Accessibility links

Құлдыққа салынып, зорлықтан бала тапқан әйел


Көрнекі сурет
Көрнекі сурет

Eurasia View Орталық Азия елдеріндегі адам саудасына қатысты мақала басты. Автордың пайымдауынша, Қазақстан үшін бұл - көп қатпарлы проблема.

Басылым Қазақстан үшін адам саудасы мен құлдық мәселесі ерекше күрделі екенін атап өтеді. Бұл елдің өзінен адамдар сыртқа құлдыққа сатылады, бұл ел арқылы басқа аймақтағы елдерден адам тасымалданады және осы елдің өзіне сырттан адамдар заңсыз түрде әкелініп, құлдыққа салынады.

Eurasia View («Еуразия Вью») басылымы желтоқсанның 4-і күні жариялаған мақала адам саудасымен айналысатын алаяқтардың қолына түскен шымкенттік екі қыздың тағдырын баяндаудан басталған. Басылымның жазуынша, Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны 18 жастағы Фатима Мұсабаеваға Мәскеуде жұмыс істеу туралы ұсыныс түскенде, ол бірден келіскен. Автордың зерттеуінше, Фатима 10 жасқа келгенде оның анасы қайтыс болған. Әкесі 2007 жылы дүниеден озған. Фатима 17 жастағы әпкесімен бірге өз күндерін көруге мәжбүр болған. Олар Шымкент қаласында жүргенде қаржыдан қатты қиналған соң ұсынысты қабылдап, 2007 жылы Мәскеуге аттанған. Апалы-сіңлілі екі қыз алданып, адам ұрлайтын алаяқтардың қолына түскен. Оларды ешқандай да жалақы төлемейтін құлдық жұмысқа салған.
Құлдыққа салындық деп шағымданған Бәкия Қасымова мен Лейла Әшірова. Мәскеу, 2 қараша 2012 жыл
Құлдыққа салындық деп шағымданған Бәкия Қасымова мен Лейла Әшірова. Мәскеу, 2 қараша 2012 жыл

Фатима Шымкенттегі «Сана сезім» деп аталатын үкіметтік емес ұйымның кеңсесінде EurasiaNet тілшілерімен кездескенде: «Олар бізді қорлады, қол жұмсады, қала берді ішінде не көрпесі, жоқ не жастығы жоқ жертөлеге қамады. Бұзыла бастаған азық-түлікпен асырады. Сұмдық болды» деген.

Аталмыш ұйым ұрланған жандарға жәрдем берумен айналысады.

«ПОЛИЦИЯ ҚАЙТАРЫП ЖІБЕРДІ»

Мақала авторының жазуынша, қыздар Орталық Азиядан әкелінген басқа да жұмысшылармен бірге ақысыз еңбек еткен. Оларды қатаң бақылауда ұстаған. Қожайындары ұрып-соғып, зорлық жасаған. Фатима сол жақта босанып бала да тауып алған. Ауруханадан қашпақшы болған әрекетінен де түк шықпаған. Жұмыс ұсынғандар әу баста қыздарға «екі жыл істеген соң үйге қайтасыңдар» деген. Бірақ қожайындары олардың құжаттарын тартып алған. Фатима бір мәрте қашып шығып, Мәскеудегі полиция бекетіне барғанын, бірақ полицейлердің оны сол заматта қожайындарына қайтарғанын айтқан. «Сол үшін олар мені аямай сабады. Бір аптадай жүре алмай жатып қалдым» деген ол.

Арада бір жыл өтер өтпесте Фатима тағы да қашып шығып, Мәскеуде тұратын отандастарын барып паналаған. Олар оның Шымкентке оралуына жәрдемдескен. Қазір Фатима Шымкентте «Сана сезім» ұйымының көмегімен өмірін жақсартқысы келеді.

«БҰЛ ІСТЕ ҚЫЛМЫСТЫҢ ҚҰРАМЫ ЖОҚ!»

Басылым «Фатима қазір өзін құлдыққа салған алаяқтарды әділ сот алдында жазалағысы келетін санаулы адамдардың бірі» деп жазады. Бірақ мақала авторы Фатиманың мақсатына жетеріне күмәнмен қарайды. Оның арыз беріп, шағымдануына мүмкіндік туғандай да көрінген. Себебі қазан айында ресейлік құқық қорғаушылар Мәскеудегі ол жұмыс жасаған дүкенге және тағы басқа бірнеше сауда орталықтарына рейд жасаған. Сол кезде белсенділер дүкенде құл сияқты ақысыз еңбек етіп жүрген 12 адамды бостандыққа шығарған. Бұл оқиға Ресей мен Қазақстанда біраз талқыланды. Босап шыққан қазақстандық екі азаматша Лейла Әшірова мен Бәкия Қасымова қожайындарының үстінен полицияға арыз жазған. Сол кезде «Сана сезім» ұйымының мүшелері Фатиманың да мәселесін көтерген.
Мәскеудегі Фатима жұмыс істедім деп сипаттаған дүкеннің сырт көрінісі.
Мәскеудегі Фатима жұмыс істедім деп сипаттаған дүкеннің сырт көрінісі.

Алайда қарашаның 13-і күні тергеу амалдары тоқтатылды деп жазады Eurasianews. Себебі Мәскеу прокуратурасы «бұл істе қылмыстық істің құрамы жоқ» деп мәлімдеген. Осы арада мақала авторы мынадай фактіні келтірген. Әшірова мен Қасымова өздерін қанады деп айыптаған адамдардың бірі 2002 жылы Мәскеуде Орталық Азияның азаматтарын құлдыққа салғаны үшін сотталып, 2003 жылы рақымшылыққа ілініп, бостандыққа шыққан.

Автордың пайымдауынша, адам ұрлауға қарсы күресетін белсенділерге бұл қылмыстың төркіні әбден таныс. «Сана сезім» ұйымының президенті Хадиша Әбішева «Бұл – ұйымдасқан қылмыс. Ұйымдасқан қылмыстық топ пайда болғанда оларды қорғайтындар да табылады» дейді.

Мақалада халықаралық көші-қон ұйымының «Сана сезім» сияқты ҮЕҰ-мен бірлесе отырып, 2004-2012 жылдар арасында Қазақстанда 858 адамды құлдықтан құтқарғаны жазылады.
XS
SM
MD
LG