Accessibility links

Фото-байқаудың жүлдегерлері


Азаттық жеңімпаздарын марапаттады
please wait

No media source currently available

0:00 0:01:07 0:00

Азаттық жеңімпаздарын марапаттады. Алматы, 25 қаңтар 2013 жыл.

Азаттық радиосы жариялаған «Бүгінгі жастың бейнесі»/«Будни современной молодежи» атты фото-байқаудың жүлдегерлері марапатталды.

Байқауға келген суреттерді сараптаған қазылар құрамының мүшесі, «Қазақ газеттері» мекемесінің фото-тілшісі Азамат Құсайынов «жүлдегерлерді анықтау барысында түрлі пікірлер де болғанын» айтты.

– Әр қайсысымыз үш-үш суреттен іріктеп алып келдік. Осы жерге келгеннен кейін әркім өзі таңдаған суретке қатысты пікірлерін ортаға салды. Жастардың танысу сәтін бейнелеген немесе көп балалы семья туралы фотоларды да бас жүлдеге лайық дегендер болды. Бірақ біз суреттің кәсіпқойлығына, түсірілу шеберлігіне, тақырыптың ашылуына баса көңіл бөлдік. Кейін әркім әр суретке өз бағаларын қойып шықты, – деді Азамат Құсайынов.

«ТІРШІЛІКТІҢ НАҒЫЗ КӨРІНІСІ»

Байқау нәтижесі бойынша «Жастық шағын кім сағынбас» деген фотомен бас жүлдені (сыйлығы – iPhone) иеленген Серік Зұлқаров – кәсіпқой фотограф. «Ашық алаң» газетінің фототілшісі. Сурет түсірумен студент күнінен айналысқанын айтқан ол:

– Темір жол саласы, оның ішінде «вагон жөндеу инжнері» мамандығы бойынша оқып бітірдім. Практикаға барған кезде мен секілді мамандардың май-май боп жүргенін көріп, 180 градусқа бұрылып кеттім, – деп күлді.
Фотограф Серік Зұлқаров Азаттықтың Алматы бюросында суретін қалай түсіргенін әңгімелеп отыр. 25 қаңтар 2013 жыл.
Фотограф Серік Зұлқаров Азаттықтың Алматы бюросында суретін қалай түсіргенін әңгімелеп отыр. 25 қаңтар 2013 жыл.

Серік Зұлқаров «Жастық шағын кім сағынбас» деп аталған суретінің жүлде аларынан үміт еткенін айтады.

– Сол үмітім ақталды. Бірақ Азаттықта жарияланған суреттерді күнделікті бақылап отырып, Сәрсен деген азаматтың «Концертте» деп аталатын суреті бас жүлдеге лайық деп топшылаған едім, – дейді фотограф.

Серік Зұлқаров жүлде алған фотоның қай жерде қалай түсірілгенін де айтып берді.

– Алматыдағы ғылым академиясының жаны болатын. Сол жерде «Алматы бейнесі» атты фото көрме өтіп жатқан. Адамдар көп болды. Фотода бейнеленген кісілер сол жерде демалып отырған. Тіпті менің түсіріп жатқанымды аңғарған да жоқ. Фонтанды фонға қосып, тіршіліктің нағыз көрінісі көрінсін деп алыстан түсіріп алдым, – дейді ол.
Өмір бейнесі. Жастық шағын кім сағынбас. Жүктеген адам: Серік Зұлхаров.
Өмір бейнесі. Жастық шағын кім сағынбас. Жүктеген адам: Серік Зұлхаров.

АЛМАТЫДА ТҮСІРІЛГЕН ФОТОЛАР

«Жастар дінге бет бұрды» фотосымен екінші орынды (сыйлығы – Canon фотоаппараты) ұтып алған Мирас Болатбаев марапаттау сәтіне келе алмады. Алдын ала Азаттыққа телефон соққан Мирас:

– Әуесқой фотографпын. Тек тойларға сурет түсіремін. Ал ұсынған суретім жаз айында, Қалқаман мешітінде түсірілген, – деді.
Жастарымыз жаппай дінге бет бұрды. Жүктеген адам: Мирас.
Жастарымыз жаппай дінге бет бұрды. Жүктеген адам: Мирас.

«Жастар бейнесі» фото-байқауының үшінші жүлдесін (сыйлығы – eReader Nano электрондық кітап оқығыш) ұтып алған Сәрсен Қызайбек те кәсіпқой фотограф.

Сәрсен Қызайбек негізгі мамандығы оператор екенін, Жүргенов атындағы өнер академиясын бітіргенін, сурет түсіруге бала күнінен әуес болғанын айтты.
Фотограф Сәрсен Қызайбек (оң жақта) суретін қалай түсіргенін әңгімелеп отыр . Алматы, 25 қаңтар 2013 жыл.
Фотограф Сәрсен Қызайбек (оң жақта) суретін қалай түсіргенін әңгімелеп отыр . Алматы, 25 қаңтар 2013 жыл.

– «Концертте» деп аталатын бұл сурет осы Алматыда түсірілген. Жыл сайын қыркүйек айының ортасында қала күніне орай мәдени іс-шаралар көп өтеді. Мынау – сол қала күніне орай орталық стадионда өтіп жатқан концерт, – деді фотограф.

Стадионда кілең жастар екенін, сыртта да кіре алмай жүрген адамдар көп екенін байқаған фотограф суретті сахнаның арт жағындағы биіктеу жерге шығып түсіргенін айтты.

– Батыс әуендеріне, жеңіл әуендерге жаны құмар кілең жастардың айғайлап жатқаны назарымды аударды, – дейді Сәрсен Қызайбек.
Концертте. Жүктеген: Сәрсен.
Концертте. Жүктеген: Сәрсен.

Байқауға жіберілген фотолар Азаттық радиосының әлеуметтік желілердегі парақшасында да жарияланып тұрды. Facebook парақшасында ең көп дауыс жинап, Nikon фотоаппаратын ұтып алған «Менің ағам жануарларға тағам беріп жүр» атты фотоның иесі Асан Қуанышкереев Атырауда тұрады.
Атыраудағы Асан Қуанышкереев Азаттықпен Skype арқылы байланыс сәтінде. 25 қаңтар 2013 жыл.
Атыраудағы Асан Қуанышкереев Азаттықпен Skype арқылы байланыс сәтінде. 25 қаңтар 2013 жыл.

– Суретті жазда Алматыға қыдырып барғанда түсіргенмін. Суреттегі адам – досым Қайдар Ізғалиев, – деді Халел Досмұхамбетов атындағы университетінің студенті Асан Қуанышкереев Skype арқылы Азаттық тілшісімен сөйлескенде.

Оның сөзін Қайдар Ізғалиев те растады.

– Алматыға келген Асанды қыдыртып жүргенде түскен едім. Суретте тұрған – менмін, түсірген – Асан, – деді ол.
Менің ағам жануарларға тағам беріп жүр. Жүктеген адам: Қуанышкереев Асан.
Менің ағам жануарларға тағам беріп жүр. Жүктеген адам: Қуанышкереев Асан.

2012 жылы қарашаның 20-сы күні басталып, биыл қаңтардың 20-сына дейін жалғасқан фото-байқау кезінде 400-ге тарта сурет келіп түсті. Оқырмандар суреттерін Азаттық вебсайтындағы «Хабар – сізден» айдары арқылы, кейбірі сайттың iPhone немесе Android нұсқалы смартфон қосымшалары арқылы жүктеді.

Қазіргі Қазақстандағы жастар өмірінің әрқилы маусым мен жағдайдағы сәтін бейнелейтін түрлі кейіпкерге толы қызықты галерея Азат Еуропа/Азаттық радиосының басқа тілдердегі сайттарында да жарияланды.

Азаттық радиосы ақпан айында тағы бір байқау өткізуді жоспарлап отыр.
XS
SM
MD
LG