Accessibility links

Алматыда Серік Сапарғалиды қарсы алды


Серік Сапарғали журналистерге сұқбат беріп тұр. Алматы әуежайы, 11 қазан 2012 ж.
Серік Сапарғали журналистерге сұқбат беріп тұр. Алматы әуежайы, 11 қазан 2012 ж.
Бүгін жергілікті уақытпен сағат 16.00 кезінде Ақтаудан келіп қонған ұшақтан түскен оппозиция белсендісі Серік Сапарғалиды Алматы әуежайында бірнеше адам қарсы алды деп хабарлады сол жерден Азаттық тілшісі.

"Мен өзімді кінәсізбін деп есептеймін және сотқа тартылғандардың ешқайсысының кінәсі жоқ" деді Сапарғали әуежай басында журналистерге.

Дүйсенбі күні Ақтауда Маңғыстау облыстық ауданаралық қылмыстық соты Серік Сапарғалиды шартты түрде төрт жылға соттау туралы үкім шығарған еді.

Жаңаөзен оқиғасына байланысты биыл 23 қаңтарда Алматыда қамауға алынып, кейін Ақтауға жеткізілген Сапарғалиға әу баста 164-бап («әлеуметтiк араздықты қоздыру») және 170-бап («Қазақстан республикасының конституциялық құрылымын күшпен құлатуға немесе өзгертуге не оның аумақтық тұтастығын күшпен бұзуға шақыру») бойынша айыптар тағылды. Бірақ соттағы жарыссөз кезінде прокурорлар 164-бапты алып тастады.

Серік Сапарғали 2011 жылы президент сайлауына үміткер болған. Ол 2011 жылдың 16 желтоқсанында Жаңаөзенде полицияның қарусыз адамдарға оқ атқанына наразылық танытып, Алматыда рұқсат етілмеген митингіге қатысқаны үшін сот шешімімен 15 тәулік қамауда отырып шыққан еді.
XS
SM
MD
LG