Өткен аптаның сурет баяны
25 – 29 наурыз 2013 жыл

1
«Бесоба» ісі бойынша алғашқы адам жазаға тартылды. Қарағанды облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бұрынғы бастығы Александр Воробьев үш жылға бас бостандығынан айрылды. Ақпан айында тұрғын үй кешенін қабылдап алған комиссияның бұрынғы төрағасы Виктор Иванов пен облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасының бұрынғы бас маманы Дәулет Алтынбеков, «Бесоба» үйін қабылдап алған ресми адамдар Сергей Грибенщиков пен Татьяна Гук рақымшылық заңы арқылы босап шыққан. Суретте: «Бесоба» ықшам ауданындағы қираған бес
қабатты тұрғын үйдің үйіндісі. Қарағанды, 6 сәуір 2012 жыл.

2
Қарағандыда «полицейлерге күш қолданды» деп айыпталған 16 жастағы Владимир Маурерге (суретте) қатысты бесінші сот отырысы өтті. Ал оны «сабаған» полицейлер ісі әзірше сотқа жеткен жоқ.

3
2012 жылы 29 қазанда Қарағандыда ағайынды Маурерлер мен тоғыз полицейдің арасында қақтығыс болған. Владимир Маурер бір істе – «полицейлерге күш көрсетті» деп айыпталған адам, екінші істе – егізі Вадим екеуі «полицейлердің соққысына жығылған» жәбірленуші. Суретте: Айыпталушы Владимир Маурердің сыңары Вадим Маурердің «ауруханаға түскендегі суреті». (Суретті берген анасы Наталья Маурердің айтуынша).

4
Наурыздың 28-інде Астанада төтенше жағдайлар департаментінің 70-ке жуық қызметкері «заң бұзып», «қосалқы жұмыс істегені үшін» жұмыстан шығарылды. Көрнекі сурет.

5
Көп балалы оралмандар отбасына наразылық шарасынан кейін құжат берілді. Күтуден төзімі таусылған Қаспайлар жанұясы Наурыз қарсаңында үйдің қақпасына «Көші-қон қызметіне сенбейміз!» деген сөздер жазылған плакаттар іліп тастаған болатын. Суретте: Оралман Сәуле Қаспайдың төлқұжатындағы балаларының суреттері. Алматы облысы Ешкіөлмес ауылы,наурыз 2013 жыл.

6
Алматы облысы ІІД баспасөз хатшысы Көбейхан Нұрахмет «өз ісіне салдыр-салақ қарап, азаматтық рәсімдеу құжаттарын сиырқұймышақтатып келген қызметкерлердің жұмыстан шығарылғанын» хабарлады. Суретте: Көп балалалы ана, оралман Сәуле Қаспай. Алматы облысы, Ешкіөлмес, наурыз 2013 жыл

7
Ешкіөлмес ауылындағы Сәуле Қаспай үйінің дуалына ілінген плакаттар. Алматы облысы,наурыз 2013 жыл.

8
Америкалық журналист Моника Фридлэндер халықаралық коньки федерациясы мен халықаралық олимпиада комитетінің атына петиция жазып, мәнерлеп сырғанаудан әлем чемпионатының алтын медалін қазақстандық Денис Тенге беруді өтінді.