Accessibility links

Қазақстандық күдікті әкесімен кездесті


Диас Қадырбаев (оң жақтан бірінші) пен Азамат Тәжаяқов (оң жақтан екінші). (Фото Facebook әлеуметтік желісінен алынды).
Диас Қадырбаев (оң жақтан бірінші) пен Азамат Тәжаяқов (оң жақтан екінші). (Фото Facebook әлеуметтік желісінен алынды).

Бостондағы жарылысқа байланысты күдікке ілінген үш студенттің бірі Азамат Тәжаяқовтың әкесі ұлына жолыққан соң «АҚШ сотына сенетінін» айтты. Ал күдікті Робел Филлипос кепіл төлеп, уақытша босап шықты.

«Бостондағы оқиғаға байланысты тергеу ісін шатастырмақ болды» деп айыпталған қазақстандық екі студенттің бірі Азамат Тәжаяқов әкесі Әмір Исмағұловпен кездесті деп хабарлайды CNN.

«АҚШ СОТЫ ӘДІЛДІГІНЕ ЖЕТЕР»

Күдіктінің әкесінің айтуынша, ол ұлымен өткен аптада жолығып, 40 минут сөйлескен. Кәсіпкер, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Әмір Исмағұловтың сөзіне қарағанда, ұлы әлдебір ісі теріс болғанын білмеген. «Жастар кейде қателеседі ғой» деген Әмір Исмағұлов ұлының «беймезгіл уақытта сәтсіз жерде сәтсіз адамдарға жолығып қалғанын» айтады. Күдіктінің әкесі «АҚШ соты бұл істің анығына жетіп, баламды босатар» деп үміттеніп, ұлы да соған сенетінін айтады.

Әмір Исмағұловтың сөзінше, баласы Азамат АҚШ-қа тәнті болып, сол елге баруға құмартқан. «Ол инженердің оқуын оқып, мұнай саласында жұмыс істегісі келген» дейді күдіктінің әкесі.
Азамат Тәжаяқовтың әкесі Әмір Исмағұлов.
Азамат Тәжаяқовтың әкесі Әмір Исмағұлов.

Исмағұлов ұлының Джохар Царнаевқа көмектескісі келмегенін айтады. Студент Азамат Тәжаяқов «Диас Қадырбаев екеуіміз Царнаевқа көмектескіміз келсе, оның рюкзагын көміп тастар едік» деген. Тергеушілер фейерверк құтылары салынған рюкзакты екі күннен кейін қоқыстан тапқан еді.

Бұған дейін екінші күдікті Диас Қадырбаевтың әкесі Мұрат Қадырбаев та ұлына тағылған айыптың «қисынсыз» екенін айтқан. «Америка соты әділдігін айтып, балаларымыздың ешбір айыбы жоқтығы дәлелденеді деп сенемін» деген ол ақпарат құралдарына берген сұқбатында. Мұрат Қадырбаев ұлының «бірнеше сабақтан қалғанын» да сөз еткен.

Диас Қадырбаевтың Массачусетс-Дартмут университетіне түсе алмай қалғаны Бостон оқиғасынан кейін жария болған еді. Университет мұнда оқитын Азамат Тәжаяқовтың ары қарай оқу-оқымауы туралы шешім шығармай, соттың ақырын күтіп отыр.
Диас Қадырбаевтың әкесі Мұрат Қадырбаев.
Диас Қадырбаевтың әкесі Мұрат Қадырбаев.

АЙЫП

Бостондағы жарылысқа қатысты күдікті Джохар Царнаевтың әрекетін жасырмақ болды деп айыпталған үш адам – қазақстандық Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев, АҚШ азаматы Робел Филлипос 1 мамырда сотқа тартылған.

Царнаевпен бірге оқитын студенттер Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевқа «тергеу ісін шатастырмақ болды» деген айып тағылды. Ал Робел Филлипос «тергеушілерге жалған мәлімет берді» деп айыпталды.

Тергеушілердің дерегінше, Бостон оқиғасынан 3 күн өте, күдіктілердің суреттері теледидар мен интернетте жарияланған кезде Қадырбаев Царнаевқа «бір сурет саған қатты ұқсайды» деген SMS жазған. Царнаев оған «LOL (laugh out loud - күлу мағынасын беретін қысқарған сөз - ред.). Маған ештеңе жазба. Бөлмеме барып, керек нәрсенің бәрін алып кет» деп жауап берген.

Тергеушілердің айтуынша, Қадырбаев, Тәжаяқов және Филлипос үшеуі Царнаевтан SMS хабарлама алған соң, оның жатақханадағы бөлмесіне (Дартмуттағы Массачусетс университеті) барып, оның рюкзагын, ноутбугын, бос фейерверк құтысын, «бомба жасауға қатысы бар болуы мүмкін» деген қауіппен вазелин салынған құтыны да ала кетіп, қоқыс салатын ыдысқа тастаған. Кейінірек полиция ол заттарды қоқыстан тапты.
Диас Қадырбаев пен Джохар Царнаев. (Царнаевтың "ВКонтакте" желісіндегі суретінің скриншоты).
Диас Қадырбаев пен Джохар Царнаев. (Царнаевтың "ВКонтакте" желісіндегі суретінің скриншоты).

ТӨРТ ДОС

Диас Қадырбаев, Азамат Тәжаяқов, Робел Филлипос және Джохар Царнаев төртеуі (бәрінің жасы 19-да) университетке 2011 жылы күзде келгенде танысқан.

The New York Times басылымының жазуынша, қазақстандық екі студенттің Царнаев және Филлипоспен достасқаны оғаш көрінеді.

«Мұнайға бай Қазақстаннан АҚШ-қа оқуға жіберілген Тәжаяқов пен Қадырбаевтар бай отбасынан шыққан болса керек. Қадырбаев Facebook парақшасында Форт-Лодердейл (Флорида штаты) жағажайында, Дубайда жүрген суреттерін жариялаған. Тәжаяқов мұнайға бай Атыраудан екенін айтады. Ал Царнаев пен Филлипостың Кембридждегі үйлері - жұмысшылар тұратын ауданда, әрі тозығы жеткен ғимараттар» дейді басылым.
Қазақ студенттері (сол жақтан екінші - Азамат Тәжаяқов, үшінші - Диас Қадырбаев) Джохар Царнаевпен (төртінші адам) бірге. Фото әлеуметтік желіден алынды. 23 сәуір 2013 жыл.
Қазақ студенттері (сол жақтан екінші - Азамат Тәжаяқов, үшінші - Диас Қадырбаев) Джохар Царнаевпен (төртінші адам) бірге. Фото әлеуметтік желіден алынды. 23 сәуір 2013 жыл.

Бұрын Алматыда Диас Қадырбаевпен бірге оқыған оқушылардың бірі оны:

– Өте жұғымды бала. Достарымен араласқанды жақсы көреді. Оларға көмектесуге дайын, – деп сипаттайды.

Астанадағы Азамат Тәжаяқов оқыған «Мирас» мектебіндегі оқушылардың бірінің айтуынша, Азамат футболды жақсы ойнаған, футбол жарыстарына қатысқан.

– Мектептегі танымал спортшы болатын, «Мирас» мектебінің құрамасына қатысқан. Бәрімен дос болатын. Мұндай іс жасайтындай белгісі жоқ еді, – дейді ол оқушы Азамат Тәжаяқов туралы.
Диас Қадырбаев (сол жақта) пен Азамат Тәжаяқовтың 1 мамыр күнгі Бостондағы алдын-ала сот тыңдауындағы кескіні.
Диас Қадырбаев (сол жақта) пен Азамат Тәжаяқовтың 1 мамыр күнгі Бостондағы алдын-ала сот тыңдауындағы кескіні.

CCN-нің хабарлауынша, АҚШ-қа 1980 жылдары қоныс аударып, қазір әлеуметтік қызметкер болып істейтін эфиопиялық анасымен бірге тұратын күдікті Робел Филлипосты да достары «анасының қамын ойлайтын, қайырымды, жақсы бала», «баскетбол ойнайтын, антиамерикалық пиғылы жоқ жігіт» деп сипаттайды.

Сот құжатына қарағанда, Робел Филлипос бұрын мектепте өзімен бірге оқыған Джохар Царнаевты екі айдан бері көрмеген, онымен сөйлеспеген. Филлипос кампусқа 18 сәуір күні кешке кездейсоқ келіп қалғанын айтқан.

Әуелі виза тәртібін бұзғаны үшін тергеліп, кейін Бостон оқиғасына байланысты қамалған қазақстандықтар - Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевқа қатысты келесі сот отырысы мамырдың 14-і күні өтеді. Егер сот Қадырбаев пен Тәжаяқовқа тағылған айыптарды дұрыс деп тапса, онда екеуі 5 жылға дейін сотталып, 250 мың доллар айып төлеулері мүмкін.

Ал Филлипос айыбы дәлелденсе, 8 жылға дейін түрмеге қамалып, 250 мың доллар айып төлеуі ықтимал. Ол дүйсенбі күні 100 мың доллар кепіл төлеп үйқамаққа шықты. Робел Филлипос сотқа дейін электронды білезік арқылы бақылауда болады.

Сәуірдің 15-і күні Бостон қаласында дәстүрлі түрде өтетін марафон кезінде бомба жарылып, 3 адам мерт болып, 170-тен астам адам жараланды.

Арада бірнеше күн өткенде полиция ағайынды Тамерлан мен Джохар Царнаевтардың ізіне түсті. Тамерлан Царнаев сәуірдің 18-і күні полициямен атыс кезінде оққа ұшты, ал Джохар Царнаев сәуірдің 19-ы күні қала шетінде тірідей қолға түсті.
XS
SM
MD
LG