әдейі менің фамилиямды баса айтып отыр. Бұл шағым негізсіз».

Сайттың жазуынша, он күннен кейін облыс прокуроры Нығматуллиннен дәл осындай мазмұнда тағы бір хат алған.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG