Accessibility links

"Рипаблик" газеті журналистері наразылық танытты


"Рипаблик" газетінің журналистері сот алдында наразылық акциясын өткізіп тұр. Алматы, 7 ақпан 2013 жыл.
"Рипаблик" газетінің журналистері сот алдында наразылық акциясын өткізіп тұр. Алматы, 7 ақпан 2013 жыл.
Бүгін оппозициялық "Рипаблик" газетінің журналистері Алматыда мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының алдында наразылық акциясын өткізді деп хабарлайды Азаттық тілшісі. Осы сотта бүгін тыйым салынған "Голос Республики" газетінің редакторы Татьяна Трубачеваның ісі қаралуы тиіс еді.

Журналистер Қазақстан үкіметінің тәуелсіз ақпарат құралдарын қудалауына қарсылық білдіріп, журналистиканы әжуалайтын плакаттар ұстап шыққан. Олар карикатуралар "Қазақстан билігінің журналистиканы қандай түрде көргісі келетінін бейнелейді" деп санайды.

Татьяна Трубачеваға 5 ақпанда Алматы қаласы Медеу ауданының прокуроры "сот актісін қасақана орындамады" деген бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны туралы ескерту жасаған еді. Наразылық білдірген журналистер 6 ақпанда прокурорлар "Рипаблик" газетінің редакциясына келіп, басылымның басқа журналистеріне де ескерту тапсырмақ болғанын айтады.

Өткен жылдың соңында бірқатар оппозициялық ақпарат құралдары - "Республика", "Взгляд" газеттері мен "Стан Кз", "К+" телеарналары сот шешімімен жабылған еді. Ескерту осыдан екі апта бұрын шыға бастаған жаңа "Рипаблик" газетінің пайда болуымен байланысты.
XS
SM
MD
LG