Accessibility links

Балқаш түрмесінің экс-басшыларына рақымшылық жасалды


Балқаштағы 2011 жылы 11 шілдеде 16 тұтқын қашпақ болып, ақыры «өздерін-өздері жарып жіберген» АК 159/21 түрмесінің бұрынғы басшылары рақымшылық заңымен босатылды. Бұл туралы адвокат Сергей Шапельдің сөзіне сілтеме жасаған "Қазақстан жаңалықтары" агенттігі хабарлайды.

2011 жылы 11 шілдеде Балқаш түрмесіндегі 16 тұтқын күзетшілерге шабуыл жасап, абақтыдан қашып кетпек болған еді. Ресми дерекке қарағанда, қашпақ болған тұтқындар ұсталар кезде оттегі баллонын жарып жіберіп, түгел мерт болған.

Бұдан соң түрме бастығы Қайрат Қараев, режим бөлімінің бастығы Ерлан Әшімханов және жедел іс-қимыл бөлімінің бастығы Болат Төлеубаев ұсталған. Олар қылмыстық кодекстің 315-бабының 4-бөлімі ("қызметінде әрекет жасамағаны кесірінен ауыр зардапқа ұрындыру") бойынша айыпты деп танылып, түрме басшысы 4 жыл 2 айға, бөлім бастықтары 4 жылға бас бостандықтарынан айырылған.

Адвокат сотталушылардың үкімге берген шағымын қараған апелляциялық сот бұған дейінгі айыпты "қызметіне немқұрайлы қарау" айыбымен ауыстырып, рақымшылық заңымен босатқанын айтады.
XS
SM
MD
LG