Accessibility links

Қырғызстанның оңтүстігінде қақтығыс болды


Қырғызстанның Чарбак ауылының тұрғындары. 7 қаңтар 2013 жыл
Қырғызстанның Чарбак ауылының тұрғындары. 7 қаңтар 2013 жыл

Өткен демалыс күндері Қырғызстанның Баткен облысында қақтығыс болды. Сох өзбек анклавының тұрғындары қырғыз шекарашыларына шабуыл жасап, 30 адамды кепілге алған. Қазір ол адамдар түгел босатылды.

Оқиға сенбі күні басталған. Өзбекстанға тиесілі Сох ауданындағы Хушияр ауылының тұрғындары қырғыздың Чарбак ауылы тұсындағы жуықта ашылған шекара бекеті маңында электр желісі бағандарын орнатып жүрген қырғыз шекарашыларына шабуыл жасаған.

Шекарашылар наразы тұрғындардың бетін қайтару үшін аспанға қарата оқ атқан.

Жексенбі күні Сох тұрғындары шекарашылар орнатқан бағандарды құлатып, одан кейін Чарбак ауылына келіп, осы ауылдың алты тұрғынын кепілге алып кеткен. Дүрбелең басталған кезде Сох ауданы арқылы Қырғызстан шекарасына өтіп бара жатқан жеті адам да кепілге алынған.

Ресейлік «Интерфакс» агенттігі кепілге алынған 13 қырғыз азаматы Хушияр ауылының ауруханасында отыр деп хабарлаған еді. Агенттік оқиға куәгерлерінің сөздеріне сүйене отырып, «әу баста жүзден астам адам (Өзбекстан азаматтары) болды, бірақ біраздан кейін қаралары көбейе түсті» дейді.

Қырғызстандағы «Вечерний Бишкек» газетінің дүйсенбі күні таңертең жазған
Сохтағы қақтығыс кезінде бүлінген көлік. Қырғызстан, 7 қаңтар 2013 жыл.
Сохтағы қақтығыс кезінде бүлінген көлік. Қырғызстан, 7 қаңтар 2013 жыл.
дерегіне қарағанда, оқиғаға мыңнан астам адам қатысқан.

"Өзбек азаматтары қырғыз шекарашыларының қаруларын тартып алмақ болды" деген дерек те айтылады.

Қырғызстандағы АКИpress агенттігінің хабарлауынша, қақтығыс кезінде бірнеше қырғыз шекарашысы зардап шеккен.

Бұл дерек көзінің мәліметінше, өзбек азаматтары «шекара бекетін таспен атқылап, Қырғызстанның ондаған көлігін азаматтарымен бірге кепілге алған».

Қырғыздың кем дегенде төрт көлігі өртеніп, Қырғызстан азаматтары мінген автобус Сохтан өтіп бара жатқанда тоқтатылып, адамдары кепілге алынған дейді дерек иесі.

«Вечерний Бишкек» газеті жексенбі, 6 қаңтар күні қырғыз шекарашылары өзбек
Чарбак ауылында жиналып тұрған адамдар. Қырғызстан, 7 қаңтар 2013 жыл.
Чарбак ауылында жиналып тұрған адамдар. Қырғызстан, 7 қаңтар 2013 жыл.
азаматтарына оқ атқанын, оқиға кезінде кем дегенде үш адам жараланғанын айтқан еді.

Өзге бір куәгер қырғыз шекарашыларының қару қолданғанын жоққа шығарады.

Жергілікті қырғыз және өзбек шенеуніктері жағдайды тұрақтандыру үшін келіссөз жүргізіп жатыр. Келіссөзге қатысқан Баткен облысының әкімі Сейітмұрат Калыковтың айтуынша, анклав аумағында кепілге алынған қырғыз азаматтарына қауіп төніп тұрған жоқ.

Баткен облысы әкімшілігінің бүгінгі дерегіне қарағанда, Сох анклавының тұрғындары кепілге алған қырғыз азаматтары - 13 емес, отыздай адам. "Келіссөздің арқасында 14 әйел мен бала босатылды, ал жиырма шақты ер адам Хушияр ауылында әлі кепілде отыр" деді билік өкілдері.

Бірнеше сағатттан кейін Азаттықтың Қырғыз қызметі "кепілде отырған адамдардың қалғандары - 16-сы түгел босатылғанын" хабарлады. Қырғыз шекара қызметінің басшысы Искандер Мамбеталиевтің айтуынша, таңертең босатылған 14 әйел мен баланың денелері соққыдан көгерген, ал кейін босап шыққан 16 адам қазір дәрігерлік тексеруден өтіп жатыр.

Қазір Қырғызстанның Сох анклавына іргелес тұрған Чарбак ауылында электр
Чарбак ауылы маңында жүрген әскерилер. Қырғызстан, 7 қаңтар 2013 жыл.
Чарбак ауылы маңында жүрген әскерилер. Қырғызстан, 7 қаңтар 2013 жыл.
​ жарығы мен су жоқ. Ауылға су Согмент ауылынан ағып шығатын арықпен келетін. Бірақ Сохтағы Хушияр ауылы тұрғындары арықты бөгеп, Чарбактың 300-ге тарта тұрғыны сусыз қалған.

Бүгін Бішкекте президент әкімшілігі ғимараты алдына жүзге тарта адам жиналып, кепілге алынған қырғыз азаматтарын тез арада босаттыруды, шұғыл шара қолдануды талап етті.

Дүйсенбі күні Өзбекстан мемлекеттік қауіпсіздік комитеті Сох ауданындағы оқиғаға байланысты мәлімдеме жасап, бұл іске қырғыз шекарашыларын айыптады. Ташкент тарабының айтуынша, қырғыз әскерінің жергілікті тұрғындарға қарата атқан оғынан Өзбекстанның бес азаматы жараланған.

СССР-ДЕН ҚАЛҒАН «МҰРА»

Баткендегі Өзбекстанға тиесілі, 60 мың тұрғыны бар (олардың 90 пайызы – этникалық тәжіктер) Сох анклавында бұған дейін де жер мен су дауы бірнеше рет туған еді. Бірақ кепілге адам алу оқиғасы болмаған.

Бұрын Баткен тұрғындары Ош пен Бішкекке бару үшін Сох анклавындағы жол арқылы өтетін. Былтыр ғана Баткен-Бургонду-Пульгон айналма жолы салынып, қырғыз азаматтары Сохқа кірмей өтетін болған. Бірақ таудағы бірнеше ауылдың
Чарбак ауылы маңында тұрған көліктер. Қырғызстан, 7 қаңтар 2013 жыл.
Чарбак ауылы маңында тұрған көліктер. Қырғызстан, 7 қаңтар 2013 жыл.
тұрғындары бәрібір Сохқа соқпай өте алмайды. Өзбекстан анклав арқылы өтуді барынша шектейді.

Өзбекстан ислам қозғалысы ұйымы 1999 жылы Қырғызстанның оңтүстігіне шабуыл жасаған соң өзбек билігі Сохтағы шекарашыларын көбейткен. Сарбаздардың көбі – этникалық өзбектер.

Сохтағы оқиғадан екі күн бұрын өзбек шекарашылары Қырғызстанның бір азаматын атқан еді. Шекарашылардың айтуынша, «ол адам контрабандист болған». Ал қырғыз шекарашылары «өзбек әскерінің қарусыз азаматтарды атқаны бұл ғана емес» дейді.

Қырғызстанның аумағында Өзбекстанға тиесілі Сох (ауданға Оңтүстік және Солтүстік Сох анклавтары кіреді) пен Шахимардан, Тәжікстанға тиесілі Ворух анклавтары бар. Ал Қырғызстанға тиесілі Барак анклавы Өзбекстанның Әндіжан облысында орналасқан. СССР заманындағы жер бөлінісі кезінде құрылған бұл аумақтар қазір осы мемлекеттер арасында дауға себеп бола береді.

2010 жылы Қырғызстанның оңтүстігіндегі этникалық құрамы әртүрлі Ош облысында да өзбек пен қырғыз азаматтары арасында болған қақтығыстан жүздеген адам қаза тауып, мыңдаған адам жараланған.

Сох анклавының картадағы орны.


Просмотреть увеличенную карту
XS
SM
MD
LG