Accessibility links

Шекарашылардың "қаза болғаны туралы" құжат берілді


Шекарашы Владислав Челах "қылмыс жасағанын мойындап" тұр. (YouTube видеосынан жасалған скриншот). 13 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет).
Шекарашы Владислав Челах "қылмыс жасағанын мойындап" тұр. (YouTube видеосынан жасалған скриншот). 13 маусым 2012 жыл. (Көрнекі сурет).
"Арқанкерген" бекетінде қаза тапты делінген екі шекарашының туыстарына ұлдарының қайтыс болғаны туралы ресми құжат берілді деп хабарлайды Tengrinews.kz агенттігі.

Шекарашы Денис Рейдің анасына берілген қаулыда "31 мамырда оқиға болған жерде табылған адам мүрдесі шекара қызметінің 2484 әскери бөлімінің сарбазы Денис Рейдікі деген қорытынды жасалып, ол қаза тапты деп танылғаны" айтылған. Тағы бір шекарашы Мейірхан Именовтің өліміне қатысты да осындай қаулы шығарылған.

Бұған дейін бас прокуратура неміс мамандары ДНК сараптамасының қорытындысы бойынша күлге айналған мәйіт қалдықтарында Рүстем Ақылбаевтың мәйіті ғана бар деген тұжырым жасағанын хабарлаған. Неміс мамандары қалған екі адам мәйітінің қалдықтарының кімдікі екенін анықтай алмаған.

Бұған дейін "Арқанкерген" шекара бекетінде қаза тапты делінген шекарашылардың 11-ін тұлғасын қазақстандық сарапшылардың өздері анықтаған. Шекарашылар Рүстем Ақылбаев, Денис Рей және Мейірхан Именовтің тұлғалары ғана анықталмады делінген.

Бұдан соң Берлиндегі "Шарите" құқықтық медицина орталығының ғалымдары молекулярлық-генетикалық сараптама жүргізген.

Арқанкергендегі оқиға 30 мамырда мәлім болған. «Шығыс» аймақтық шекара қызметі Үшарал отрядының Арқанкерген заставасынан 14 шекарашы мен бір қорықшы - барлығы 15 адамның сүйегі табылған.
XS
SM
MD
LG